«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауыл еңсесін көтеруге жаңа көзқарас

2016 жылғы 08 Қараша
11512 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы таныстырылды

Құжатты Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі және өңдеуші өнеркәсіп комитеттерінің отырысында назарға ұсынды. Жиынға бизнес өкілдері, салалық одақтар мен кәсіпкерлер қауымдастықтары қатысты.

Жиын жүргізушісі ҰКП Төралқасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Иван Сауэр іс-шараға аймақтардан тікелей бейнебайланыс арқылы 20 қауымдыстық-одақ өкілдері мен 300-ге жуық кәсіпкер құлақ түріп отырғанын, бұған дейінгі нұсқаға қарағанда  жаңа тұжырымдама 60-70 пайыз өзгергенін жеткізді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасындағы мақсат-міндеттер туралы айтып берді. Ол, әсіресе, мемлекеттік қолдауды иеленетін агроөнеркәсіп салаларына, ауылшаруашылық кооперативтері арқылы жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау тетіктеріне ерекше тоқталып, экспорттық саясатты жүзеге асыру мен табиғи өнімдердің қазақстандық брендін насихаттау бойынша қолға алынатын іс-қимылдарды байыптады.

«Бағдарламада көзделген мақсаттарды жүзеге асыруда алты міндет алдымызда тұр: бұл мал шаруашылығының тиімділігін 58%-ға, өсімдік шаруашылығын 48%-ға көтеру, ауқымды ауылшаруашылық кооперациясын дамыту, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерін барынша тиімді әрі қолжетімді мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету, 600 мыңнан астам суармалы жерді айналымға енгізу және агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеуді жетілдіру», - деп атап өтті Асқар Мырзахметов.

Вице-премьер Асқар Мырзахметовтің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында егістік алқаптарды әртараптандыру жұмысы жалғасын таппақ.

«Бидай алқаптары 2,3 млн гектарға қысқарады. Оған басты себеп, астықтың тым артық өндірілуі. Босаған жерлерге анағұрлым сұранысқа ие болып отырған арпа, сұлы, майлы және өзге де өнімділігі жоғары дақылдар себілетін болады», - деді Асқар Мырзахметов.

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов та жұртшылықты жаңа мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасын талқылауға белсенді қатысуға шақырды.

«Бағдарламаның мақсат-мұратын айқындауда келесі жайттарды басты назарда ұстадық. Айталық, еліміздің азық-түлік нарығын қамтамасыз ету, мақсатты экспорттық саясат және ауыл халқының табысын арттыру. Бағдарлама тұжырымдамасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әлеуметтік желідегі ресми парақшада жарияланды. Әркім тұжырымдама астына өз пікірін қалдыра алады. Барлық пікір ескерілетін болады», - деп мәлімдеді Қайрат Айтуғанов.

 Ағымдағы жылғы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке жылдың аяғына дейін Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасымен біріктіру арқылы Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырғаны белгілі.
Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізу жоспарланған, бұл қазіргіден де көп мемлекеттік қолдау алушыларды қамтуға, осылайша оның тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік бермек.
Жалпы, өсімдік шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жұмыс жалғастырылмақ. Атап айтқанда, бидай алқаптарының бір бөлігі аса сұранысқа ие дақылдармен (майлы дақылдар, арпа, жемдік жүгері, қант қызылшасы, азықтық дақылдар) алмастырылады екен. Ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін жоғарылату мақсатында жоғары сапалы тұқымдарды қолдану және тыңайтқыштарды енгізу үшін мемлекеттік қолдау көрсетілмек.

Мал шаруашылығы саласында шаруаларды мал азығымен қамтамасыз ету қажет. Осыған орай, елдік азықтық теңгерім әзірленіп, енгізілетіні, азықтық дақылдардың алаңдары ұлғайтылатыны; құрама жемдерді өндіру және тұтыну ынталандырылып, сондай-ақ жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін жоғарылату бойынша жұмыс жүргізілетіні жоспарлануда. Сонымен бірге, мемлекеттік қолдау көрсету арқылы асыл тұқымды жануарлардың үлесін жоғарылату бойынша шаралар қабылданбақ.
Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және суармалы жерлердің алаңдарын ұлғайту бойынша шаралардан басқа, қосымша электрондық форматта жер ресурстарының жай-күйі туралы мәліметтер қалыптастырылмақ.

Бұдан басқа, агроөнеркәсіп кешенін инфрақұрымдылық қамтамасыз ету үшін өнімді өткізу бойынша ауылдық кооперативтер құруды ынталандыру, ауыл тұрғындарына несие беру және оларға сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ қаржылық құралдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы іс-шаралар іске асырылмақ.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіп субъектілерінің техникалық жабдықтауды арттыру мақсатында алыс шетелден қымбат техника мен жабдықтарды сатып алу үлесін төмендету бойынша шаралар қабылданбақ.
Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуді жетілдіру шеңберінде ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз ету көзделуде.

Экономист Мұхтар Тайжан қазіргі ең қызу талқыдағы тақырыптардың бірі – салық реформасы мәселесін қозғады.

«Мені Салық кодексіндегі 488-бап толғандырады. Онда егер ауыл шаруашылығына инвестициялар еншілес фирмалардан құйылатын болса, жеңілдіктерден айырылатыны айтылады. Бұл жерде компания тағдырын салық инспекторы шешеді. Олардың ойынша компаниялар бір-бірінің шешіміне әсер етеді екен. Бұл жемқорлыққа жол ашатын бапты жаңа Кодекстің күшіне енгенін тосқанша, заңнан қазір алып тастауды ұсынамын», - деген Мұхтар Тайжан субсидиялардың ірі жер иеленушілеріне ғана берілмей, өнімділігіне қарай бөлінуі керектігін ескертті. Алғашқы мәселені Кондитерлер қауымдастығының өкілі Әлихан Талғатбек те құптады.

Министр Асқар Мырзахметов бұл түйткілдің келесі жағы да барын, алаяқтық әрекеттердің баршаға зиянын тигізіп жатқанын айтты.

Құс өсірушілер одағының мүшесі Ибрагим Жанғоразов құрама жемге 1 миллион тоннадан астам мұқтаждықта, құс кәсіпорындарында 2-2,5 айға ғана жететін қордың барын, осы орайда қаржыландырудың төменділігіне шағымданды. Министр қаржының тапшылығын мойындап, дегенмен тығырықтан шығар жолдың қарастырылып жатқанын жеткізді.  

Несиелік серіктестіктер қауымдастығының жетекшісі Альмира Сағатова Тұжырымдамадан көрініс тапқан аталмыш мекемелерге қаржылық демеуден тыс, мемлекеттен құқықтық-экономикалық қолайлы ахуалды қалыптастыруды сұрады. Оған министр заңнамаға өзгерістер енгізуде нақты жазбаша ұсыныс жіберуге кеңес берді.

Соя өсіру шаруашылығына байланысты «Агроинтерптица» ЖШС директоры Максим Божконың алаңдаушылығына министр бұл бағытты мемлекет назарында ұстап отырғанын айтты. 

ҚР Премьер-министрінің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жиында қозғалған ауыл шаруашылығына қатысты  мәселелер ескерусіз қалмайтынын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер