«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда жергілікті дизайнерлер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті

2020 жылғы 30 Қараша
- Атырау облысы
7753 просмотров

Іс-шараны Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен Дизайнерлер қауымдастығы ұйымдастырды

Бибінұр Мұратова үшін қолөнер көп жылдар бойы жай ғана ермек болды. Алайда қолөнерге деген сұраныстың артуына байланысты келіншек сүйікті істі кәсіпке айналдыру жайында ойлана бастады. 2015 жылы ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен оқуға қатысты.

  «Былтырдан бері қызметімде негізгі екпінді оқуға бұрдым. Тігу мен пішу бойынша қысқа мерзімді оқу курстарын ұйымдастырдым. 2019 жылдан бері оқуға 30 қыз-келіншек қатысты. Мына көрмеге шақырту алған соң көйлектердің арнайы қысқы топтаманы әзірледім. Бұйымдарым атыраулық ханымдарға ұнайды деп үміттенемін», – деді Бибінұр Мұратова.  

Көрмеге облыстың қалалары мен аудандарынан барлығы 15-ке жуық жергілікті дизайнер мен қолөнершілері қатысты. Көрмеге қойылған бұйымдардың ішінде киім, аяқ киім, ұлттық бас киімдер, әшекейлер, қолданбалы өнер қойылды. Бұл Атырау дизайнерлер қауымдастығы ұйымдастырған алғашқы шоу-рум, бірақ олардың бұдан бөлек болашаққа деген үлкен жоспарлары бар.

 «Іскер әйелдер кеңесіне шоу-рум ұйымдастыруға атсалысқаны үшін алғыс білдіремін. Екі күн ішінде көрмеге келушілер жергілікті дизайнерлер мен қолөнершілердің өнімдерімен танысып қана қоймай, өздеріне ұнаған өнімдерді сатып ала алды. Іс-шараның басты мақсаты – отандық өндірушілерді, әсіресе ауылдық қолөнер шеберлерін қолдау. Ары қарай осындай іс-шаралар тұрақты негізде ұйымдастырылады», – деді Атырау дизайнерлері қауымдастығының төрайымы, ӨКП Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Айсұлу Оразбаева.         

Айта кетелік, Атырау дизайнерлері қауымдастығы бір жарым жыл бұрын құрылды. Бүгінде қауымдастықтың 40 мүшесі бар.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер