«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атыраулық оқушылардың бизнес-жобасы әлемдік деңгейде мойындалды

2015 жылғы 19 Тамыз
- Атырау облысы
12747 просмотров

«SAGE World Cup-2015» ХІІІ әлемдік біріншілігінің қорытындысы бойынша атыраулық оқушылардың бизнес-жобасы жартылай финалда «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» Лигасында құрметті екінші орынға ие болды.

Халықаралық байқауға әлемнің 20 елінен келген өкілдер қатысқанын, және де атыраулық оқушылардың осындай көлемдегі бизнес-жобалар жөніндегі сайысқа алғашқы қатысуы екенін ескере отырсақ, бұл жеңіс өңір үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін үлкен маңызға ие.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында әлемдік біріншілікке қатысқан оқушылар мен олардың тәлімгерінің қатысуымен брифинг өтті. Жеткіншектер журналистермен кездесу барысында сапардан алған әсерлерімен бөлісіп, байқауға қатысудың берген пайдасын айтып берді.

«SAGE Kazakhstan» халықаралық білім беру бағдарламасының жоғары сынып оқушыларын кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды тұспалдайтынын еске саламыз. Бағдарламаның мақсаты – жаһандық ойлауға ие бизнес-көшбасшылардың жаңа буынының қалыптасуына, олардың әлемдік бизнес-қоғамдастыққа интеграциясына септесу.

Биыл XIII әлемдік «SAGE World Cup-2015» біріншілігі 7-10 тамыз аралығында Оңтүстік Кореяда өтті. Бизнестің түрлі бағыттары бойынша Еуропа, Солтүстік Америка, Африка және Оңтүстік Азия елдерінен келген қатысушылар өз жобаларын таныстырды. Қазақстаннан Сайысқа екі команда қатысты: Астана қаласының оқушылары «Әлеуметтік кәсіпкерлік» бағыты бойынша еріктілерге арналған мобильдік қосымша жобасын ұсынды, ал Атырау облысынан барған жеткіншектер «Әлеуметтік жауапты бизнес» бағыты бойынша құс өсіру жөніндегі жобаны таныстырды.

«Байқауға қатысу көптеген жаңа да пайдалы дүниелерден хабар алуға мүмкіндік берді. Басқа елдерден келген қатысушылар ұсынған қызықты бизнес-жобалармен таныстық. Сонымен қатар, күллі әлемнен жиналған танымал кәсіпкерлермен араласу мүмкіндігін алдық. Егер келесі жылы әлемдік біріншілікке тағы да жолдама ұтып алып жатсақ, осындай жоғары алаңда бизнес-жобамызды қалайша ойдағыдай қорғап, таныстырып шығу керектігін білетін боламыз», - дейді байқауға қатысушы Жантас Қайрат.

Келесі қатысушы Нұрбек Серікбаевтың ойынша, олардың құс өсіру жөніндегі жобасы қазылар алқасының назарын импорттың орнын толтыруды болжағандықтан аударған. Яғни жеке өндірісте құс өсіре отырып, олар әкелінетін еттің мөлшерін төмендетуді жоспарлайды.

«Дәл осы жобаны таңдауымыз кездейсоқ емес. Атырау өңірінің мұнай-газ өндіретін өңір екенін ескере отырып, қазірде ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Мектеп оқушыларын мектеп қабырғасынан бастап осы бағытта оқыта отырып, болашаққа кадрлар дайындап жатырмыз. Бизнес-жоспарымызды әзірлеуде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шығарған «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» анықтамалығының көп көмегі тигенін айтып өткім келеді», - дейді атыраулық команда тәлімгері Мартагүл Қанатова.

Оқушылардың Атырау қаласындағы жас табиғат зерттеушілер станциясының тәрбиеленушілері екенін атап өту керек. Бүгінде «Жас кәсіпкер» үйірмесінде 60 бала білім алып жатыр. Олардың әрқайсысы табысты бизнесмен болуды армандайды. Ал бұл процесте осындай байқаудың ролі сөзсіз маңызды.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер