«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өндірістің тоқтап қалуын болдырмады

2015 жылғы 29 Қыркүйек
- Атырау облысы
11265 просмотров

Теңгенің еркін бағамы Ресеймен шекаралас аудандар кәсіпкерлері үшін ықтимал тәуекелдердің алдын алды

Теңгенің еркін бағамға көшуі Ресеймен шекаралас өңірлер кәсіпкерлері үшін ресейлік рубль құлдырауымен байланысты орын алуы мүмкін үлкен тәуекелдерден дер кезінде құтылуға мүмкіндік берді. Атырау облысындағы ауылшарушылық өнімдерін ірі өндірушілердің бірі, «Первомайский» ЖШС директоры Аманжол Есқараев осындай пікір білдірді.

«Ресейде рубль құлдыраған кезде жергілікті нарыққа көршілес РФ Астрахан облысынан келген арзан өнім, әсіресе ауылшаруашылық өнімдері толып кетті. Біздің аграрийлерге оңай соқпады, себебі олардың өнімі – жылдам бүлінеді, үнемі өткізіліп отыруға тиіс. Біз тіпті өңірдегі ірі тауар өндіруші бола тұрып, өнім бағасын айтарлықтай төмендетуге мәжбүр болдық. Теңгеге еркін бағам белгіленуі аталмыш жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік беріп, жергілікті өнім қайтадан өз тұтынушысымен қауышты, өндірісті тоқтату, жұмыс орындарын қысқарту сияқты үлкен шығындардан құтылдық», - деп есептейді Аманжол Есқараев.

Қазіргі ахуалдың тағы бір жағымды тұсы, аграрийдің ойынша, бұл отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін жағдай жасау.

«Жаңа ақша-кредит саясатын енгізу валюталардың тербелу бағамына тәуелді болмау керектігін түсінуге сеп болды. Өніміміз кез-келген нарықтық жағдайда бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде. Егер тауарың сапалы, халықтың барлық талаптары мен қажеттіліктеріне сай келетін болса, онда ол, бағасына қарамастан, үнемі сұраныста болады. Қазір бәсекеге қабілеттілік мәселесі ерекше өзекті. Себебі алда Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру тұр», - деп атады серіктестік басшысы.

Бүгінде шаруашылықта 2000 бастан астам ірі қара, 850 түйе мен 500-ден астам жылқы бар. Мұнда жергілікті халық арасынан шамамен 400 адам жұмыспен қамтылған. Серіктестіктің тауарлы-сүтті фермасы бүгінде 10-нан астам сүт және қышқыл сүт өнімдерін шығарады. Халық тарапынан өнімге деген сұраныстың көтерілуін ескере отырып, шаруашылық үстіміздегі жылдың соңына дейін сүт өндіру көлемін тәулігіне 10 тоннадан 15 тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.


Ұқсас жаңалықтар:

Жаңа бағам – жаңа мүмкіндіктер
27 Тамыз
2015
Ақтөбе облысы
Тұрақтануға деген үмітпен
27 Тамыз
2015
Батыс Қазақстан облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер