«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ешкімнің құқығын шектеуге болмайды

2016 жылғы 25 Қараша
- Атырау облысы
7484 просмотров

Бизнес субъектілері АИВ (Адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқтырған адамдардың құқығын бұзбауға тиіс

Ретровирусқа қарсы ем қабылдайтын, АИВ-инфекциясымен өмір сүретін тұлғалар еңбек ұжымының толыққанды мүшесі болып саналады және олар қоғамға қауіп тудырмайды. Оларды жұмыстан шығаруға, жұмысқа қабылдау кезінде қарсылық танытуға, сондай-ақ осының салдарынан заңды мүдделері мен құқықтарын аяққа таптауға және тағы басқа құқықбұзушылықтарға жол берілмейді. Бұл туралы Атырау қаласындағы Адам иммун тапшылығы синдромын бақылау және алдын алу орталығының қызметкерлері Ақтөбе қаласында өткен Кәсіпкерлер палатасының бизнес өкілдерімен кездесуінде атап өтті.

1 желтоқсанда Дүниежүзілік ЖИТС-пен (Жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы) күрес күні аталып өтетіні баршамызға мәлім. Осы жылы 10 қарашадан бастап 10 желтоқсан аралығында «Мен АИВ-нің алдын алуды қолдаймын» ұранымен ЖИТС-пен күресу бойынша Бүкіләлемдік шара өткізеді, осының аясында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Орталық мамандарының айтуынша, бүгінгі күнге дейін Қазақстанда АИВ-инфекциясына қатысты 29076 жайт орын алған. Атырау облысында 1993 жылдан бастап Қазақстан Республикасының 168 азаматы және 61 шетелдік азамат есепке алынған. Биылғы жылдың өткен 10 айында облыс аумағында 19 АИВ дерегі тіркелген, олардың ішінде 47.4%-ы жұмыс жасайтындардың үлесінде екен.

«Бұл мәселенің тек медициналық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық маңызы бар. Бүкіләлемдік науқанның мақсаты – қоғам назарын АИВ/ЖИТС мәселесіне аудару, халықтың осы тұрғыда сауаттылығын арттыру, жастар арасында және АИВ жұқтыру қаупі жоғары арнайы топтарда Бүкіләлемдік науқан арқылы алдын алу іс-шараларын өткізу. Әрбір адам денсаулығының мықты болғанын қалайды. Сол үшін қауіпсіз заттармен қорғанып, вирустың қауіптілігін азайту, АИВ-ға байланысты емдеуді қамтамасыз ету қажет. Біз сіздерді осы әлемдік мәселемен күресуде өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз», – деді Орталықтың дәрігер-эпидемиологы Маржан Іспергенова бизнес субьектілеріне.

Кездесу барысында ЖИТС орталықтарының мамандары АИВ және ЖИТС жұқтырудан қорғану және алдын алу шаралары туралы, аталмыш санатта мемлекет көрсететін көмектер туралы айтып, көптеген сұрақтарға жауап берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер