«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» туристік маусым алдында саладағы түйткілді мәселелерді атады

2021 жылғы 22 Ақпан
6784 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева туристік бизнес проблемалары жайында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында айтты

 Баяндаманың толық мәтінін жарияладық.

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы!

 Туристік саланың пандемия және карантиндік шектеулерге байланысты дағдарыстан шығуы бойынша туристік нарықтың мәселелері мен ұсыныстарын айтуға рұқсат етіңіздер. 2020 жылы Үкіметтің бірқатар қолдау шараларына (салық, несие төлеуді кейінге шегеру, тексерулерді тоқтату) қарамастан туризм субъектілері әлі де қиындықтар көруде, өйткені кәсіпкерлер жұмысты толық көлемде бастай алмай отыр.

 Субъектілердің көбі қызметін толық тоқтатқан, атап айтқанда орналастыру орындары (қонақ үйлер, шипажайлар, балалар лагерлері және т.б.). Осы салада көп жылдар бойы алғаш рет субъектілердің 5 пайызға қысқарғаны орын алды.

 Алда келе жатқан туризм маусымының басталуына байланысты туристік нарық субъектілері өз қызметін әрі қарай жалғастыру мүмкіндігіне алаңдаушылық білдіріп жатыр, туристік бизнеске келесі мәселелер бойынша айқындық қажет:

 1. Көшпелі туризм саласында – отандық туроператорлар мен қонақ үйлер шетелден туристерді қабылдай ала ма? Туристер қандай елдерден, қандай көлік түрімен келеді? Нарық субъектілері егер жағдай алдағы ай ішінде айқындалмаса, демек кезекті туристік маусым құрдымға кетті деп есептеуге болады дейді. Осы ретте көрші елдер (Қырғызстан, РФ, Беларусь) жұмыс істеуге мүмкіндік алған. Нарық үшін тағы бір маңызды мәселе – Өзбекстанмен әуе қатынас қашан ашылады?

 Коронавирустың сырттан келуін бақылау қажеттілігін жақсы түсінеміз. Шетелдік туристерді қабылдау жөніндегі алгоритмдерді ұсынамыз. Бұдан бөлек, басқа елдерде эпидахуалдың үнемі өзгеріп жатқанына байланысты басқа елдерге ұшатын ҚР азаматтары үшін шетелдегі карантиндік шаралардың шарттары туралы ақпараттандырудың тұрақты көзін, форматын анықтау қажет.

 2. Балалар лагерлерінің жұмысы жанданбады. Төтенше жағдай енгізгелі бері лагерлер жұмыс істемейді. Елде қазіргі таңда 250 лагерь бар, соның ішінде 110-ы жеке меншіктегі лагерлер. Жаздай жұмыс істеген кейбір кәсіпкер балалар демалысын ұйымдастыру бағытында жұмыс істеуден бас тартуда, бұл өскелең ұрпаққа білім беру-тәрбиелеу процесіне теріс әсер етеді.

  Біз жұмыс істеуге оңтайлы алгоритмдерді әзірлеу, соның ішінде балалар лагерлеріне мемлекеттік қолдау мүмкіндігін қарауды сұраймыз. Нақты ұсыныстарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жібердік. Бұл жұмыс 2021 жылғы көктем-жаз айларында 390 000 балаға демалуға, сондай-ақ лагелердердің 7500 жұмыскеріне жұмыс орын сақтауға мүмкіндік береді.

 3. Біз сондай-ақ осыған дейін төрт өңірде сәтті іске асқан «Жанды сабақтар» жобасын масштабтауды сұраймыз. Жоба бизнеске жұмыс істеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, мектеп оқушылардың материалды игеру, қосымша білім алу, кәсіби бағдарлануына оң әсер етеді.

 «Атамекен» ҰКП бастамасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, «KazakhTourism» ҰК» АҚ, жергілікті атқарушы органдар мен туристік нарықтың қатысуымен Жобалық кеңсе құрылды. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Г. Абдрахимов осы Жобалық кеңсеге жетекшілік етеді деген үміттеміз. Жобалық кеңсенің қызметі шеңберінде туристік нысандардың тізімі, туроператорларға қойылатын талаптар, туристік өнімге ұсыныстар қалыптастырылады. Ең бастысы – қаржыландыру механизмдерін анықтау. Сонымен қатар, жобаға ҚР БҒМ белсенді қатысуы қажет етіледі.

Өз сөзін қорытындылай келе, Юлия Якупбаева туризм мәселелерін шешу үшін ведомствоаралық және өңіраралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. «Атамекен» ҰКП  осы мақсаттар үшін ҚР Үкіметі жанындағы Туризм кеңесінің платформасын іске қосуды сұрайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер