«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер палатасы: «Жалған ақпаратқа емес, нақты сапаға мән берейік»

23 Шілде 2019 - Қызылорда облысы
1352 просмотров

Соңғы кезде кәсіпкерлердің шығарып жатқан өнімдеріне қатысты шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып, халықтың отандық өнімдерге деген көзқарасын өзгертушілер қатары көбейе бастады.

Әлеуметтік желі арқылы таратылған жалған ақпараттың зияны тиген компаниялардың қатарында қызылордалық «Аралтұз» АҚ мен «Байдала» ЖШС бар. Екі компанияға қатысты да жалған мәлімет әлеуметтік желі арқылы жолданған.

«Аралтұз»-ға қатысты компанияның қытайлықтарға сатылып кеткені, сол арқылы тұз сапасының төмендейтіні айтылса, «Байдаланың» күрішіне қатысты «өнім сапасыз» деген сарында бейнематериал таратылған.

«Біздің өндіріп отырған өнімдеріміздің сапасы күн сайын тиісті органдармен тексеріліп отырады. Сапа жағына келгенде біз өте қатаң қадағалауда ұстаймыз. Оның үстіне «Аралтұздың» өнімдерінің үштен екісі шетелге экспортқа шығарылады. Экспорт арқылы алатын елдер де біздің өнімдерімізде жіті тексереді», - дейді «Аралтұз» АҚ-ның вице-президенті Евгений Король.

«Байдала» ЖШС шығаратын өнімнің сапасына қатысты «Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ Қызылорда филиалының басшысы Мейрамбек Серікбай да пікірін білдірді.

«Біздің облыста зауытта өндірілетін және экспортқа шығарылатын күріштер үш тексеруден өтеді. Олар сәйкестік сертификаты, карантиндік сертификаты және сапа сертификаты. Сапа сертификатынан өту үшін заводтан шыққан күріш өнімдерінің сынамасы алынып, тексеруден өткізіледі. Қаптың мойнындағы түпнұсқасында шыққан ауысымы, мерзімі жазылып тұрады. Бейнероликті түсірген азаматтар күріштің сапасыз екендігін шын мәнінде дәлелдегісі келсе күріш қабын көрсетуі қажет еді. Халыққа айтарым, қалтадан келген, тарелкадағы шығу тегі белгісіз күріштерге сенбеңіздер. Облыс дихандары республикадағы күріштің 80 пайызын өндіреді. Біздің аймақта өндірілетін күріштердің бұрын 20-30 пайызы ғана шығатын болса, қазір 70 пайызы экспортқа шығарылады. Сондықтан да біздің өңірдің күріші туралы жалған ақпарат тарату қисынсыз тірлік. «Байдаланың» күріші сапалы, халық тұтынып жоғары бағасын алып жүрген, экспортта сұранысқа ие өнім», - деді.

Ерекше тоқталған жөн, бүгінде екі компанияға қатысты жағдай «Атамекен» ҰКП, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Ішкі істер органдары арқылы бақылауға алынып, кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетілуде.

Атап айтқанда, «Atameken Channel» каналындағы «Наше дело» бағдарламасы арқылы, Кәсіпкерлер палатасының, облыс әкімдігінің дер кезінде ұйымдастырған баспасөз мәслихаттары арқылы кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсетілді.

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Серіктестер