«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атыраулық бизнесвумендер – кітап қаһармандары

2016 жылғы 03 Наурыз
- Атырау облысы
11890 просмотров

Атырау облысының іскер әйелдері туралы кітап жарық көрді

Кітаптың тұсаукесер рәсімі «Әйел. Қоғам. Бизнес» тақырыбында өткен Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің  I  Форумы барысында өтті. Жинаққа Атырау облысының 75 бизнес-ханымы енген.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, Атырау облысы Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының директоры Нина Темірбаева: «Бұлар облыстағы барлық қалалар мен аудандарда танымал, табысты, белсенді әйелдер. Кітапта олардың өмір жолы, биікке өрлеу тарихы, гендерлік саясат саласындағы жетістіктері мен қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру қажеттілігі туралы әңгімелері қамтылған. Жасы, дәрежесі, мойындалу деңгейі, қызмет түрі әр алуан болғанымен, оларды бір мүдде ортақтастырып тұр: өмірін бақытты етіп, Отанын гүлдендіру», – деді.

Кітаптың алғашқы беттерінде Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың, «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесі төрайымы Ләззат Рамазанованың, Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері мен отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы, Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиеваның және Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожаеваның құттықтау сөздері жазылған.

Сонымен бірге, кітапқа Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің құрамы мен міндеттері туралы ақпарат енген. «Мұны оқырмандар әйелдер бизнесін қорғайтын, олардың мүддесіне лоббистік қолдау көрсететін құрылым барын, оған кез келген проблемаларды айтып жүгінуге болатынын білсін деген ниетпен енгізіп отырмыз», – деді әйел кәсіпкерлерге арналған Атыраудағы алғашқы кітапты шығару бастамасын көтерген Кеңес мүшелері.

Басылым шартты түрде үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге өз ісін 90-жылдары бастап, бүгінгі күні бизнестің нағыз майталманына айналғандар енді. Одан кейінгі бөлімге әйел кәсіпкерлердің орта буыны кірсе, соңғы бөлімі жасына қарамастан өз ісін ашу мен дамытуда елеулі жетістіктерге жеткен жас бизнесвумендерге арналған.

Кітапта, сондай-ақ, әрбір кәсіпкердің байланыс деректері мен айналысатын қызмет түрі туралы ақпарат берілген. Жоба авторларының пікірінше, мұндай ақпараттың берілуі кәсіпкерлердің тауарлары мен ұсынатын қызметтерін ілгерілетіп, серіктестік байланыстар аясын кеңейтуге септігін тигізбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер