«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда «кепілдік беру» және «субсидиялау» құралдары бойынша бизнестің қосымша қаражатқа қажеттілігі анықталды

2021 жылғы 17 Қыркүйек
- Атырау облысы
9428 просмотров

Қазіргі кезде бизнесті қолдау бағдарламалары шеңберінде кепілдік беру және субсидиялау бойынша қажеттілік 655 млн теңгені құрайды.

Бұл туралы Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбековтың төрағалығымен өткен кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында мәлімдеді.

Өңірлік палата басшысының айтуынша, жобалық кеңсе екі жыл бойы жеңілдетілген несие беру, АӨК саласын субсидиялау, сондай-ақ реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамту бағдарламаларының іске асырылуына мониторинг жүргізіп келеді. Бұдан басқа, осы бағыттар бойынша, оның ішінде жүргізіліп жатқан бизнес-сауалнама аясында кәсіпкерлік субъектілерінің проблемалық мәселелеріне тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі таңда жалпы республика бойынша кәсіпкерлік субъектілері көтеретін мәселелердің бірі – «субсидиялау» және «кепілдік беру» құралдары бойынша қаражаттың жетіспеуі.

«Республикалық жобалық кеңсенің отырысында Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ҰКП  және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, қолданыстағы бағдарламалар мен бизнесті қолдау шаралары шеңберінде субсидиялау және кепілдік беру құралдарына қосымша қажеттілікті айқындау жөніндегі жұмыс тобын құру тапсырылды. Сондай-ақ жобалық кеңсенің кезекті отырысында қарау үшін қалыптастырылған жобалар пулымен есеп айырысуларды ұсыну жүктелді. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы бұл мәселені пысықтап, қажеттілік 655 млн теңгені құрайтынын анықтады. Оның ішінде субсидиялауға 255 млн теңге және кепілдендіруге 400 млн теңге керек. Қаржы институттарынан қосымша ақпарат сұралды», – деп атап өтті Нұрлан Сүйінбаев.

Жиын барысында өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры өңірлердің экономикалық картасын қалыптастыру аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да есеп берді. Карта өндірістік мамандануды анықтау, өңірлер, салалар мен нақты мемлекеттік бағдарламалар кескінінде мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Өңірлердің интерактивтік экономикалық картасы Өңірлік даму бағдарламаларын әзірлеу үшін негіз болуы тиіс.

«Өңірлердің экономикалық картасын қалыптастыру аясында Кәсіпкерлер палатасы өңдеу, тамақ өнеркәсібі мен АӨК саласында 491 кәсіпорнын паспорттау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде 271 (55%) кәсіпорын паспортталды. Кәсіпорындарды паспорттау өндірістік қуаттарды қайта жүктеу бойынша түрлі проблемалық мәселелерді анықтауға және оны шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді», – деді палата басшысы.

Жиында жобалық кеңсенің мүшелері «Атамекен-Атырау бизнес қолдау» МҚҰ өткізетін «Бастау Бизнес» жобасының түлектеріне несие беруге қатысты жұмыспен танысты. Еске салайық, несиелер 5-7 жылға дейінгі мерзімге жылдық 6%-бен кепіл саясаты және қандай да бір комиссиясыз беріледі. Республика бойынша бұл мақсаттарға барлығы 22,5 млрд теңге, Атырау облысы бойынша – 1,0 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатты ағымдағы жылдың соңына дейін игеру қажет. МҚҰ директоры Мұрат Мұстажаповтың айтуынша, өтінімдерді қабылдау науқаны бір ай бұрын басталғанына қарамастан, бүгінде несиелеу бойынша қарауда жалпы сомасы 486,7 млн теңгеге 59 жоба бар.

Айта кетейік, несие қаражатын алғысы келетін кәсіпкерлер арасында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтіп үлгермеген азаматтар да аз емес. Осыған байланысты, «Атамекен» ҰКП қосымша тағы 30 адамды оқыту мәселесін шешті, қазір осы азаматтар бизнес негіздерін игеріп жатыр.

Кеңесті қорытындылай келе, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков «Бастау Бизнес» жобасының түлектеріне несие беру бойынша қаражатты игеру мәселесінің маңызын атап өтіп, мемлекеттік органдарға оны шешуге көмек көрсету үшін бірқатар тапсырмалар берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер