astana-view

Толағай туралы аңыз

Шығыс Қазақстан облысы

Бұрынғы өткен заманда апайтөс Арқаның бел ортасында бір қауымды жұрт өмір сүріпті. Жағалары жайлауда, жандары рахатта тамаша ғұмыр кешіпті. Шұрайлы жерден қоныс алған, малға да, жанға да бай өлкенің тұрғындарының «Бізде барлығы да бар. Тек сол мал-жанды қорғайтын батырымыз болса екен», - деген бір ғана арманы болыпты.

Күндердің күнінде бір отбасында алтын айдарлы алып бала дүниеге келіп, ел-жұрты үлкен той жасайды. Сол бала  жыл санап емес, күн санап ержете бастайды. Туған-туысқандары да көркейіп келе жатқан баланы өз атымен атамай, көз тимесін деп, Толағай атап кетеді.

Күндердің бір күнінде жерге бір тамшы жаңбыр жаумай, қуаңшылық тартып, ел күйзеліске ұшырайды. Халықтың басына түскен мұндай ауыртпалық Толағайды да қатты мазалапты. Сонан соң Толағай Дана деген қарт ақсақалға барып ақыл сұрапты.

Сонда қарт: «Қарағым, Толағай, біздің жеріміз жазық, бұлт үйіріліп тоқтайтын тауы жоқ. Жаңбырдың болмауы сол себептен», - дейді. Бұған Толағай: «Ата, сіз рұқсат етсеңіз, мен барып бір жерден тауды арқалап алып келсем болмай ма?» - деп тіл қатады.

Сонда қарт: «Шырағым, Толағай, еліңді ойлап егіліп тұрсың-ау! Тау арқалап әкелу оңай болмас, дегенмен, ондай талабың болса, оңтүстік өлкеде Алатау деп аталатын алып таулардың ақсақалы бар. Рұқсатты сонан сұрайсың», - деп батасын береді.

Сөйтіп, Толағай сапарға шығып, арада ай, жыл өткенде ақ басты Алатауға жетіпті. Ақсақалға «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріп, өзінің талап-тілегін айтыпты. Маңғаз Алатау талапты ерге зор қошемет көрсетіп, етегінде орналасқан бала тауды Толағайға арқалатып қоя береді. Ол алғашқыда аяғын ширақ басқанымен, иығына түскен салмақ еңсесін езіп, бірте-бірте әлсірете бастайды. Арада көп уақыт өтеді. Арқасында тау, әлсіреген, қансыраған Толағай елінің шетіне іліге бере, тізесі бүгіліп құлап түседі де ұйқыға кетеді. Арқалаған тауы батыр жігіттің үстінен басып қалыпты. Сонан бері  Толағай батыр күні бүгінге дейін тау астында ұйықтап жатыр екен, ал тау Толағай деп аталып кетіпті.

Еншілес ұйымдар

Серіктестер