Атырауда «Бастау» жобасы бойынша оқу наурыз айында басталады
Биыл «Бастау» жобасы бойынша 750 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды оқыту жоспарланған
Қазіргі таңда жобаға қатысуға ынта білдірген азаматтардың өтінімдерін қабылдау жүріп жатыр. Бірінші лектің оқуы наурыз айында басталады деп күтілуде. Оқуға облыс орталығы және барлық жеті ауданның тұрғындары қатыса алады.
«Биыл «Бастау» жобасы аясында жоспарға сәйкес 750 атыраулықты бизнес негіздеріне оқыту көзделген. Ары қарай қаржы алып, бизнес көздерін ашу мақсатында шамамен 150 жоба сүйемелденбек. Сондай-ақ, биыл Мемлекет басшысы айтқан жастарды бизнеске оқыту бойынша бағдарламасы жүзеге аспақ. Бұл бағдарлама жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарға көмектесіп, жаңа бағыттар тауып, жеке кәсіп бастауға жол ашатын болады», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Жанаргүл Жоламанова.
Былтыр «Бастау» жобасымен Атырау облысында 1 325 адам оқып шықты. Оның ішінде 305-і қаржыландыру алып, жеке бизнестерін ашты. Жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, көлік және қаттау, сонымен қатар сауда саласына қатысты.
Айта кетелік, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау шеңберінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында және аудандардағы Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында тегін сервистік қызметтерді ұсынады. Былтыр 1850 шағын және орта бизнес субъектісіне 8 бағыт бойынша екі мыңнан астам қызмет көрсетілді. Бұдан бөлек қызмет көрсету орталықтардың менеджерлері мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бойынша 2039 клиентке 9469 консультация берген.
Сонымен қатар «Бизнес-Мектеп» жобасы шеңберінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында бастауыш кәсіпкерлерге арнап семинарлар жүргізіледі. Атап айтқанда былтыр «Бизнес-Кеңесші» курсына 800 адам, «Бизнес-Өсу» жобасына – 179 адам, «Жобалық оқыту» жобасына – 50 адам қатысты.
Жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер «Іскерлік байланыс» құралы бойынша шетелге тағылымдамаға бара алады. 2018 жылы жобаның бірінші кезеңіне қатысуға 47 кәсіпкер өтінім берді, оның ішінде 25 адам оқуға қатысты. «Аға сеньорлар» құрауышы шеңберінде жеке өндіріске шетел маманын шақыруға болады. Осы бағытта «Тілекші» ЖШС, «Сұлтан Палас» ЖШС және «Абдрахманова» жеке кәсіпкерлігіне Түркиядан үш сарапшылық миссия ұйымдастырылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: