Жергілікті қамту үлесін арттыруда мүдделер бір
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жергілікті тауар өндірушілердің өнімін қолдануға болатын 4 жобаны ұсынды. Смета бойынша осы жобаларға қажетті қаржы көлемі 1 млрд теңге.
Құрылыс нысандарын мемлекеттік тапсырыс аясында салуда жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесі отандық тауар өндірушілерін қолдау бойынша комиссияның кезекті жиынында талқыланды. Жиынға облыс басқармалардың басшылары, компаниялар – бас мердігерлер мен жергілікті тауар өндірушілер қатысты.
«Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған 79 нысанға мониторинг жүргізді. Мониторинг қорытындысы бойынша жергілікті тауар өндіруішлер өнімін қолдануға жол ашатын 4 жобаны ұсынбақпыз. Бұл Атырау облысы Аққала ауылында «Елтай» автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы, «Атырау-Индер», «Атырау-Ақтау» және «Котяевка-Рубеж» тас жолында жол полициясының тұрақты бекеттері нысандарының құрылысы, Махамбет Өтемісов атындағы драма театрын қайта қалпына келтіру және Махамбет ауылында 60-пәтерлі 3-қабатты тұрғын үйі құрылысы. Жобалық-сметалық құжатпен қарастырылған негізгі құрылыс материалдар, жабдық, бұйымдар мен конструкциялар қажеттілігін зерттеп, аталған нысандарда құрылыс бастау үшін құрылыс материалдардың 60 шақты аталымын белгілеуге болады. Бұл материалдарды отандық тауар өндірушілер ұсына алады», – деді ӨКП директоры Абдолла Идресов.
Жиынға шақырылған өз өнімін ұсына алатын отандық тауар өндірушілер құрылыс материалдар бойынша таныстырылымдарын жасады. Олардың қатарында «Жаңа бағдар» ЖШС, «Атмосфер вент» ЖШС, «Казэлектрум» ЖШС, «Теплый блок» ЖШС және басқалар. Таныстырылымдар аяқталған соң комиссия төрағасы, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпанов келесідей ұсыныстар жасады:
«Атырау облысы кәсіпкерлер палатасына отандық тауар өндірушілердің тауарларын өткізу бойынша түйткілді мәселелерді комиссия жиынына нақтылап шығарған жөн. Отандық өндірушілер сапа мен бағаны негізге алу керек, өйткені нарықта бәсеке қызып тұр. Тапсырыс беріп отырған мемлекеттік органдар мен жобалық ұйымдарға құрылысты жобалау кезеңінен бастап жергілікті тауар өндірушілерді ескеріп отыру қажет», – деді Сағындық Лұқпанов.
Жиын қорытындысы бойынша Атырау облысы құрылыс, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында жобалық ұйымдар және отандық тауар өндірушілермен ӨКП, Кәсіпкерлік және индустиялық-инновациялық басқармасымен бірлесіп кездесу ұйымдастыру тапсырылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: