«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанның ветеринарлық қауіпсіздігі жайлы

2016 жылғы 12 Желтоқсан
10605 просмотров

Қазақ-қырғыз шекарасындағы ветеринарлық бақылауды алып тастау отандық мал шаруашылығына қатер төндіреді

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Экономикалық интеграция департаменті Қазақстан бизнес-қоғамдастығының атынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қатысуымен өткен қазақ-қырғыз шекарасындағы ветеринарлық бақылаудың алыну мәселелері жөніндегі жиын ұйымдастырды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одағына қосылуы жөніндегі қолданыстағы Жол картасы бірқатар іс-шараларды қарастырып жатыр. Оны қырғыз тарапы ветеринария мен ЕАЭО заңнамасы нормативтерінің талаптарына сай болуы үшін жасауы тиіс. «Тек осыдан кейін ғана ветеринарлық-санитарлық бақылаудың алынуына қатысты мәселелерді талқылау мүмкін болмақ. Осыған қоса бүгінгі күні Қырғыз Республикасы бұған қатысты көптеген мәлімдемелер жасаған және оларды БАҚ өкілдері қызу талқылауда. Олардың барлығынан  қырғыз тарапының ветеринарлық-санитарлық бақылауды тез арада алуды талап етіп жатқандығын байқауға болады», – деп атап өтті ведомство вице-министрі Гүлмира Исаева.

Оның айтуынша, министрлік ЕАЭО-ға мүше елдердегі ветеринарлық қызмет өкілдерімен бірге Қырғыз Республикасына бірнеше рет іссапармен барып қайтқан. Соның нәтижесінде бірқатар жүйелік кемшіліктер анықталған. Бұл дегеніңіз қырғыз тарабы бүгінгі күні барлық қажетті іс-шараларды атқармағандығын айғақтайды. «Осы инспекциялар қорытындысы бойынша ЕАЭО ветеринарлық қызметінің мамандары аталған олқылықтарды жою жөнінде нұсқаулықтар берді. Келесі аптада аталмыш жағдаймен танысу үшін Қырғыз Республикасына қайтадан баруды көздеп отырмыз», – деп хабарлады Гүлмира Исаева.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветериналық бақылау мен қадағалау комитетінің төрағасының орынбасары Олжас Асаубаев, шекара ашылған соң, Қазақстан үшін қауіп туғызатын бірқатар дәлелді деректерді хабарлады. Оның сөзінше, мысалы, аусылдан қорғалған аумақ дәрежесін сақтау үшін, Қазақстан аусылмен ауыруы мүмкін тірі малдарды және сондай ауруға шалдыққан ірі қара малдардардан, ұсақ қара малдардан, шошқалардан алынған өнімдерді сатудан қашуы керек.  Бұдан өзге, Қазақстан халықаралық эпизотикалық бюроға бес облысқа аусылдан қорғалған аумақ дәрежесін алу үшін құжаттама жіберді. Шекарадағы ветеринарлық бақылаудың алынуы халықаралық ұйымның шешіміне теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар еліміздің экспорттық әлеуетіне де ықпал етуі ықтимал. «Қырғыз Республикасының дәреже тұрмақ, аусылға қатысты ресми түрде қабылданған бақылау бағдарламасы да жоқ», – деп атап өтті ол.

ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тағам өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Ербол Есенеевтің айтуынша, Ұлттық палата бұл мәселеге алаңдап отыр. «Біз бұл өте үлкен тәуекел екенін түсініп отырмыз. Тек қана бедел үшін ғана емес, сонымен бірге тұтас отандық мал шаруашылығы саласы үшін де бұл үлкен тәуекел. Біз ешқашан мұндай шарттарға көнбейміз. Көрші елдің ветеринария саласындағы проблемалары туралы жақсы білеміз. Сондықтан, біз бұған жол бермейміз. Әйтпесе, біздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа бағдарлама аясында жасап жатқан жұмыстарымыздың мәні қалмайды», – деді ол.

Экономикалық интеграция департаментінің директоры Долорес Төлебекова әріптесінің сөзін қоштап отыр. «Біз, әлбетте, Одақ еркін айналым үшін құрылғанын түсінеміз. Бірақ Елбасы экономикалық прагматизм болуы керек екенін үнемі айтып жүреді. Біз, интеграцияның жақтаушылары ретінде шекараны ашу әлі де ерте деп санаймыз. Себебі, қырғыз мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын қамтамасыз ету арқылы біз өз ауыл шаруашылығымызды қатерге ұрындыруымыз мүмкін», – деп түсіндірді ол.

Талқылау кезінде жиынға бейнебайланыс арқылы қатысқан әр өңірдің бизнес-қоғамдастық өкілдерінің пікірлері тыңдалды. Қазақ-қырғыз шекарасындағы ветеринариялық бақылауды әзірге алуға болмайды деген пікірді бірауыздан қолдады.

«Біздің пікіріміз бір жерден шығады, келіссөз процесіне қатысып, бизнес-қоғамдастық ұстанымын қорғауға дайынбыз», – деп қорытты Ербол Есенеев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер