«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық палата құрылысшыларды заң шеңберінде жұмыс істеуге шақырады

2022 жылғы 11 Қараша
4815 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары құрылыс саласында жарамсыз мәмілелерді жүргізудің жиілеп кеткен жағдайларына байланысты  тұрғын үй сатып алу бойынша құрылыс компанияларының неліктен «сұр» схемаларға баратынын және заңнаманы айналып өту үшін заңсыз мәмілелер жасауға тырысатынын зерттеп көрді.

Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша,  жыл сайын тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңды бұзған құрылыс салушылардың әрекеттерінен өз үйін күтіп жүрген 15 мыңға жуық үлескер зардап шегеді.  

 «Мұндай құрылыс салушыларға қарастырылған жауапкершілік болмашы ғана әрі олар бұл жазалардан қорықпайды. Мемлекеттік органдарда тиісті тексеру жүргізуге өкілеттігі аз. Заңды жаппай бұзу мәселесін шешу –заңды сақтайтын құрылысшылар үшін жеңілдіктер мен артықшылықтар шеңберін кеңейтуге көмектеседі. Жасыратыны жоқ, бүгінде кәсібін адал жүргізетін құрылыс салушылар әр түрлі комиссияларды төлеуге айтарлықтай шығынданады. Бұл ретте ынталандырушы артықшылықтар мен жеңілдіктерді көрмейді», – дейді спикер.

 Заңнамаға сәйкес құрылыс салушылары тұрғын үйді салу кезінде үлескерлердің қаражатын мынадай үші жағдайда тарта алады: бірыңғай оператордың («Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ) кепілдігі болған кезде, әкімдіктің рұқсатымен және ЕДБ жобасына қатысқан кезде, қаңқа салынғаннан кейін әкімдіктің рұқсатымен.

 Демек, үлескерлердің қаражатын тарту үшін құрылыс салушының қолында «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-тан  немесе әкімдіктен кепілдік құжаты болуы керек. Кепілдік құрылысқа қаражат салған үлескерлер нәтижесінде пәтерін ала алатынын кепілдендіреді.

Салынып жатқан үйде тұрғын үй сатып алу кезінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісімшарт заңды келісім болып саналады. Бұл құжат тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, уәкілетті компанияның ұсынуы бойынша көппәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органда есепке алынуға (тіркелуге) жатады.

«Қазақстан құрылысшыларының қауымдастығы» РҚБ төрағасы Әміржан Нұркамзиновтың айтуынша, құрылыс салушыларға үлескерлерді тартуда заңмен қойылған талаптар күрделі. Сондықтан көптеген құрылысқа қаражат тарту үшін салушы «сұр» схемаларды іздеуге талпынады, инвестциялау келісімшарты, брондау келісімшарты жасауға тырысады.

 «Іс жүзінде мұндай құрылыс салушылар құрылыс мерзімін айтарлықтай ұзартқан, кейбірі құрылыс жұмыстарын тоқтатып, жобадан кетіп тынған. Үлескерлер қаражатсыз, үйсіз қалған жаңдайлар бар. Осындай жағдайлар қоғамда әлеуметтік шиеліністі тудырады. Сондықтан әкімдіктерге үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты жоқ құрылыс салушылар туралы ақпаратты жүйелі түрде жариялап отыру керек, осылайша азаматтарды ықтимал салдар туралы хабардар ету керек», – дейді спикер.

 Қазақстанда құрылыс компаниялардың басым бөлігіне үлескерлерден қаражат тарту үшін «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ немесе әкімдіктен рұқсат алу қиын шаруа. Өйткені Заңда осы қызметпен айналыса алатын құрылыс салушылар үшін нақты талаптар қарастырылған. Құрылыс салушылардың қажетті тәжірибесі, қаржысы және тағы басқа мүмкіндіктері болуы керек.

 Ұлттық палата қазіргі кезде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, үлестік құрылысқа заңды түрде қатысқысы және құрылыс сатысында пәтерлерді сатқысы келетін құрылыс салушылар үшін кейбір талаптарды төмендету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

«Атамекен» ҰКП құрылыс департаментінің сарапшысы Данияр Молкенов үлестік құрылыс механизмі  құрылыс салушылар үшін де, азаматтар үшін де тиімді екенін атап өтті. Өйткені салынып жатқан тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы қайталама нарыққа қарағанда едәуір төмен.

 «Құрылыс компанияларының кең ауқымына рұқсат беру кезінде белгілі бір тәуекелдер бар болса да үлестік құрылыс нарығын дамыту қажет. Рұқсат алудың қосымша механимздерін ойлап табу керек. Мұндай тәсілдердің бірі жеке сақтандыру компаниялары арқылы сақтандыру тәсілі. Жалпы, біз құрылыс салушыларға оны айналып өту жолдарын іздемей, заң шеңберінде жұмыс істеу тиімдірек болуын қамтамасыз етуіміз керек», – деп атап өтті Данияр Молкенов.

«Атамекен» ҰКП көппәтерлі тұрғын үйлер салатын барлық компанияны заң шеңберінде жұмыс істеуге шақырады. Салынып жатқан пәтерлерді сату тиісті рұқсат болған жағдайда ғана жүзеге асыру қажет екенін еске салады.

 Ұлттық палата үлестік құрылысқа қатысу үшін қажетті рұқсат алғысы келетін, бірақ бюрократиялық кедергілерге байланысты оған қол жеткізе алмаған  компанияларға қолдау көрсететін болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер