«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау өзгереді

2016 жылғы 26 Желтоқсан
13420 просмотров

Импортты алмастыру мақсатында отандық фермерлерді субсидиялау мәселесі қайта қаралады

Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер отандық кәсіпорындарға көбірек өнім өткізген сайын, субсидияны да көбірек ала алады. ҚР Ауыл шрауашылығы министрлігі майлы дақылдар мен қант қызылшасын өсіруді субсидиялау кезінде осындай қағида ұстануды ұсынып отыр. «Қайта өңдеуге арналған өнімдерді субсидиялауды бастаймыз деген шешім қабылданды, яғни егер майлы дақылдар өсіріліп, экспортқа шығарылатын болса, онда субсидия төленбейді. Егер майлы шикізат отандық май өңдеуші зауыттарға өткізілетін болса, онда ауылшаруашылық тауарын өндіруші өткізілген өнімнің әр тоннасына төлем алады», – деп мәлімдеді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде қант қызылшасын өсіруге кететін шығынды да осылай өтеуді ұсынуда. «Өндіруші мұнда да өткізілген өнім үшін субсидия алады. Ол өнімді көбірек өткізген сайын, көбірек субсидияға ие болады», – деп атап өтті Ажар Қажыбекова.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі басқа салаларды субсидиялауға қатысты жаңалықтардан да хабардар етті. Мәселен, алдағы көктемде тұқым шаруашылығы саласын қайта қалпына келтіру үшін, субсидия бөлу қарастырылған. Осы мақсатта мемлекет жоғары сұрыпты және таңдаулы тұқымдарды өсіруге кеткен шығындарды жауып береді. Фермерлердің тыңайтқыштарды пайдаға асыруға бағытталған субсидиялау кестесі де өзгермек. Әзірге қолданыстағы ережелер бойынша қазақстандық тыңайтқышты сатып алғаны үшін 50%, ал импорттық тыңайтқышты пайдаланғаны үшін 30% төлем төленіп келеді. «Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер сапалы тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалануға қызығушылық таныту үшін, пайыздық қатынаста емес, абсолюттік сипатта субсидиялау туралы шешім қабылданды», – деді Ажар Қажыбекова. Мәселен, егер ауыл тұрғыны құрамында азоты бар тыңайтқыш сатып алатын болса, ол импорттық па, отандық па, оған қарамастан, субсидияның бірдей нормативі төленеді. Өз кезегінде нормативтер ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітеледі. Гербицидтерге келер болсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі атап өткендей, онда да пестицидтерді сатып алудағы сияқты субсидиялау қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау мөлшері де «абсолютті» болады. Жаңалыққа түсініктеме бере отырып, Ажар Қажыбекова техникаларды жаңарту қарқыны өте төмен екенін, бірақ оларды сатып алу үшін қомақты қаржы жұмсалатынын жеткізді. Бұл ретте, негізінен, импорттық техникалар сатып алынатындығы айтылды. Бірақ сол қаражатқа арзанырақ техникаларды көптеп сатып алуға болатындығы да сөз болды. «Сондықтан субсидияны пайыздық емес, абсолютті сипатта төлеу туралы шешім қабылданды. Норматив те ауылшаруашылық техникасының бағасына қарай анықталады. Осылайша, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер отандық ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға қызығушылық танытады», – дейді Ажар Қажыбекова.

Ажар Қажыбекова агроөнеркәсіптік кешен саласындағы гектар бойынша төленетін субсидияларды «тиімсіз» деп атады. Өйткені «ол ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді түсімділікті арттыруға» ынталандырмаған. «Сондықтан оны қайта қарап, қолда бар қаражатты ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің егіс өнімділігін ұлғайтуға деген ынтасын арттыруға бағыттау туралы шешім қабылданды», – деп сөзін жалғады Ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің директоры.

Ал гектарлық субсидия жем-шөп дақылдарын өсіруге қалдырылады. Бұл жерде сөз көпжылдық жем-шөп дақылдардың бірінші жылы, астық және масақты шөптерден басқа біржылдық шөптер туралы болып отыр. Күріш пен мақта да гектарлық субсидиялар есебінен өсіріледі, өйткені «олар әлеуметтік маңызы бар өңірлік дақылдар».

Ауыл шаруашылығы министрлігінде көктемгі егіс жұмыстарын несиелендіру жалғаса беретіні мәлім болды. «Ақпан-наурыз (2017 жылы – авт.) айларына дейін субсидиялау ережелеріне өзгерістер әзірленіп, енгізіледі деп ойлаймын. Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерден өтінім қабылдау наурыз-сәуір айларында басталады», – деп сөзін түйіндеді Ажар Қажыбекова.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер