«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда жыл кәсіпкері таңдалды

2015 жылғы 29 Желтоқсан
- Атырау облысы
15361 просмотров

«Жылдың үздік кәсіпкері» марапаттаау шарасы 16 рет өткізілуде

Жеті номинация бойынша үздік атану үшін 50-ден астам кәсіпкер сайысты. Ал «Бизнес қызметі – балаларға» номинациясы үстіміздегі жылы алғаш рет қосылған еді. 

Іс-шараны Атырау облысы Кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағы ұйымдастырды. Салтанатқа мемлекеттік органдар, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы өкілдері және басты кейіпкерлер - бизнес субъектілері қатысты.

«Бүгінгі таңдағы бизнесті еліміздің тәуелсіздік алған жылдарындағы бизнеспен салыстыруға келмейді. Бүгінде отандық бизнес аяғына нық тұрған. Осының бәрі мемлекет тарапынан жасалып жатқан қуатты қолдаудың арқасы. Өңірге қатысты айтар болсақ, қазірде инновациялық жобалардың көп екенін, соның ішінде ауылшаруашылық саласында бірқатар бірегей жобалардың жүзеге асырылғанын атап өткім келеді. Бұған агроөнеркәсіп кешенін дамытуға көп көңіл бөлген жергілікті билік көп үлес қосты. Бизнесті дамытуға бар жағдай жасалған. Сондықтан да кәсіпкерлердің адал жұмыс жасап, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше назар аударғаны ғана жеткілікті», - деп атады салтанатты рәсімде Атырау облысы Кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия Бекқожиева.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, байқау кәсіпкерлердің жұртшылыққа өзін танытуына мүмкіндік береді. Қатысушылардың қарасы жыл өткен сайын артып келе жатқаны көңіл қуантады.

Бизнес-қоғамдастық өкілдерінен тұратын байқау комиссиясының шешімімен «Жылдың үздік жас кәсіпкері» номинациясында ТҚКС және автобөлшектер дүкенінің иесі Денис Тян марапатталды. «Ауылдық бизнес – шаруа қожалығы» номинациясында Индер ауданындағы «Алға-1» шаруа қожалығының басшысы Ақеділ Шалқаров үздік деп танылды. «Қызмет көрсету саласындағы үздік» номинациясында «Алмас Семсер» ЖШС директоры Гүлжан Мұқатаева жеңімпаз атанды. Ал «Direct Construction Service» ЖШС басқаратын кәсіпкер Ержан Дайыров «Атырауда жасалған» номинациясында үздік деп танылды. «Бизнес қызметі – балаларға» номинациясында «Orange School» Дамыту орталығының директоры Роза Қайранова жеңіп шықты. Жылдың үздік әйел кәсіпкері болып Каспий маңы заманауи колледжі мен «Сенім» мектеп-балабақшасының директоры Бақытгүл Хаменова танылды.

Ал бас жүлде – «Жыл кәсіпкері-2015» номинациясы Айбар Жаниязовқа табысталды. Ол бизнесін 2-3 сөремен бастаған еді. Қазір кәсіпкерлік саласындағы 20 жылдан астам тәжірибенің иесі. Айбар Жаниязов кредиттеу және субсидиялау жөніндегі «Даму» бағдарламасының алғашқы қатысушыларының бірі болып табылады. Ол бүгінде 300-ден астам жұмыс орнын ашып отыр. Кәсіпкер бизнеспен бірге қайырымдылықпен де белсене айналысады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер