«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстандық тәлімгерлер Германияда тәжірибесімен бөлісе алады

2016 жылғы 03 Қазан
11117 просмотров

Қазақстанда Еуропалық білім беру қорының жұмыс орнында оқыту жобасы қарқынды жүзеге асуда

Өз кезегінде еуропалықтар дуальдық оқыту жүйесіндегі Қазақстан тәжірибесін зерделемек

Еуропалық «Шығыс Еуропа мен Қазақстанға арналған өңірлік жоба аясында «Skills connexion» бағдарламасы бойынша жұмыс орнында оқыту» білім қоры «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында дөңгел үстел өткізді.

Еуропалық білім қоры «SKILLS CONNEXION» өңірлік жобасы аясында Қазақстан Республикасындағы бизнес пен кәсіби білім беру ұйымдарының өзара байланыс жолдары» - шара тақырыбы осындай болды.

«Бізге Шығыс Еуропа елдерінің үздік тәжірибелері қызық. Себебі, елімізде кәсіби білім берудің ұлттық үлгісін қалыптастыру керек. Елбасы да осындай тапсырма қоюда. Осы мақсатта бірнеше елді аралап, таңдаған жолымыздың дұрыс екеніне көз жеткіздік. Еуропалық білім беру қоры Қазақстанның кәсіби-техникалық білім беруді жаңғыртудағы ерекше орнын атап өтуде. Содан Палатамыздан Дуальдық оқудың жол картасын жүзеге асыруда қандай шаралар жүргізіліп жатқамызды көрсетуімізді әңгімелеп, көрсетуімізді сұрады. Армения, Грузия, Молдова елдерінің делегациялары да тәжірибе алмасуға ат шалдырды», - деп жеткізген «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары, «Skills connexion» аймақтық жобасының үйлестірушісі Ләззат Шонаева Германияның Трир қаласындағы қолөнершілер палатасымен бірге, 50 өндірістік тәлімгер оқытылғанын хабарлады. Тәлімгерлік институтты жаңғыртып, студенттерді жұмыс орнында оқытуды мұрат еткен істе, таяуда Германия өкілдері арнайы Қазақстанға келіп, екі елде бірдей күші бар сертификаттарды табыс етпек.     

Жалпы 2013 жылы, Палата іргетасы қаланғалы бері, кадр даярлау мәселесінде ауқымды жұмыстар атқарылып, барлық мүдделі мемлекеттік мекемелермен белсенді іс-қимылдар жүргізілуде. Іс жүзіндегі 16 нормативтік-құқықтық актіге нақты өзгерістер енгізу қажеттілігі жайлы бастама көтеру, кадр даярлау жүйесіне бизнестің араласуын бөгейтін кедергілерді алып тастауда батыл қадамдар болып отыр. Нәтижесінде, Білім және ғылым министрлігімен бірлескен райда, кадр даярлау саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жаңғыртуда ілкімді істер қолға алынған.

ҚР БҒМ, «Атамекен» ҰКП және германиялық GIZ халықаралық қоғамының бірлескен жұмысының барысында, ҚР Еңбек кодексі мен «Білім туралы» Заңында «дуальдық оқыту» ұғымы, «Дуальдық оқыту туралы ережелер» жасалып, бекітілген. Аталған жаңашылдықтар колледж-кәсіпорын ынтымақтастығының тетіктерін, кадрларды бірлесе дайындауды реттейтін құқықтар мен міндеттерді нығайтқан.

«Еуропа одағы аясында агенттік ретінде еңбек нарығын бағдарлап, сыртқы байланыстар орнатуға ұмтылудамыз. Екі жыл бұрын бастау алған «Skills connexion» жобасы жұмыс орнындағы оқуды мақсат тұтады. 3 кезеңнің алғашқысында жағдайды байыптап, енді іске кірістік», - деп пікірін білдірді Еуропалық білім қорының өкілі Дилье Гелиберт.

«Қазақстандағы ұзақмерзімді серіктестігіміз жемісті жалғасуда. Бүгінде кәсіби білім беруге айрықша назар аударудамыз. Бір айдан соң қазақстандық әріптестеріміз ұсынатын талдауға шолу жасамақпыз. Бұл әрі қарайғы ынтымақтастығымызға серпін сыйламақ. Бізді оқу мен бизнестің арақатынасы қатты қызықтырады», - деп қосты Қордың Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Кристиан Хемшемейер.

Сонымен, Ұлттық палата, ҚР БҒМ тарапымен тізе қосқан райда, дуальдық оқыту аясындағы тәжірибенің төменгі шегін бұрынғы 40%-ға қарағанда, 60%-ға көбейткен. Сонымен қатар, жұмыс берушінің сұранысына қарай, білім беру бағдарламаларының мазмұнын 50%-ға дейін өзгеруге мүмкіндік туған. Ұлттық палата, 2014 жылдан бастап, ҚР БҒМ-мен бірлесе отырып, 11 басым сала, 95 мамандық пен 180 біліктілік тармағы бойынша дуальдық жүйені енгізуге қатысты Жол картасын жүзеге асыруда. 1137 кәсіпорын Жол картасына қатысушы атанып, 314 колледжбен, 17 500 студентті бірлесе кәсіби дайындау бойынша уағдаластық шарттары қабылданған. 1254 шарт жасалып, оларға сәйкес, 16 847 оқушыға тәжірибелік оқудан өту үшін кәсіпорындарда өндірістік алаңдар анықталған. Колледждерді кәсіпорындар қарамағына беру жайлы 60 шартқа қол қойылған. Алматы мен Ақтөбедегі 5 колледжді салалық қауымдастықтарға қамқорлыққа беру жайлы 5 келісім дүниеге келген. 2 консорциум іргетасы қаланған: Сервис пен қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар қауымдастығы – Қызылорда индустриалдық-техникалық колледжі және «Қазфосфат» ЖШС – Тараз химия-технология колледжі. Кәсіпорындар жанынан кадрлар біліктілігін көтеру бойынша 56 оқу орталығы (оның 5-і салалық оқу кластері) және 5 салалық қауымдастық құрылған. 33 оқу орталығы өңірлік кәсіпкерлер палаталары атсалысуымен ашылған. Кәсіпорындардың тапсырысымен 5123 адам қайта даярлаудан өтіп, 2708-ден астам адам біліктілігін шыңдаған және 7826 адам жұмысқа орналастырылған. 13 өңір кәсіпорындарынан 87 жұмысшы шетелде еңбек өтілін жинаған. Палата қазақстандықтарды шетелде оқыту жөнінен «Болашақ» халықаралық орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. 2015 жылы 375 үміткерге «Болашақ» шәкіртақысы тағайындалып, қазіргі уақытта 2016 жылға іріктеу байқауы жүргізілуде.

ҰКП, кәсіби және техникалық білім берудегі дуальдық жүйеге қол жеткізу үдерісінде, колледждерді жұмыс берушілер мен олардағы бірлестіктерге басқаруға беруді маңызды мәселе санайды. Үкімет тапсырмасына сәйкес, бүгінгі таңда, мемлекеттік колледждерді кәсіпорындар мен қауымдастықтардың сенімгерлік басқаруына беру тетіктері қарастырылуда екен.  Қазіргі кезде Алматы облысындағы «Байсерке-Агро» ЖШС, кейін сатып алу құқығымен, Талғар аргобизнес колледжін сенімгерлік басқаруға алған.

«Шағын және орта бизнес басым үлестегі өңірлерде, «Атамекен» мемлекеттік колледждерді салалық қауымдастықтарға және/немесе өңірлік кәсіпкерлер палаталарына сенімгерлік басқаруға беру тетігін ұсынуда. Қауымдастық бір немесе бірнеше кәсіпорын емес, барлық кәсіпкерлер мүддесін қамтитынын  ескерсек, шағын және орта бизнес нысандары кадрларды дайындау, қайта дайындау және біліктілігін көтеру мүмкіндігінсіз қалмайтынын, ең бастысы, білікті жұмысшыларды даярлау көлемі қысқармайтынын, керісінше көкжиегі кеңейетінін түсінеміз», - деп түйіндеді Ләззат Шоңаева.

Өңірлік кәсіпкерлер палаталары колледждерде тиімді менеджмент ұйымдастыруға көмектесетіндіктен, инновациялық және инновациялық жобаларды енгізу жеңілдемек. Осы орайда колледждегі барлық инвестиция мен түскен кіріс, кадрларды даярлау сапасын көтеруді қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер