«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Үздік кәсіпкерлерді анықтау науқаны ашық

2017 жылғы 20 Ақпан
10630 просмотров

"Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысуға құжат қабылдауды бастады

ҚР Президентiнiң «Алтын сапа» сыйлығы мен республикалық «Қазақстанның үздiк тауары» байқауларына қатысуға өтінім қабылдау басталғаны жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев пен Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова хабарлады.

«Елбасы жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыруда отандық кәсіпорындар модернизациялаудан өтуі керектігін ерекше атап өтті. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымы мен ЕАЭО мүшелігіне кіргеннен кейін кәсіпорындардың, олар өндіретін тауардың сапасы маңызды мәселе. Шет мемлекеттерден келіп жатқан тауарлармен бәсекелесе алу үшін, сондай-ақ  шет ел нарығына шығу үшін отандық тауардың сапасы жоғары болуы керек. Осы мақсатта жыл сайын байқау ұйымдастырылып, үздік те сапалы тауарлар анықталып келеді. ҚР Президентiнiң «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқауды жəне «Қазақстанның үздiк тауары» республикалық көрме-байқауына қатысуға өтінім қабылдау басталғанын жариялаймыз. Байқауларға тауар өндірумен, қызмет көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады», – деп атап өтті ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

Күні бүгінге дейін «Алтын сапа» байқауына 1600-ден астам кәсіпорын қатысқан. Ал 2016 жылы  «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқауға 138 компания, оның ішінде 59 – шағын кәсіпкерлік, 47 – орта, 32 ірі кәсіпорын қатысты. Байқау ұйымдастырылған уақыттан бастап Елбасы сыйлығын 70-тен астам компания еншілеген. «Атамекен» ҰКП Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Алтын сапа» байқауын екі жыл қатарынан өткізіп, 25 лауреатты анықтады.

Ал «Қазақстанның үздiк тауары» өңірлік көрме-байқауы 2001 жылдан бастап өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін көрме-байқауына 5,6 мыңнан астам компания қатысып, олардың ішінен 115 кәсіпорын дипломант атанған.

«Бұл байқауларды өткізуді «Атамекен» ҰКП 2015 жылдан бастап қолға алды. Бірнеше өзгерістер енгізілді. Осы уақыттан бастап байқау комиссиясының құрамы өзгертілді. Бұрындары мемлекеттік қызметкерлер, шенеуніктер болса, қазіргі құрамға қоғамдық тұлғалар, кәсіпкерлер, журналистер қатыстырылады. Биылғы байқауға да өзгерістер енгізуді ұсынып отырмыз. Ұсыныстарымызды Президент әкімшілігіне жолдадық. «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы интернетте дауыс беру жолымен өткізілуі керек деп санаймыз. Осыған дейін жеңімпазды сарапшылар анықтап келді. Биылғы жылдан бастап жеңімпазды финалда дауыс беру арқылы анықтаса, жұртшылықты қамту ауқымы кеңейер еді, екінші жағынан оның ашықтығы мен айқындылығына кепілдік берер еді», – деп хабардар  етті Нұржан Әлтаев.

Аталған байқауларға мемлекеттің қатысу үлесі 50%-дан асатын ұйымдар, сондай-ақ өздеріне қатысты белгіленген тәртіппен оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру туралы шешімдер қабылданған ұйымдар байқауларға қатыса алмайды.

Бұл байқау кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тауар сапасын жақсартуға ынталандырып, халықаралық деңгейге көтерілуге ықпал етеді. «Алтын сапа» байқауы арнайы аталымдар бойынша ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерін қамтиды. Сонымен қатар «Алтын сапа» аясында» «Атамекен» ҰКП арнайы аталым иегерлерін анықтайды. Лауреаттар мен дипломанттар 4 жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсатта қолдана алады.

Брифингке сонымен қатар, байқау жеңімпаздары ТМД елдері өтетін байқауға қатыса алатыны жайлы айтылды. Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздары ТМД елдері арасында 2 жылда бір рет ұйымдастырылатын сапа байқауына қатыса алатындығы туралы ақпарат берді.

ҚР Президентiнiң «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқауына жəне «Қазақстанның үздiк тауары» республикалық көрме-байқауына  қатысуға ниет білдірген тұлғалар 2017 жылғы 1 шілдеге дейін Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына байқауларға қатысушылардың материалдарын ресiмдеу, ұсыну және алдын ала бағалау ережелерiне сәйкес, өтінім мен материалдарды (есептерді) тапсыруы тиіс.

Байқау бойынша толық ақпаратты www.altynsapa.kz сайтынан алуға болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер