«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сапалы кәсіптік стандарт – бәсекеге қабілетті маман

2016 жылғы 04 Қараша
9648 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитеті отырысында өнер және спорт салаларының кәсіптік стандарттары мақұлданды

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының мүшесі, комитет төрағасы Талғат Доскенов отырысты ашу барысында, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ҚР Еңбек кодексіндегі кәсіптік стандарттарды қайта қарау, алмастыру, әзірлеу және енгізу туралы өзгертулер өз күшіне енгенін хабарлады. Қазіргі таңда ҰКП-ға 27 кәсіптік стандар келіп түскен. Оның ішінде құрылыс саласы бойынша 2 бастамалық стандарт да бар екен.

Комитет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысымен жасалған кәсіптік стандарттар жобасы қаралып, мақұлданды. Олар: дәстүрлі музыка өнері, режиссура, музыкатану, аспаптармен орындау, дирижерлік, вокал өнері, актерлік шеберлік сынды өнер салаларын қамтыған. Ал, спорт саласы арасында спортшы мен топ жұмысын ұйымдастыру, жаппай дене шынықтыру мен спортты дамыту салалары бар.

«Бүгінде бизнес жедел түрде әлеуметтік саланы қамтуда. Жекеменшік қуыршақ театрлары, жекеменшік режиссерлер бар. Спорт саласына да кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің арқасында біртіндеп еніп келе жатыр. Осылайша, біраз уақыттан кейін, жалпы әлеуметтік салада өз кәсіпкерлер қауымдастығы пайда болуы мүмкін», – деді Талғат Доскенов.

Комитет басшысы, бүгінде, Қазақстанның бизнес-қоғамдыстығының мамандар даярлау дәрежесіне көңілі толмайтынын келтірді. «Кәсіптік стандарттар білім беру бағдарламаларында ескерілуі тиіс. Бұдан бөлек, жұмыс берушілер үшін, кәсіптік стандарттарда бекітілген біліктілік талаптарын ескере келе, оларды өз нұсқаулықтарында, штаттық кестелерінде, мансаптық өсуде қолдану мүмкіндігі пайда болмақ. Яғни, қызметкерлерді аталған кәсіптік стандарттарға сай дамытуға жол ашылмақ. Егер біз ел үшін маңызды, осындай істі қолға алсақ, біз экономикамызға қажет білікті мамандар даярлап шығаратын боламыз», – деді ол.

«Кәсіптік стандарттарды бекіту автоматты түрде білім беру бағдарламаларына өзгерту енгізуге әкеп соқтырады. Яғни, егер кәсіптік стандарт әлсіз болса және біз оны бекітетін болсақ, ол жаңа стандарт бекітілгенше қолданыста болмақ. Бұның қаншалықты маңызды екенін түсінген абзал. Мен барлығын осы алаңды ұтымды пайдаланып, өз пікірін ортаға салуға шақырамын», – деді, өз кезегінде, ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов.

Басқосу барысында комитет мүшелері кәсіптік стандарттар жобалары бойынша бірқатар ұсыныстарды алға тартты. Олардың барлығы ескерілгеннен кейін ғана, ҰКП стандарттарды бекіту туралы қаулы шығармақ.

Сонымен қатар, Талған Доскенов «Кәсіптік-техникалық білімді жаңғырту» жобасында әзірленген кәсіптік стандарттарды бекіту процедураларын жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныстарды ортаға салды.

«Министрліктерден дәлелдер мен себептері көрсетілген хаттар келіп түсті. Оларда жеке кәсіптік стандарттар, бекітудің жоспарланған мерзімінде бекітілмей қалуы мүмкін деп көрсетілген», – деді ол.

Осылайша, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі жеткілікті қаражат пен тиісті құзыреттердің жоқтығынан, 99 кәсіптік стандарттарды қайта қарай алмай отыр. Олардың ішінде, 56 кәсіптік стандарт тапсырыс берушіге – ҚР Білім және ғылым министрлігіне 2016 жылдың басында қайта жөнелтілген екен. ҚР Энергетика министрлігі, энергетика саласындағы 8 кәсіптік стандарт бойынша БҒМ жауап беру қажет деп хабарлаған. Себебі, аталған кәсіптік стандарттар «КТБ жаңғырту» жобасы бойынша 2013 жылы әзірленген екен. Онда, техникалық тапсырмаларды жасауға жауапты ҚР БҒМ деп көрсетілген. Ал, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі радиоэлектронды қондырғы және байланыс бойынша 10 кәсіптік стандарттың мәліметтері ескіргенін, олардың толық қайта қарау әдістемесіне сай келмейтіндігін жеткізген.

Комитет басшысы уақтылы қайта қарауға және кәсіптік стандарттарды бекітуге кедергі болып отырған жағдайларды жою мақсатында, кәсіптік стандарттарды қайта жасау ісі бойынша, бірауыздан ҚР БҒМ жауапты етіп тану туралы ұсыныс айтты. Бұл ретте, Талғат Доскенов, 2012-2015 жылдары  Дүниежүзілік банк есебінен жасалған, ҚР БҒМ-нің «КТБ жаңғырту» жобасына қатысты ұсынысты айтып отыр. Ол 2012-2015 жылдары жоба аясында білім беру бағдарламаларын жасау мақсатында қолданылған, кәсіптік стандарттардың жобалық нұсқасы ретінде, «Атамекен» ҚР ҰКП бекітуі тиіс тізім қатарынан, аталған кәсіптік стандарттар туралы мәліметтерді алып тастауды ұсынды.

«Салалық министрліктер мен ҰКП салалық біліктілік және кәсіптік стандарттар жобалары ашық түрде қолжетімді болуы, талқылануы және қолданысқа берілу үшін, оларды өз сайттарына орналыстыру керек», – деді ол.

Сонымен қатар, Ұлттық біліктілік жүйесі элементтері үшін  жауапты болатын ведомстволарды анықтау туралы ұсыныс айтылды. Бұл ретте, жауапты мекеме қызметтері нормативтік-құқықтық түрде бекітіледі деп күтілуде. Осылайша, аталған  кәсіптік стандарттарға келесі министрліктердің ведомствоішілік мекемелері мен құрылымдары жауапты болады деп шешілді: Ұлттық біліктілік шеңбері (қолдануға сараптама жасау және мазмұнын жаңарту) – ҚР БҒМ Болондық процесс және академиялық мобильділік орталығы; Салалық біліктілік шеңбері (СБШ) (мазмұнын жасау, сараптау және жаңарту) – салалық министрліктердің ақпараттық-талдау орталықтары (АТО); СБШ және кәсіптік стандарттарды әзірлеу әдістеріне – ҚР (ДСӘДМ) Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жауапты болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, 2012-2015 жылдары Қазақстанда мемлекеттік органдар 449 кәсіптік стандарт әзірлеген. Олардың 398-ін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бекіткен. Ал, Білім және ғылым министрлігі кәсіби техникалық білім беру (КТБ) мақсатында 147 кәсіптік стандарт (КС) даярлаған. Олардың арасында 96-сын ДСӘДМ бекітсе, 45 КС 2015 жылы жаңа әдістер бойынша бекітілген екен. Мемлекеттік органдардың бюджеті есебінен 302 кәсіптік стандарт әзірленген: 2013 жылы – 176 КС (14 мемлекеттік органдар тарапынан);  2014 жылы – 88 КС (7 мемлекеттік орган тарапынан); 2015 жылы – 38 КС (6 мемлекеттік орган тарапынан). Жалпы 2012-2015 жж. аралығында 449 кәсіптік стандарттан (Әділет министрлігінде бекітіліп, «Әділет» АҚЖ жарияланған) 183 КС немесе 40%-ы бекітілген екен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер