«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атыраулық кәсіпкерлердің алдынан қандай мәселелер туындайды?

2017 жылғы 21 Сәуір
- Атырау облысы
6803 просмотров

Бизнес үшін несиені қалай алуға болады және жер учаскесін қалай тіркеу керек?

Кәсіпкерлер палатасының Құрманғазы ауданы филиалының директоры Ұлықбек Өтегеновтың есептік жиынында ауыл кәсіпкерлері бизнесті несиелеу, жер учаскесін тіркеу мен өнімді өткізу мәселелерін көтерді.

Жиынға ауданның, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының басшылығы, мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен ұйымдардың, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жеке кәсіпкер Сатқан Қалиев тауарда Кедендік одақтың техникалық тәртібіне сәйкес сертификаттардың болмауынан туындайтын мәселелер жайлы айтты.

Құрманғазы ауданы шекараға жақын орналасқандықтан, ауылдағы кәсіпкерлер көршілес Астрахань облысынан сатып алады. Негізінен сертификаты жоқ арзан ұсақ тауарлар. Алайда, құзырлы органдар тексеру кезінде кәсіпкерлерге тауар бағасынан бірнеше есе көп айыппұл салынады.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев кәсіпкер Сатқан Қалиевтің айтқанын тыңдап, облыстағы өзге аудандарда да бұл мәселе ушығып тұрғанын жеткізді. Өңірлік палата бұл мәселені тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі департамент басшылығы мен облыстық прокуратураға дейін көтерді. Қорытындысы туралы кәсіпкерлерге хабарланады.

«Ақжонас» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Шаяхметов жанатын отынды облыс орталығынан тасуға мәжбүр екенін жасырмады. Мұнымен қоса, мал терісін өткізуде де мәселелер туындап отырғанын айтты, нәтижесінде өнім текке бүлінеді. Несиелік серіктестіктерді қаржыландыру жоқтығы да өзекті.

«Жанатын отынға қатысты айтсақ, қазір аудан басшылығы «Гелиос, «Қазмұнайгаз» секілді жанар-жағар май жеткізушілерімен келіссөз жүргізіп жатыр», ­– деп атап өтті Құрманғазы ауданының орынбасары Жандос Бектеміров.

Кәсіпкерлер көтерген өзге де мәселелердің шешу жұмыстарын Кәсіпкерлер палатасы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп атқарады. Тағы бір шаруа қожалығының басшысы Оразғали Алғаязов ауданда Орал-Каспий бассейн инспекциясының өкілдігін ашу туралы ұсыныс берді, себебі бүгінде суды ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға рұқсат алу үшін облыс орталығына баруға тура келеді.  

Жеке кәсіпкер Гауһар Болатбекова монополистердің үстінен шағым айтты. Іскер әйелдің айтуынша, газбен қамту мекемелерінің газ үшін алдын ала төлемді 100% төлеу керек деген талабы бизнесін дамытуға кедергі келтіріп отыр.

«Ай сайын нақты тұтынғанымыздан төрт есе артық төлеуге мәжбүрміз», – деп назаланды Гауһар Болатбекова.

«Көп кәсіпкерлер үшін мезі болған тақырып екені анық. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ жергілікті филиалы біздің өтінімдерімізге берген жауабында аталған мәселені облыс деңгейінде шеше алмайтындықтарын айтты, Астанадағы бас кеңсеге жүгіну керек», – деді өңірлік палата басшысы Асылбек Жәкиев.

Аудандағы кепілдік мүлік құнының арзандығы ­– ауыл бизнесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнесті жеңілдік шарттарымен микронесиелеу бағдарламасын қосты. Бұл тек моно және шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Пилоттық жоба Қазақстанның алты облысында іске асырылып отыр. Келешекте Атырау облысының кәсіпкерлері үшін де осы бағдарлама бойынша несие берілуі мүмкін. Әзірге өңірлік палата мамандары бизнеске – бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобаларға кеңес беру мен сүйемелдеу жұмыстарын жасауға дайын.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев есептік кездесуді аяқтай отырып, бизнес мәселесіне қатысты жеке қабылдау өткізді. Келген 11 адамға жеке бизнес ашу үшін грант пен несие алу, жер учаскесін тіркеу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және тағы басқа да өзекті мәселелерге қатысты жауап пен кеңес берілді,

Өткен жылы Кәсіпкерлер палатасының Құрманғазы ауданындағы филиалына  77 өтінім түскен, оның 30-ы бизнесті қорғауға қатысты. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде кәсіпкерлердің 69,4 млн теңге сомада мүліктік құқығы қорғалды.

Сервистік қызмет көрсту бойынша ауданда 1365 қызмет көрсетілген, «Бизнес-Кеңесші» курсынан 47 адам оқыған, ал «Бизнес-Өсу» жобасы бойынша 10 адам сертификат алған. Есептік кезеңде «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 50 аудан кәсіпкері 130 млн теңге шамасында несие алған, оның 43 жобасын Палатаның аудандық филиалы сүйемелдеген.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер