«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордада «Іскер» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беріліп жатыр

2023 жылғы 18 Қаңтар
- Қызылорда облысы
10881 просмотров

Жыл басынан 160 азамат Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына келіп, кәсіпкерлікпен айналысуға байланысты мемлекеттік бағдарлама, қолдау тетіктері туралы кеңес алды. Дәл қазір қандай бағдарлама бойынша, қайдан қаржы алуға болатыны жөнінде Кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Асылхан Балмахановтың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Асылхан Тимурұлы, қазір кәсіпкерлік саласына қатысты қызылордалықтарды қай тақырып қызықтырады?

Сәлеметсіз бе. Өздеріңіз де естіген боларсыздар, биылдан бастап жастарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Жақында ресми құжаты қабылданды. Кәсіпкерлер палатасына кеңес алуға келетін азаматтардың басым көпшілігі осы қолдау тетігін сұрап жатыр. Қазірбизнес жоспарларды қарайтын облыстық комиссия құру, несие беруге жауапты оператор «Аграрлық несие корпорациясы» мен жергілікті әкімдік арасындағы шарт жасау сияқты ұйымдастыру шаралары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар толық аяқталып, қаржы түсетін мерзімі белгілі болған кезде бұл қолдау тетігін кеңінен түсіндіреміз.  Одан өзге қайтарымсыз қаржы алу жолдарын сұрап жатқан азаматтар да бар.

Қолданыста бар, жұмыс істеп тұрған несие бағдарламасы бар ма?

Иә, бар. Кәсібі бар қызылордалықтар «Іскер» бағдарламасы арқылы 6 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Қаржы 5 жылға беріледі. Қызылорда қаласының тұрғындарына 16 млн теңгеге дейін, қалаға қарасты ауылдық округтер мен аудан, ауыл азаматтары 5 млн теңгеге дейін ала алады.Несие  «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС (РИЦ) мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы беріліп жатыр.

Бұл несие бағдарламасына кімдер қатыса алады? Қандай талап қойылады?

Кәсіпкерлер, жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Кәсібіңіздің ашылғанына үш жылдан артық уақыт болса оқу сертификаты керек емес. Ал енді ашылған, ашылғанына үш жыл толмаған кәсіпкерлік субъектілерінің иелеріне «Бастау бизнес» жобасын оқығаны туралы сертификаты болуы қажет.Ең басты талап – кепіл мүлік, сондай-ақ міндетті түрде кепілгер, яғни гарант керек. Несие алатын азаматтың да, кепілгердің де несие тарихы мұқият тексеріледі. Кешіктірілген күн саны 180-нен аспауы керек.

Несиені қандай жобаларға алуға болады? Аудан, ауыл тұрғындары құжаттарын қайда тапсырады?

Жеңілдетілген несиені барлық жобаға алуға болады. Бірақ қаржының қайда, қандай мақсатқа жұмсалатынын туралы алдын ала ақпарат көрсетуі тиіс. Мысалы, құрал-жабдық сатып алатын болса «қайдан, кімнен, қанша қаржыға» алатынынқұжаттар арқылы дәлелдейді.Қызылорда қаласының азаматтары Қорқыт ата көшесіндегі 123 үйге – «Бизнеске арналған үкімет» ғимаратына келіп құжаттарын өткізеді. Жоғарыда айтқан қаржы ұйымдары осы ғимаратта отырады. Кәсіпкерлер палатасы да. Ал аудан, ауыл тұрғындарының құжаттарын кәсіпкерлік бөлімдері сүйемелдеп, бірге жинайды және Қызылорда қаласындағы аталған қаржы институттарына әкеліп өткізеді. Қосымша сұрақтар туындап жатса, бізге – Кәсіпкерлер палатасына хабарласса болады. Байланыс нөміріміз 8 /7242/ 40-09-81, 40-02-02.

Асылхан Тимурұлы, сұхбатыңызға рақмет.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер