«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда «New Village» ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу тізбегі құрылды

2019 жылғы 09 Тамыз
- Атырау облысы
6377 просмотров

Өткізу тізбегін ұйымдастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы, Жалғансай ауылдық округінің әкімдігі және «Ақбаян» жеке кәсіпкерлігі қол қойды

Атырау облысы Махамбет ауданы Жалғансай ауылында өткізу тізбегін ұйымдастыру шеңберінде жуылған, тазаланып, кесілген көкөністер және жартылай фабрикат көкөністерді вакуумды қаптамада өндіру бойынша цех құрылды. Аталған бизнеске әлеуметтік ниша жүргізілген скрининг арқылы анықталды. Көкөністерді тазалау, кесу және вакуум қаптамаға арналған жабдықты кәсіпкер италиялық өндірушіден сатып алды. Бір апта ішінде цехты жабдықтау және пайдалануға беру жұмысты аяқтау жоспарланған.

«Ауыл шаруашылық өнімін жергілікті шаруа қожалықтардан сатып алуды жоспарлап отырмыз, осылайша шаруалар өнімдерін үздіксіз өткізіп отыруға мүмкіндік алады. Демек, оларға облыс орталығына барып, орынжай жалдап, сатушыға еңбекақы төлеу қажет етілмейді. Ал біз ұсынған дайын өнімді кафелер, мейрамханалар, мектептер, балабақшалар, сауықтыру орталықтары, шипажайлар, супермаркеттер, бөлшек сауда дүкендері, сондай-ақ  жартылай фабрикаттар өндірісі және жұмысшыларын тамақпен қамтамасыз ету үшін өнімдерді пайдаланатын компанияларға өткіземіз. Орташа жүктеуде кәсіпорынның жобалық қуаттылығы айына 6 тоннаны құрайды, ары қарай қуаттылық өсе береді. Бастапқы кезеңде жергілікті жерден 3 адамды жұмыспен қамту көзделген», – деді «Ақбаян» ЖК өкілі Гүлмира Жұмағалиева.

 Жобаға қолдауды Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы және Жалғансай ауылдық округінің әкімдігі көрсетеді. Атап айтқанда, меморандумға сәйкес тараптар кәсіпорынға өндіріс көлемін ұлғайтуға, өндірістік қызметтің проблемалық мәселелерін шешуге, инвестициялар тартуға және инновацияларды енгізуге қолайлы жағдай жасауға көмектесуге міндеттенеді.

 «Аталған жоба Атырау облысы үшін бірегей, өйткені қазіргі таңда облысымызда көкөністерді өңдеп, вакуумды қаптамада сақтау бойынша өндіріс болған жоқ. Өндіріске Махамбет ауданы кездейсоқ таңдалған жоқ, өйткені жоба ауылшаруашылық мақсаттылыққа ие. Жоба экономикалық тұрғыда кәсіпкерге де, жергілікті тұрғындарға да тиімді», – деп атап өтті Атырау облысы ӨКП директорының орынбасары Серік Сәрсекенов.

 «New Village»  өткізу тізбегін ұйымдастырудың нәтижесі ауыл округі тұрғындарын жұмыспен қамтылуын арттыру, салықтық түсімдердің өсуі, сауда нүктелері сөрелерінде өнім ассортиментін кеңейту  және халық арасында кәсіпкерлік белсенділікті жоғарылату болмақ. Олар бұл туралы жергілікті тұрғындармен кездесуде айтып, ауыл тұрғындарын бұл жұмысқа белсенді араласуға шақырды. Атырау облысы ӨКП және аулдық әкімдік мұндай өткізу тізбектерін басқа аудандарда ашу жолдарын қарастыратын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер