«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өңірлік кеңеске жаңа басшы сайланды

2017 жылғы 16 Мамыр
- Атырау облысы
17960 просмотров

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесін Әлия Беккужиева басқарады. Кандидатура Өңірлік кеңес мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімімен бекітілді

Әлия Беккужиева – Қазақстанға танымал іскер ханым және қоғам қайраткері. Ол 20 жылдам астам уақыт бойы кәсіпкерлік салада қызмет етіп келеді. Ол Атырау өңіріндегі екі ірі кәсіпорын – «Өнерпаз» бен «Рембыттехника» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бас директоры. Атырау облысы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің одағы, «Атырау облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі секілді облыстық деңгейдегі қоғамдық озық бірлестіктерді басқарады. Атырау облыстық мәслихатының депутаты, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі мен Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы.

«Әлия Байжанқызын көптен бері танимын. Ол үлкен ұжымды басқарады және бизнес саласындағы тәжірибесі мол. Бизнестің заңды құқығы мен мүддесін қорғау ісінде айтарлықтай үлес қосты. Мен өңірдегі бизнес-қоғамдастық пен «Атырау-Жарық» АҚ арасындағы келіспеушілігі орын алған кездегіден бір ғана мысал келтіре аламын. Сол уақытта Әлия Байжанқызы күрделі жағдай орын алғанына қарамастан, жергілікті бизнес құқығын қорғай отырып, соңына дейін күресті. Сондықтан, оның мойнына жүктеліп отырған жаңа міндеттерді абыроймен атқаратынына сенімдімін», – деп пікір білдірді Өңірлік кеңес мүшесі Дүйсенбек Смағұлов.

Отырысқа қатысқан «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов Өңірлік кеңестің жаңа басшысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі басшысының қызметін атқарып, өз еркімен орнын босатқан Абай Жұмағұловқа да алғысын білдірді.

«Мен Абай Төкенұлына жемісті еңбек еткені үшін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атынан алғыс айтқым келеді. Сіз біздің мекеменің қалыптасуына куә болып, өңірдегі кәсіпкерлік қоғамдастықтың бірігуіне үлес қостыңыз. Өңірлік кеңестің мүшесі ретінде келешекте де біздің ортақ ісімізге шарапатыңыздың тиетініне сенемін», – деді Төлеміс Шотанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер