«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Астана ЭКСПО – 2017» 131 млрд теңге үнемдеді

2016 жылғы 16 Мамыр
8913 просмотров

Ұлттық компания бюджетті айтарлықтай оңтайландырды

Бұл тұста «ЭКСПО – 2017» көрмесінің барлық қызметі сақталатын болады. Бұл туралы бүгін Қоғамдық кеңес отырысында «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов хабарлады. «Біз жоба бюджетін оңтайландыру бойынша үлкен жұмыс атқардық. Нәтижесінде үнемделген қаражат мөлшері 131 млрд теңге болды. Көрменің барлық функционалы сақталатын болады», – деді А. Есімов.

Ұлттық компания басшысы, сондай-ақ, «көрменің әлеуетті серіктестерінің белсенділігі жоғары» екенін атап өтті. «Халықаралық көрмелер бюросымен бекітілген біздің негізгі бағдарламалық құжатымыз – Тіркеу құжаттамасына сәйкес 147 млн евро демеуші қаражатын тарту көзделіп отыр», – деп нақтылады Есімов.

Оның келтірген деректері бойынша, «Астана ЭКСПО – 2017» қазақстандық және шетел компанияларымен жалпы құны 100 млн евро болатын шарттар мен меморандумдарға қол қойған. Бұдан бөлек, 244 млрд теңге тартылған, бұл «тек қана инвестициялық жобалар есебінен 5300 жұмыс орнын құруға» мүмкіндік берді. Есімов айтқан ақпаратқа сенсек,  құрылыс нысандарында 10 мың жұмысшы жұмыспен қамтылған. Оған қоса, ЭКСПО нысандарына тауарлар мен қызмет түрлерін жеткізумен айналысатын бүкіл Қазақстан кәсіпорындарында шамамен 30 мың адам жұмыс жасауда.

Сонымен бірге, Ахметжан Есімов Елбасының ЭКСПО нысандарын салудағы қазақстандық құрам үлесін барынша арттыру туралы тапсырмасының орындалу деңгейі туралы ақпарат берді. А.Есімов деректеріне сүйенсек, көрме нысандарының құрылысына 256 отандық тауар өндіруші қатысып, 35 млрд теңгеге шарттар жасалған. Көрсетілген қызметтер, жеткізілген тауарлар мен материалдар үшін жалпы көлемі 255,8 млрд теңге жұмсалған.

«Бұл тұста біз мына мәселемен бетпе-бет келдік, отандық кәсіпорындардың ірі мемлекеттік және квазимемлекеттік жобаларға қатысу міндеті заңнамада бекітілмеген. Шетелдік мердігерлерді қазақстандық жеткізушілермен жұмыс жасауға үлкен қиындықпен көндірдік. Қазіргі жағдай күрделеніп отырғаны да түсінікті: Қазақстан ДСҰ-ға мүше болды, сондықтан бұл мәселенің шешімін табу үшін мемлекеттік органдар заңгерлеріне көп тер төгуге тура келіп отыр», – деді А. Есімов. 

Бұдан ары Ұлттық компания басшысы «жыл сайын бізде ондаған нысандар бой көтеріп, онда неге екені белгісіз шетел құрылысшылары мен шетелдік тауар жеткізушілері жұмыс жасайтынына» өз алаңдаушылығын білдірді.

«Былайша алсақ, біз Қазақстанның шетелдік баламалармен бәсекеге түсуге қауқарлы өз сапалы өнімі барына көз жеткізе алдық. ЭКСПО құрылысы бізге осыны көрсетті», – деді А.Есімов.

Анықтама: ЭКСПО – 2017 көрмесіне қатысатынын 84 мемлекет пен 14 халықаралық ұйым растады. Көрменің басталуына 389 күн қалды.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер