«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абылай Мырзахметов: Отандық тауар өндірушілерді қолдауға міндеттейтін заңнамалық ережелерді қабылдау керек

2018 жылғы 07 Маусым
5808 просмотров

ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Басшысы Абылай Мырзахметов бизнес климатты жетілдіру мәселесіне, Ұлттық палатаның 5 жылдық жұмысына  тоқталды

Бүгінде Қазақстанның 14 өңірі мен Астана, Алматы қалаларында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдіктері жұмыс істейді. Сонымен қатар Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылған. «Атамекен» Басқарма Төрағасы хабарлағандай, республика бойынша аталған орталықтарда 1700-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде 700 қызметкер мемлекеттік тапсырыс саласында. Ұлттық палатаның штатына кірмейтін бұл қызметкерлер келісімшарт арқылы қабылданған және мемлекеттік тапсырысты орындауда.

«Кәсіпкерлік туралы заң қабылданғанда біздің алдымызға қауымдастықтарды қолдау талабы қойылды. Қауымдастықтар 20 жыл ішінде аяқтан нық тұрды. Бүгінде 141 қауымдастық аккредиттеуден өтті. Оның ішінде 38 қауымдастық Ұлттық палатамен келісімшарт негізінде тығыз жұмыс істейді, заңдарға, нормативті-құқықтық актілерге сараптама жасауға мүмкіндігі бар. Оның ішінде 3 қауымдастық Кәсіпкерлер палатасының функциясын атқаруға құқылы, оның құрамында мықты сарапшылар бар. Осы жылдар ішінде қауымдастықтарға берілетін қаржы сомасы да өсті, Мәжіліс депутаттары қойған міндетті орындадық», - деп хабарлады Абылай Мырзахметов.

Мұнымен қоса Басқарма Төрағасы еліміздегі макроэкономикалық көрсеткішке тоқталып, 2015-2016 жылдар кәсіпкерлер үшін оңайға соқпағанын, 2 рет орын алған девальвация, Ресейдегі санкциялар бизнеске әсер еткенін атап өтті.

«Жалпы бес жыл ішінде Елбасының жүргізіп отырған саясатының арқасында, депутаттардың қолдауымен, Үкіметпен бірлесіп атқарылған жұмыста «Атамекеннің» аз да болса үлесі бар деп ойлаймын. Шағын бизнестің шығарған өнімінде, төлеген салығында, олардың санында да, инвестицияда да оң көрсеткіш бар», – деді Абылай Мырзахметов.

Жиында Басқарма Төрағасы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының заң жобаларына, нормативті-құқықтық актілерге сараптама жасау, кәсіпкерлердің құқығын және заңды мүддесін қорғау, кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету, заңдарды гуманизациялау, бағытында атқарған жұмысының нәтижесімен таныстырды. Мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін қысқартуда бизнес ұсынысының шамамен 97%-ы ескерілген. Ұлттық палата адамның өмірі мен денсаулығын сақтауда бизнестің жауапкершілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Сонымен қатар Абылай Мырзахметов бизнесті жүргізуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытында атқарылған жұмысқа тоқталды. «Атамекеннің» бастамасымен ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен ҚР Үкіметінің қолдауымен 2017 жылы «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңға жобаларды жүзеге асыру процедурасын қысқартуға қатысты түзетулер енгізілген.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын мақұлдау және сараптама жүргізу мерзімі – 7 айдан 3 айға дейін, дайындау кезеңі 5 айдан үш айға дейін қысқартылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарты бойынша үзақ мерзімді пайдалану кепілдігі кемінде 3 жылға беріледі. Бұған дейін 1 жыл ғана болған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бизнес жұмысындағы маңызды құралға айналды», ­– деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларында тұжырымдама бизнес-жоспар дайындаумен алмастырылды, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті мемлекеттік бағдарламалар арқылы жоспарлау әдісі енгізілді. Онда стандартталған жобалар бойынша базалық параметрлер мен мемлекеттік қолдау шаралары айқындалған.

Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Парламент депутаттары, өңірлік кеңес төрағалары, бизнес-қоғамдастық, мемлекеттік уәкілетті орган өкілдері және сарапшылар қатысатын Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына мониторинг жүргізу кеңесі құрылған. Сонымен қатар мемлекеттік-әріптестік мәселелерінің реестрі дайындалы. Бұл Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінің бірлескен Жол картасының негізіне айналмақ.

Депутаттар алдында жасаған баяндамасында Абылай Мырзахметов мемлекеттік сатып алулар, квазимемлекеттік және ұлттық компаниялардың сатып алуларында жергілікті қамту үлесін арттыру бағытында да жүргізілген жұмыс туралы баяндады.

«Ұлттық палата машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсіп секілді шикізаттық емес негізгі 8 салаға зерттеу жүргізген. Жылына шамамен 12 трлн теңгеге сұраныс болса, оның 7 трлн теңгеден астам сома импортқа жұмсалған. Бұл отандық өндірісті дамытуға болатын мүмкіндік. 1300 кәсіпорынға скрининг жүргізілді. Қаржы жетіспеушілігі, өткізу нарығының  жоқтығы, шикізаттың аздығы және әкімшілік кедергілер секілді түйткілді мәселелер анықталды. Отандық тауар өндірушілерді қолдауға міндеттейтін заңнамалық, нормативтік ережелерді қабылдау керектігін ұсынамыз, осы бағытта қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз», ­– деді Абылай Мырзахметов.

Сөз соңында Басқарма Төрағасы соңғы бес жыл ішінде «Атамекен» айтарлықтай ауқымды жұмысты атқарғанын, осы бағытта қолдап, сенім білдіргені үшін алғыс айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер