«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кем өлшенген тауарға кім жауап береді?

2016 жылғы 12 Қазан
- Солтүстік Қазақстан облысы
6313 просмотров

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында қаптамадағы тауарларды бөлшектеп сатушыларға қойылатын талаптар талқыланды

Палатаға бірден бірнеше солтүстікқазақстандық кәсіпкер көмек сұрай келді. Техникалық реттеу және метрология комитетінің тексерісінен кейін оларға тауар салмағы кем өлшенгендеген себеппен 65 АЕК көлеміндегі айыппұл төлеу қаупі төніп тұр. Айта кетерлігі, заңнамаға сәйкес, тауар партиясының орташа таза салмағы қаптамада көрсетілген нақты саннан кем болмауы қажет. Тексеру нәтижесі бойынша департамент партияның бір бөлігін өлшеу барысында барлық өнімдерді жарамсыз деп тануда. Оған қоса өнімдердің кейбір түрлерінде ауытқушылық 1 граммнан аз шығуда. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі бөлім сарапшыларының айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан осындай тексерулердің заңға сәйкестігі туралы сұрақтар жиі қойылатын көрінеді. Сондықтан барлық мүдделі тараптармен ол сұрақтарды Кеңесте талқылау туралы шешім қабылданды. «Арыздар бойынша материалдарды зерттей келе, бөлшектеп сатумен айналысатын кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке әділетсіз тартылып отыр, өйткені олар өнімдерді өлшеп, қаптамайды, қапталып қойған тауарды сатады. Департамент бақылау шараларын жүргізу барысында өнімдердің таза салмағын (қаптамасыз – автор) өлшейтінін ескеру қажет. Осылайша, өнімдерді қабылдап алған сайын кәсіпкер барлық қаптамаларды ашып, ішіндегісін өлшеуі керек. Бұл талап жөнсіз. Өйткені толықтай заттың бұзылуына әкеп соғады, өнім кейін сатуға жарамсыз болып қалады. Одан бөлек, арыздар бойынша жүргізілген тексеру барысында кәсіпкерлер шағымданушылармен таныспаған, бұл олардың ақпаратқа толық қолжетімділік құқығын бұзады», – деп атап өтті Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі бөлімнің сарапшысы Тимур Елеукин.

Палата сарапшыларының пікірінше, жауапқа кімнің тартылуы қажеттігі туралы бұрыс түсінік қалыптасқан. «Мемлекеттік стандарттар талабы бөлшектеп өлшеуге тікелей жауап беретіндерге қойылуы керек», – деп түйіндеді ол. Алайда Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменті қызметкерлерінің айтуынша, елдегі тауарлардың 40 пайызының салмағы кем, яғни осындай тексерулерді жүргізу қажет. Солтүстік Қазақстан облысында тауар салмағының кемдігіне шағым айтып, департаментке 50-дей адам келген. Барлығы 8 тексеріс жүргізіліп, 3 жағдай бойынша деректер расталмаған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер