Бала күтімі бизнеске кедергі емес
Атырау облысының кәсіпкері көкөніс консервілеу цехын ашты
Бизнесті қаржылай емес қолдау құралдары Атырау облысы өндірістік ауданының кәсіпкеріне көкөніс пен жемістерді өңдеу цехын ашуға көмектесті. Консервілеу цехынан шықққан өнімнің алғашқы легін шығару мамыр айының аяғына жоспарланған.
2006 жылы Құлсары қаласының тұрғыны Ардақ Төреқұлова ана болуға байланысты демалысқа шығып, сүйікті ісі – тұздықтар мен тосаптарды әзірлеуге кіріскен. Қала тұрғындары үй консервілеріне жақсы құзығушылық танытып, сұраныс артқан соң келіншек жеке кәсіпкер болып тіркелген. Ары қарай үйінің ас бөлмесінде кішігірім партиялармен тосаптар мен тұздықтарды әзірлеп келген.
«Бұл шағын ісім жақсы бизнеске ұласады деп ойламағн едім. Ал ӨКП Жылыой аудандық филиалына барып салықтық есеп дайындау бойынша көмек беруді сұрадым. Филиал директоры кәсібім жайлы сұрастырып, маған мемлекеттік грант алу байқауына қатысуды ұсынды. Бастамам табысты болатынына мені сендірген соң, тәуекелге баруға бел будым. Шынымды айтсам, осыған дейін бизнесті қолдау бойынша түрлі бағдарламалар барын білмеппін. Қолдаудың басым көпшілігі тегін атқарылады. Палата тарапынан тек пайдалы ақпарат алдым», – дейді Ардақ Төреқұлова.
Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалында кәсіпкерге қажетті құжаттар топтамасы жинауға, бизнес-жоспар құруға көмектесіп, мемлекеттік грант алу ережелері негізінде кеңес берді. Палата басшылығы іскер әйелге «Жарқыра» бағдарламасына да қатысуға ұсынды. Бұл бағдарлама «Теңізшевроилдың» әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға арнлаған жобасы. Осы мүмкіндік арқылы тегін гранттық қаржыландыруды алуға болады.
«Теңізшевроил» жобасын мен ұта алмадым, алайда алты айлық оқу курсынан өтіп, шетел мамандарынан кәсіпкерлік негіздерді игердім. Мен үшін бұл қосымша бонус болды. 1 млн тенге көлеміндегі көптен күткен грантты «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы алдым. Осы қаражатқа Ресейде жасалған, көкөністерді стерилдеу мен консервациялау жабдығын сатып алдым. Цех жұмысы басталғанда бастапқыда 3 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмын, егер бизнес өрге дөңгелесе, штатты ұлғайтамын», – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкерді қолдауға облыс басшылығы да атсалысты. Ардақ Төреқұловаға 5 гектарды құрайтын жер учаскесі берілді. Онда жеміс-жидек, көкөніс өсірілетін болады. Қазір іскер әйел жер актісін күтіп отыр. Бұл жоба қыз-келіншектерге көкөністі консервілеу, нан илеуді үйретеді. Айта кетелік, Ардақ Төреқұлова жартылай финалға өткен.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: