«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлерге есік ашық

2016 жылғы 23 Тамыз
- Атырау облысы
7807 просмотров

Кәсіпкерлік мәселелеріне арналған Ашық есік күнінде салық және банк мәселелеріне қатысты сауалдар бойынша жүгінген бизнес өкілдерінің қарасы көп болды

Кәсіпкерлер палатасы мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы бірлесе ұйымдастырған шараға жергілікті атқарушы органдар және мемлекеттік органдардың өкілдері, оның ішінде, сəулет жəне қала құрылысы, жер мәселелері, мемлекеттік кіріс, тұтынушылардың құқығын қорғау және тағы басқа департаменттер мен басқармалар өкілдері шақырылды. Бұдан бөлек, кездесуге екінші дәрежелі банк филиалдары мен даму институттарының мамандары қатысты. Тәжірибе көрсеткендей, кәсіпкерлердің денін осы салалар мен мекемелерге қатысты сауалдар мазалайтыны анықталған. 

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының басшысы Ақан Қайырғалиевтың айтуынша, ашық есік күнін өткізу шарасының басты мақсаты –  кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар, даму институты, банктер өкілдерімен тікелей кездесіп, көкейтесті сауалдарын қойып, оларға жауап алуға жағдай жасау.

Кәсіпкер Игорь Толстов өз бизнесін кеңейту мақсатында екінші деңгейлі банктер филиалдарының бірнешеуіне қатар жүгінген, алайда, түрлі себептермен оның несие алу туралы өтініші мақұлданбаған. Десе де, кәсіпкер қол қусырып отыруды жөн көрмеді. Себебі, оның тұрақты түрде кіріс беріп тұрған, электр құрылғыларын өңдеу және байнебақылау жүйесін орнату бизнесі бар. Сонымен қатар, оның 19 млн теңге көлеміндегі кепілді мүлігі де бар. Осылайша, кәсіпкер дәретхана қағазын шығаратын цехты ашуға қажет 15 млн теңге көлеміндегі несие сұраған. Бүгінгі таңда Игорь Толстов шикізат жеткізушімен келісіп, Қытайдан қажетті қондырғыға тапсырыс беріп те үлгерген. Демек, оның жобасының жүзеге асырылуына қажет барлық жайттар өз шешімін тапқан.

Ашық есік күндері барысында оның құжаттарын Еуразиялық банк филиалы қабылдады, оған екі апта ішінде тиісті жауап берілуі тиіс. Банк менеджерінің сөзіне сенсек, кәсіпкер жобасы «Даму өндіріс» несие беру бағдарламасының талаптарына толығымен сәйкес келетіндіктен, өтініші қабылдануы тиіс. 

Көмекке жүгінгендер қатарында кәсіпкер Нұрлыбек Темірханов та бар. Ол өз сауалын мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдеріне жолдады.

«Біздің компания IT-технологиялармен айналысады. Менің білейін дегенім, егер шетелден инвестициялар келіп түсіп жатса, бұл туралы салық органдарына хабарлама беру керек пе? Маған егер қаражат жеке тұлға есебіне түссе, ол туралы салық органдарына міндетті түрде айту керек деп түсіндірді. Ал қаражат заңды тұлға есебіне түссе, арнайы хабарлама қажет емес деді. Сондай-ақ, маған салықтың қай режимін пайдалана алатыным туралы ақпарат берді. Осы орайда, іс-шараны ұйымдастырушыларға өз алғысымды білдіргім келеді. Себебі, бұл біз, кәсіпкерлер үшін, бір жерде түрлі мекемелер өкілдері жиналғандықтан, бір жерден бірнеше мәселені шешудің таптырмас мүмкіндігі», – деп атап өтті Нұрлыбек Темірханов. 

Ескере кетер жайт, кәсіпкерлер мәселелеріне арналған Ашық есік күндерін облыстың Кәсіпкерлер палатасы үнемі өткізіп отырады.  Олардың өтетіні туралы хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдарында және ciлтемеде көрсетілген әрі Палатаның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланып тұрады: https://www.facebook.com/Атырауская-региональная-палата-предпринимателей-235430476663317/?ref=aymt_homepage_panel.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер