Сараптама қызметтерін бәсекелестік ортаға беру кешіктірілуде
«Мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жұмыс көлемін жеке сараптамалық ұйымдарға беру ісі кешіктіріліп жатыр
Құрылыс жобасын сараптау бойынша қызметтерді «Мемлекеттік сараптама» РМК-дан жеке салаға беру мәселелері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы брифингте талқыланды.
ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның айтуынша, биылғы жылдың ақпанында, сараптама қызметтерін кезең-кезеңімен бәсекелестік ортаға беру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ҰКП жанынан Сараптама ұйымдарының палатасы құрылған болатын. Қазір аккредиттелген сараптама ұйымдарының кәсіптік бірлестігінің құрамына 62 компания кіреді. Ол жерлерде 361 аттестатталған сарапшы жұмыс істейді. «Қазірдің өзінде жеке сайт жұмыс істеп тұр. Жеке жобалардың сараптамасына барлық құжаттар әзірге «Мемлекеттік сараптама» порталы арқылы қабылданып жатыр. Алайда палатаның өзінің жеке порталы бар. Қазір «Мемлекеттік сараптама» мекемесімен және Құрылыс істері жөніндегі комитетпен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни бұл порталды қалайда «Мемлекеттік сараптама» жүйесімен біріктіру керек», – деді Юлия Якупбаева.
Алайда өз функцияларын толыққанды жүзеге асыру үшін жеке сарапшы ұйымдарға кедергі жасайтын бірқатар қиыншылықтар бар. Бастапқыда Мемлекет басшысының тапсырмасында айтылғандай, мемлекеттік емес сараптамалық ұйымдарға құрылыс саласының сараптамалық жұмыстарының 50%-ын, ал 2020 жылы – 90%-ға дейін өткізу ұсынылған. Алайда бүгінде бәсекелестік ортаға сараптамалық қызметтердің 35%-ы ғана берілген.
ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары мұның себебін ҚР заңнамасындағы «техникалық» және «технологиялық» күрделі нысандар түсінігінің бұлыңғыр болуынан көріп отыр. «Қызметтерді бәсекелес ортаға беру процесі кезінде «техникалық»және «технологиялық» күрделілік түсінігінің нақты болмауына байланысты мәселелер туындады. Сол себепті, құзырлы орган болып табылатын «Мемлекеттік сараптамамен», Құрылыс істері жөніндегі комитетпен және Ұлттық экономика министрлігімен арада келіспеушілік пайда болды. Өйткені, бүгінде «Мемлекеттік сараптамаға» құрылыс жөніндегі жобалардан өзге, нысандарды күрделі жөндеу жұмыстары туралы жобалар да берілуде. Кәсіби қауымдастықтың пікірінше, мұндай қызметтерді жеке қолға өткізуге болады», – деп түсіндірді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.
Сараптамалық ұйымдар палатасының басқарма төрағасы Бірлік Ережепов өз кезегінде, бүгінде сарапшы қауымдастықтың бәсекелестік ортада жеткілікті деңгейде кәсіби екенін, және күрделі деңгейдегі жобаларға сараптама жасай алатынын мәлімдеді.
Сараптаманың басты мақсаты – ғимараттар мен құрылыс жобаларының қауіпсіздігін тексеру екенін атап өткен Бірлік Ережепов: «Мысалы, көптеген жобалар агроөнеркәсіп кешеніне арналған, – деді. – Ауылдағы шағын шұжық шығаратын цех – бұл құралдармен жабдықталған қарапайым ғимарат. Біз бұл күрделі емес нысан, оны бәсекелестік ортаға беруге болады деп айтып жатырмыз. Алайда ол техникалық және технологиялық күрделі нысанға жатқызылуда. Мұндай мысалдар өте көп», – деді ол.
Бірлік Ережепов Палатаның басты талабы ретінде ұйымдастырудың нақты құрылымын құруды атады. «Палатаның тәртіптік кеңесінде үш отырыс өтті. Ол жерде аккредиттелген сараптамалық ұйымдар берген сараптама қорытындыларының сапасы туралы мәселелер талқыланды. 37 қорытындының 22-сі – пысықтау үшін берілген. Сонымен қатар, аккредиттелген сараптамалық ұйымдардың қызметімен танысу мақсатында Палата басқармасының мамандары өңірлерді аралады. Қазірдің өзінде 5 өңірде болып қайтты. Сондай-ақ біз сарапшыларды кәсіби оқыту жұмыстарына ерекше көңіл бөлеміз. Олар үшін семинарлар жүргізуді бастап кеттік», – деп хабарлады Б.Ережепов.
ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева да тәуелсіз сарапшылар көтеріп отырған мәселелерді баяндады. «Жиі айтылатын ең маңызды мәселе, олар (Сараптамалық ұйымдар палатасы) заңнамаға сай, тек осы қызмет түрін жүзеге асыруға құқылы. Біз бүгінде құзіретті органдармен бірге қосымша қызметке рұқсат беру туралы мәселені қарастырып жатырмыз. Сарапшы ұйымдар палатасының өзін-өзі реттейтін ұйым болып табылатынын ескере отырып, оларға квазибақылау жоспарының қосымша қызметтерін біртіндеп беруге болады деп есептейміз. Сол кезде Сарапшы ұйымдар палатасы, егер сарапшы өзінің қандай да бір құзіреттілігін асыра пайдаланған жағдайда немесе жоба сараптамасын сапасыз жүргізген жағдайда жедел әрекет ете алатын болады. Яғни, жауапсыздық дерегі анықтағаны туралы құзырлы органға жедел ақпарат беру үшін, оларда қандай да бір ішінара қадағалау қызметі болу керек», – деді Юлия Якупбаева.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: