«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» шағын және орта бизнеске қандай нақты көмек көрсете алады?

2016 жылғы 02 Ақпан
27641 просмотров

Жобаларды сүйемелдеу жөніндегі қызметтер және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы ақпарат – ең үлкен сұранысқа ие.

Бизнесті сервистік қолдау «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі бағыттарынын бірі болып табылады. Алайда, жұмыстың дәл осы секторы халыққа онша мәлім емес. Оның себептері саналуан. Мұнда қолдауға ие болған бизнесмендердің телестудияның жарқ-жұрқ жарығына түсуді қаламауы да, кеңесшілердің өзінің танымал болудан қашқақтап, көптің көзіне түсуге қарсылығы да бар.  

Ал, осы сервистік қолдау –  ҰКП барынша тиімділікке қол жеткізген қызмет салаларының бірі. Осыған орай,  «Атамекен» шағын және орта бизнеске нақты қалай көмек көрсете алатыны жайында біз  ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотановпен әңгімелесеміз.

–  Төлеміс Садықұлы, бизнесті сервистік қолдау неден құралады және ол кімдерге көрсетіледі?

- Бірден ескертіп қояйын: бұл қызметтің нысандары – шағын және орта бизнес өкілдері. Білікті кеңесшілердің ірі штатын ұстайтын ірі компаниялар, әдетте, қызметтің бұл түріне мұқтаж емес. Сол себепті біздің клиенттеріміз ШОБ-тің аяғынан нық тұрған кәсіпкері, не болмаса осы жолға жаңа ғана қадам басқан азамат екені рас және солай болып қала береді.

2015 жылдан бастап Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметтің қаулысы бойынша және тапсырыс берушімен – ҚР Ұлттық экономика министрлігімен келісім шартқа сәйкес, «Бизнестің жол картасы – 2020» Бірыңғай бағдарламасы шеңберінде бизнесті қаржылық емес қолдау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Өткен жылы біз өз функцияларымызды бағдарламаның үш құрамдасы бойынша іске асырдық: бизнесті сервистік қолдау, ақпараттық кеңес беру және бизнес-оқулар. Осы элементтердің барлығы бір-бірімен өзара тығыз байланысып жатыр.

- Шынын айтсам, бірден мынадай сұрақ туындайды: нарық жағдайында 25 жыл өмір сүріп жатқан елде бизнеске үйретудің не керегі бар?

–  Сұрағыңыз орынды. Бірақ мен бұған дейін осымен айналысып келген институттардың іс-әрекетіне баға беруден аулақ болғым келеді. Мен тек қазір ғана, яғни, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы пайда болғалы бері бұл жұмыс жүйелі сипат алғанын айта аламын. Жалпы, бизнеске үйрету не үшін керек?  Біріншіден, біз Мемлекет басшысының елдің ЖІӨ-гі шағын және орта бизнестің үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асырамыз. Бүгін бұл көрсеткіш 25 пайыздан асып қалды. Екіншіден, кез келген клиентбағдарлы ұйым сияқты, сұранысқа қарай әрекет етеміз. Ал, ол өте жоғары және үнемі өсуде. Дәл осындай дағдарыс кезінде адамдар өз ісімен айналысу жөнінде шешім қабылдайтыны әлдеқашан белгілі. Бірақ, қалыптасқан жағдаят бойынша, тіпті нарықтық экономика жағдайындағы өмірдің 25 жылының өзінде көптеген адамдар неден бастау керектігін әлі күнге білмейді. Жаңа ғана тіркеуден өткен кәсіпкер бухгалтерлік есепке қатысты қиындықтар, бизнес-жоспарды құру проблемалары, конкурстық құжаттамаларды жасау, айналымдық қаражаттың жетіспеушілігі, не болмаса заңға қатысты проблемаларға тап болады... Және де, өкінішке орай, көбінесе жаңа бастаған бизнесмен осы мәселелермен бір өзі бетпе-бет қалады.

Дәл осы проблемалар кешенін «БЖК-2020» бағдарламасы шешіп береді, біз соның аясында жұмыс істейміз. Біздің мақсатымыз – кәсіпкердің ақпарат айдынында адасып қалмауына көмектесу және өзінің алдағы қызметінде дұрыс векторды таңдау.

- Сіз неден бастадыңыз?

–  Мен кеңесшілерді таңдаудан бастадым. Бизнеске нақты біліктілік талаптарына ие – білімі, сол салада жұмыс тәжірибесі бар нағыз кәсіпқой үйретуі тиіс екендігіне келісетін шығарсыз. Конкурс өте қатал өтті және соның нәтижесінде біз 800 адамды таңдап алдық және олар қазір Қазақстанның 16 өңірінде жұмыс істеуде.

–  Дәл қай жерде?

–  Қазір бізде Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары, бұл жұмыспен осы функцияларды Палатаға бергенге дейін айналысып келген құрылымдардың – Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының кеңселері түріндегі өз инфрақұрылымымыз бар. Жергілікті атқару органдары ҰКП-ны белсене қолдағанын атап айтқым келеді. Мысалы, Ақтөбеде облыстық әкімдік бізге КҚКО ғимаратын сенімгерлікпен басқаруға берді.

Жұмыс механизмі аса күрделі емес. Қалыптасқан немесе болашақ бизнесмен КҚО-на немесе КҚКО-на барып, өзін қызықтыратын кез келген сұрақ бойынша кеңес пен көмек алады. Банктен несие алу үшін бизнес-жоспар құру керек пе – мархабат, сізге маркетинг жөніндегі маман қызмет көрсетеді. Кәсіпорныңның визитка-сайтын дайындау қажет пе – ІТ-маманға жібереміз. Сегіз маман сізге кез келген кәсіби бағыт бойынша ақыл-кеңес береді.

- Мемлекеттің қолдау шаралары туралы ақпарат бұған кіре ме?

–  Әлбетте. Сізге өтірік, маған шын, жұмысқа келе салып, біз көптеген бизнесмендердің, тіпті осы салада үлкен тәжірибесі барлардың өзі, мемлекеттік қолдаудың қандай механизміне иек арта алатыны жөнінде түк білмейтінін көріп таң қалдық. Біз осы олқылықтың орнын толтыруға тиіспіз.

Тағы бір жағдайды атап айтқым келеді. Біз кеңесшілердің жұмысын қатаң қадағалаймыз. Олардың әрбір клиенті жұмыс аяқталған соң арнайы сауалнаманы толтырады, онда өзінің консультацияға қанағаттанғанын немесе көкейіне қонбағанын атап көрсетеді. Оған қоса, ҰКП-да байланыс-орталығы бар, осы жерге қоңырау шалып, кәсіпкер өз проблемасын айтып бере алады.  

- Сонымен бұл жұмыс қаншалықты тиімді? ҰКП-ның қолдауымен қанша жаңа өндіріс пайдалануға берілді?

– Жаңадан ашылған кәсіпорындар статистикасы жайында бірдеңе айту маған қиындау. Бұған дейін айтып өткенімдей, бізге жаңа бастағандар ғана емес, жұмысы жолға қойылған ШОБ субъектілері де жүгінеді. Біреулер жаңадан өз ісін бастаса, ал басқалары жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейткісі келеді. Дегенмен, бір нәрсені анық айта аламын: 2015 жылы біз 30 мыңнан астам кәсіпкерге көмек беріп, оларға 40 мыңдай қызмет көрсеттік. Ал, жоспардағы 140 мың кеңестің орнына біз 212 мың кеңес бердік. Бұның бәрі орындалған жұмыс актілерімен – біз тапсырыс берушіге беретін қаржылық есеп құжаттарымен расталады. Бұл жоспарда белгіленген көрсеткіштерді бірнеше есе асыра орындау екеніне назарыңызды аударғым келеді. Бірақ бұл сандар бір ғана компонент – сервистік қолдау бойынша ғана. Ал бұдан басқасы да толып жатыр. Мысалы, мен жоғарыда айтқандай – бизнес негіздерін үйрету.

– Бәлкім бұл туралы егжей-тегжейлі әңгімелерміз?

–  Мен бизнесмендердің мемлекеттік қолдау шараларына сүйене алатыны  жөнінде айтып өттім. Бірақ мемлекет бұл көмекті немен және қалай айналысатынын білетін, бизнестің негізгі ұғымдарымен таныс, өз әрекетінің нәтижелері үшін жауапкершілікті өзіне алатын адамға көрсетіп жатқанына сенімді болуы тиіс. Оған қоса, кез келген бизнесменнің жұмысына ілесе жүретін көлденең кедергілер де бар.

Бизнеске үйрету бізде екі кезеңнен тұрады. Бірінші – «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы. Бұл деңгейде біз ең қарапайым және қажетті маркетинг, бухгалтерлік есеп, кәсіпкерлік туралы қолданыстағы заңнама ұғымдарына түсінік береміз. Мұнда бизнес жұмысының сызбалары ұсынылады. «Бизнес-кеңесші» курсынан өткендер арнайы сертификат алады, бұл оларға кейіннен мемлекеттік органдардың қолдауын алу үшін жүгінуге құқық береді.

Екінші кезең –  «Бизнес-өсу» – анағұрлым машықтанған клиентке есептелген. Бұл деңгейде бизнесті жүргізудің бүкіл қажетті практикалық дағдылары мен әдістері үйретіледі.

Және де, ең соңғы үшінші элемент – жобалық оқыту, оның барысында біз кәсіпкерлер топтарын жұмыс істеп тұрған нысандарға жібереміз. Расында да, кейбір кезде тек теориялық білімдер аздық етеді. Адамның өз қолымен  «ұстап көргені» маңызды. Тәжірибелі, нарықтағы өз орны үшін күресте шыңдалған бизнесмендер өзін мысалға келтіре отырып, жұмыстың егжей-тегжейлері мен нюанстары жайлы айтып береді. Бұл курстың өзіндік салалық ерекшелігі бар. Айталық, болашақ фермерді біз бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан сүт фермасына жібереміз, оның қожайыны осы саладағы жұмыстың құпиялары жайында айтады, өзінше бір шеберлік сабағын өткізеді.

Біздің жұмыстың көрсеткіштері жайында айтсам. Жоспардағы 12 мың кәсіпкердің орнына  біз 15 мың адамды бизнес негіздеріне үйреттік. Яғни, мұнда да біз жоспарды асыра орындадық.  

- Палатаның қолдауы сұранысқа ие бизнес-жобаның іске асуына көмектескеніне нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

–  Мен бір ғана санды келтірейін: 2880 кәсіпкер біздің орталықтарда оқытудан өткеннен кейін қаржыландыруға қол жеткізді. Бұл, негізінен, әрине, ШОБ: жылыжай шаруашылықтары, мал шаруашылығы, қызмет көрсету секторы – моншалар, шаштараздар, ателье, химиялық тазалау... Біз кәсіпкерге бизнес-жоспарды рәсімдеуге көмектесеміз, ол банкке барып, өзінің идеясын іске асыруға арналған қаражатты алады. Яғни, біздің жұмыстың арқасында, салық төлейтін және жаңа жұмыс орындарын құратын көптеген кәсіпорын пайда болды. Тағы да атап өтемін: бұл тек жаңадан ашылған кәсіпорындар. Ал біз жұмыс істеп тұрған бизнеске де ақыл-кеңес береміз.

–  Одан әрі қалай? «Атамекен» ҰКП қызметінің осы бағытының келесі даму кезеңі қандай болмақ?

Бүгінгі міндетіміз – көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру. Дегенмен, байланыс-қызметінің деректері көрсеткендей, КҚО және КҚКО-на жүгінген кәсіпкерлердің 95%-ы  тұтастай қанағаттанады, сондықтан да біз бұл жұмысты жалғастырғымыз келеді. Бұл үшін не керек? Біз бүкіл үдерістерді барынша стандарттауды, есеп-қисап жүйесін енгізуді, адами фактордың ықпалын азайтуды көздейміз.  Басқаша айтқанда, біздің клиентіміз өз мәселесін тұжырымдап айта салысымен, өз шешімдерінің дайын кейсіне ие болады. Әрине, қашанда жекелеген нюанстар болатыны белгілі, бірақ кейбір іргелі заттар стандартталуы тиіс. Яғни, нақты бір адам келіп, сұрағын қояды, бұл кезде бізде дайын жауап болуы қажет. Кеңесші келген адамды түрлі нюанстардың жай-жапсарына бойлатуы тиіс екендігі түсінікті, бірақ жалпыға ортақ іргелі негіздер стандартталуы және бүкіл Қазақстанға бірдей таратылуы қажет.     

Сапа бағасы жүйесінде біз нақты адамды көргіміз келеді. Нақты  Иванов, Петренко, Оразбаев пен Ахметов біздің жұмысымызға қаншалықты қанағаттанды? Ол дәл қандай қызмет алды? Біз мұны бірыңғай автоматтандырылған платформа құру жолымен шешкіміз келеді. Бірақ бұл болашақтың мәселесі, әл, әзірше, біздің телекоммуникациялық компаниялардың тәжірибесі бойынша, СМС жіберуді енгізгелі жатырмыз. Клиент СМС-хабарлама жіберу жолымен КҚО жұмысын бағалай алады.

Оған қоса, біз зерттеу жүргізіп, клиент-кәсіпкерлер бізден нақты нені күтетінін анықтадық. Сонымен, жобаларды сүйемелдеу қызметі және мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі туралы ақпарат ең үлкен сұранысқа ие екені анықталды. Бүгін біз бұл мәселені тапсырыс берушіміз – ҚР Ұлттық экономика министрлігімен талқыладық, және де алдағы уақытта осы екі элементті, қызметтің екі түрін енгізу жөнінде келістік.

Әрі қарай қандай бағытта жүреміз? Бәлкім, біз бкәсіпкерлерге арналған бүкіл қызметтер кешенін Палатаға шоғырландыратын шығармыз. Біздің КҚО мен КҚКО «бір терезе» әдісімен жұмыс істегені маңызды. Бізге келген бизнесмен өз кәсіпорнын тіркей де алады, бүкіл рұқсатнамалық құжаттарды рәсімдей де алады, және тіпті өз қызметінің, өз жобасының бағыт-бағдарын таңдай алады. Мұнда оған «Атамекен» ҰКП әзірлеген бірегей құрал – Өңірлік даму картасы көмектесе алатыны сөзсіз. Онда ерекше ақпарат жинақталған. Картаның көмегімен кәсіпкер бәсекелес нарықта өз тауашасын, инвесторды, шикізатты таба алады, энергиямен жабдықтаушы ұйыммен және өз өнімін сатып алушылармен келісім жасайды. Себебі, өткізу нарығын іздестіру бүгінгі таңда бизнесте бірінші орында тұрғаны ешкімге құпия емес.  

Осылайша, біздің бизнесті қолдауымыз одан да нақты формаға ие болатынына сенімдіміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер