«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда жеңілдетілген қаржы үшін шағын несие ұйымын құруды ұсынды

2018 жылғы 03 Шілде
- Атырау облысы
6000 просмотров

Бұл ұсынысты Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен кәсіпкерлердің кездесуінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Абдолла Ыдырысов айтты

Өңірлік палата басшысының айтуынша, ауылдағы кәсіпкерлерде екінші деңгейлі банктерге қатысты мәселе жиі туындайды. Аудандарда банктердің филиалдары жоқ болғандықтан, олар облыс орталығын бірнеше мәрте қатынауға мәжбүр. Банктер ауылдық жердегі жылжымайтын мүлікті кепілдік ретінде қабылдаудан бас тартады, не болмаса, оның құнын айтарлықтай төмен бағалайды. Сондай-ақ еңбекақысы жоғары гранттың болуы да өзекті. Бұл мәселе облыс басшысымен өткен кездесуде тағы да көтерілді.

«Осыған орай Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарының жанынан шағын несие ұйымын құру ұсынысын білдірдік. Егер жергілікті билік қолдау көрсетсе, «Атамекен» ҰКП қаржы беруге дайын. Мұндай жоба Маңғыстау мен Қостанай облыстарында жүзеге асырылды. Бұл жобаның қағидасы – қаржының жартысын Ұлттық палата, екінші жартысын облыс әкімдігі бөледі. Бұл ақшаны ауылдағы кәсіпкерлер шағын несие ұйымдары арқылы жеңілдетілген талаппен ала алады», – дейді Абдолла Ыдырысов.

Бұл ұсынысқа облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ерекше қызығушылық танытты. Ол орынбасарлардан өңірде бұл жобаны жүзеге асырудың мүмкіндігі қаншалықты екенін сұрастырды.

«Бұл ұсыныс Іс-шаралар жоспарына енгізілді. Палата қажетті құжаттаманы рәсімдеу бойынша жұмысты атқарғанын күтіп отырмыз. Олар лицензия алып, шағын несие ұйымын құруы керек. Өз тарапымыздан қаржы бере аламыз, қаражат бар», – деді облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева.

«Ұсыныс жаөсы, ұйымдастыру жұмыстарын шұғыл бітіріп, осындай ұйымды құрып, ауыл тұрғындарының бизнеске қажетті несиені жеңілдетілген шартпен алуына жағдай жасау керек», – деп атап өтті өңір басшысы.

Бизнес үшін өзектісі газға алдын ала төлеу болып отыр. Бұл туралы бизнесмендер тағы да айтты.

«ҚазТрансГазАймақ» неліктен алдын ала төлемді талап етеді? Бұл кәсібін енді бастағандар үшін қиын. Бұл мәселе «Атырау-Жарық» кәсіпорнында шешілді, енді көрсеткішпен ғана төлейді. Екінші мәселе «РЦКУ-Атырау» ЖШС, газ жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету келісімшартын жасағанымен, олар тексеру жүргізбейді. Үшінші мәселе – кәсіпкерлік басқармасына бару қиын, басқарманы әкімдіктің бірінші қабатына орналастыруға болмас па екен?» – деп ұсыныс білдірді Қазақстан кәсіпкер әйелдері одағы Атырау филиалының төрайымы Айгүл Баямирова.

Облыс әкімі таяуда кәсіпкерлерге қызмет көрсететін толық форматты орталық ашылатынын, онда мемлекеттік органның өкілдері отыратынын, оның ішінде басқарма қызметкерлері де бизнеспен тікелей жұмыс атқаратындығын айтты. Ал қалған сауалдарға «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өкілі жауап берді.

«Газға алдын ала төлемге келсек, орталық аппаратта осы мәселе қарастырылуда, оны өздігімізбен шеше алмаймыз. Ал «РЦКУ-Атырау» ЖШС-ына келсек, басқа да ұйымдар бар, келісімшартты ауыстырсаңыздар болады». Себебі «ҚазТрансГазАймақ» ЖШС газ жүйесін тексерумен айналыспайды», – дейді компания өкілі Мақсат Әбуов.

Облыс әкімі «Атамекен» ҚР ҰКП орталық аппараты Энергетика министрлігімен бірге осы мәселені пысықтау үстінде екенін, таяуда шешілетініне үміт артатынын білдірді.

Сонымен қатар өңір басшысымен кездесуде кәсіпкерлер жер учаскесін алу, ауыл шаруашылығына қажетті судың тапшылығы, Атырауда технопарк құрылысы. Еркін экономикалық аймақ құру мәселелерін көтерді. Облыс әкімі әрбір мәселеге қатысты тиісті жұмыс атқарылатынын айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер