«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкердің төрешісі – арбитр

2016 жылғы 22 Сәуір
- Атырау облысы
8389 просмотров

«Атамекеннің» арбитрлық орталығы: серіктестер арасындағы дауды шешуде оның бизнес үшін қандай тиімділігі бар?

Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасында өткен «Атамекен» ҚР ҰКП Арбитраждық орталығының беташарында осы сауалдың жауабы берілді.  Аталған шараға аймақтағы «АМӨЗ», «Жігермұнайсервис», «Сәтпаев оперейтинг», «Ембімұнайгаз», «Геоэнерджи групп» ЖШС-тері және т.б. ірі компаниялардың өкілдері шақырылды.

«Атамекеннің» Арбитраждық орталығын құрудағы мақсат-міндеттер, оның бизнес үшін тиімділігі туралы орталықтың бас директоры Асқар Қалдыбаев айтып берді. Оның ұғындыруынша, біріншіден, дау-шарларды арбитраждық жолмен шешу сот талқылауына балама бола алады. Ол соттағы бастапқы талқылау сатысына жатпайды. Арбитрлық орталық резиденттер арасындағы, оған қоса шетелдік тұлғалардың қатысы бар дауларды қарастырады.

Екіншіден, тараптар кез-келген адамды арбитр етіп сайлауына болады. Әдетте, беделі мықты, біліктілер таңдалады.  Арбитр болатын тек заңгерлер ғана емес. Дау шешімін тура айтатын тұлғалар сайланады. Арбитрды қай жақ таңдаса да, ол  шешім қабылдауда бейтарап болуы тиіс.

Оған қоса дауды шешу процедурасы мен мерзімін тараптардың өздері анықтайды. Іс тараптардың қатысуымен көзбе-көз, ұсынылған материалдардың негізінде тараптардың қатысуынсыз да, онлайн (техникалық жабдықтарды пайдаланып) да қаралуы мүмкін екендігін атап өтті орталықтың жетекшісі.

Мұндағы маңызды нәрсе – арбитраждың іс бойынша шешімі сотта немесе басқа да мемлекеттік органдарда қайта қаралмайды. Тараптар мемлекеттік сотқа шектеулі процедуралық негізде ғана арбитраждық шешімнің күшін жою туралы өтініш бере алады.

«Жалпы алғанда арбитраждың бірқатар артықшылығы бар: арзан, соттағы мемлекеттік төлемдерден екі еседей арзан, жылдам, құпиялығы біздің тарапымыздан қамтамасыз етіледі және арбитрларды сайлап алу мүмкіндігі. Тараптар дауды шешу процедурасын өздері анықтайтындығын атап өту керек. Мемлекеттік соттарда нақты құқықтық ережелерді сақтау керек болса, арбитражда тараптар қалай, қайда, қанша мерзімде, қай тілде және қай заңға жүгінуді өздері шешеді. Яғни, арбитраж кәсіпкерлердің жұмысына жүргізуіне көп артықшылықтар береді»,– деп қорытты Асқар Қалдыбаев. 

Тұсаукесерге қатысқан компаниялардың өкілдері бұл жобаға қызығушылық білдірді. Оның сыртында арбитраждық орталықтың құзырын кеңейту туралы өз ойларын да ортаға салды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер