«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырау жастары еліміздің Конституциясына өзгерістер енгізу қажеттігін қолдайды

2022 жылғы 31 Мамыр
- Атырау облысы
13177 просмотров

Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінде студенттермен конституциялық реформаның негізгі аспектілерін түсіндіруге бағытталған кездесу өтті.

 Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжі Атырау өңіріндегі жетекші оқу орындарының бірі. Бүгінгі таңда 2500 студент әлеуметтік-гуманитарлық, заң және техникалық бағыттағы 16 мамандық бойынша білім алып жатыр. ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша бүкілхалықтық референдумды қолдау жөніндегі өңірлік штабтың мүшесі, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев өзінің құттықтау сөзінде еліміздің Ата заңына енгізілетін түзетулердің маңызына назар аударды.

 «Енгізілмек түзетулердің қатарында – Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік формасынан мықты парламенті бар президенттік формаға көшеді.  Президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым салынады. Жер және оның қойнауы халыққа тиесілі болуы тиіс. Қазақстандықтар Конституциялық сотқа өз бетінше жүгіне алады. Қазақстанда өлім жазасы болмайды. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылатын болады. Сенаттағы президенттік квота қысқарады, Мәжілістегі Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы жойылады. Депутатты сайлаушылардың өтініші бойынша қайтарып алуға болады. Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталады», – деді Нұрлан Сүйінбаев.

Спикердің айтуынша, алдағы референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және халықтың ерік білдіруі көрініс табады, жан-жақты демократияландыру мен жаңа Қазақстанды құру бағытын нығайтады.

«Мемлекеттің болашағы жастардың қолында, сондықтан жас буын ұсынылған реформалардың маңызы мен қажеттілігін түсінуі керек. Мемлекет басшысы еліміздің мемлекеттік моделі мен саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін ҚР Конституциясына түзетулер енгізуге бастамашылық жасады. Бұл үдеріске сіздер де белсене атсалысуларыңыз керек», – деп түйіндеді Нұрлан Сүйінбаев студенттерге арнаған сөзінде.

Конституциялық реформаның негізгі аспектілерін түсіндіру жұмыстарын екі апта бұрын өңірлік Кәсіпкерлер палатасы бастағанын айта кету керек. Осы күндері қала және облыс аудандарындағы бизнес нысандарының ұжымдарымен кездесулер өтті. Бұдан басқа, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының консультанттары бизнес мәселелерімен қатар, әрбір тармақты егжей-тегжей түсіндіре отырып, Ата заңға енгізілетін түзетулер туралы кәсіпкерлерді хабардар етуде.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер