«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тұрақты тапсырыс табыс әкеледі

2016 жылғы 01 Қараша
- Атырау облысы
7686 просмотров

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы сатып алу бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларына жергілікті өндірушілер туралы сараптама ұсынбақ

Ол жайында Атырау облысындағы квазимемлекеттік компаниялар мен кәсіпорындардың сатып алуындағы жергілікті құрамды мониторингілеу жөніндегі  комиссиясының жиынында айтылды.

Жиынға бизнестің 7 субъектісі қатысты. Олардың арасында қызмет көрсету компаниялары, жеңіл өнеркәсіп өкілдері бар. Олар шараға қатысушыларды өз тауарларымен және қызмет түрлерімен таныстырды. Комиссия мүшелері тендерге қатысу кезінде қандай қиындықтар барын сұрастырды.

«Қазақ зағиптар қоғамы Атырау оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС директоры Болат Құстановтың айтуынша, олардың ұйымы кеңсе тауарларын, төсек жабдығын өндірумен шұғылданады. Бүгінгі таңда кәсіпорын тапсырыстың аздығынан зардап шегіп отыр.

«Біздің кәсіпорында қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі 31 адам жұмыс істейді. Олардың 23-і – І топтағы мүгедек, қалғаны ІІ және ІІІ топтың мүгедектері. Біздің негізгі мақсатымыз – мүгедектерді қоғамға бейімдеу. Негізінен мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейміз. Бірақ ол аздық етеді. Тендерлерге қатысуға тырысып жатырмыз, бірақ бағаны тым төмендетіп жіберетін шағын ЖК мен ЖШС тым көп, әзірге сәтсіздіктерге ұшырап жатырмыз. «Қазақстан темір жолы» сияқты ірі компанияларға ұсыныс айтып едік, олар бізге сатып алу орталықтан жүргізілетінін, яғни Астана бәрін өзі қаржыландыратынын айтты. Тапсырыстың көп болуын қалаймыз, біздің жұмысшылар үшін бұл өте маңызды», – деп атап өтті Болат Құстанов.  

Оның үстіне кәсіпорын басшысы құрал-жабдықтардың тозып бара жатқанын, қаржының жетіспеушілігінен оны ауыстыра алмай отырғанын жеткізді.

Ал «Тұз» ЖШС өкілі Олеся Ковалева өндіріліп жатқан өнімдер мен қазіргі заманға лайық өндірістің дамуы туралы айтып берді.

«Біздің кәсіпорын Атырау облысы Индер ауданында тұз өндіреді. Тек техникалық тұз ғана емес, ас тұзын да, йодталған тұзды да өндіреміз. Тек қана Қазақстан бойынша емес, Ресейге де тұз шығарып сатамыз. Жақында гипохлорид натрий өндіру бойынша зауыт ашуды көздеп отырмыз. Әзірге «ТШО» компаниясына техникалық тұз жіберу туралы үш жылдық келісіміміз бар. «АНПЗ» ЖШС-ға берешегімізді беріп құтылдық. «Самұрық-Қазына» қоры бойынша бірнеше мәрте «Қаражамбасмұнай» АҚ-ның сатып алу тендеріне қатысып көрдік, бағасы ойдағыдай сияқты, бірақ үнемі біздің тұздан бас тартады. Себебін айтып түсіндірмейді», – деді Олеся Ковалева.

Тапсырыстың аздығына «ПКФ «Континент Ко ЛТД» ЖШС бас директорының орынбасары Марат Қалымов та шағымданды. Оптикалық-талшықты кабель өндіру зауыты қазіргі таңда тек 30 пайыз ғана жұмыс жасап тұр.

«Бұл зауыт былтыр тамыз айында ашылған. Оптикалық-талшықты кабельдің 12 түрін өндіріп жатырмыз. Негізгі тапсырыс беруші – «Қазақтелеком» АҚ. Үш жылға солармен келісімшартқа отырғанбыз. Қазір Ресейдің тендерлеріне қатысуға талпынып жатырмыз. Онда да мүмкіндігіміз үлкен емес. Бірақ ұмтылып көрмекпіз. Тапсырыс аз. Қазақстанда оптикалық-талшықты кабельге сұраныс жоқ. Бірақ қасиеті жағынан ол мыс кабельден әлдеқайда сапалы», – дейді Марат Қалымов.

Өзге де кәсіпкерлер сатып алу саласындағы қиындықтар мен өздерінің өнімдері туралы айтып берді.

Комиссия жиынынының қорытындысы бойынша, Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасына алдағы айлардағы сатып алуға мониторинг жасау тапсырылды. «Самұрық-Қазына» ӘАҚ» АҚ компанияларының сатып алу порталына тіркелу туралы ақпаратты бизнес субъектілеріне тарату қажеттілігі нұсқалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер