«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Хижама орталықтарының қызметі шектеле ме?

2023 жылғы 02 Наурыз
- Атырау облысы
14122 просмотров

Бұл мәселе Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Адами капиталды дамыту комитетінің талқылауына шығарылды.

Жиынға санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменттерінің өкілдері, хижама орталықтарының қызметтерін ұсынатын кәсіпкерлер қатысты.

Еске салсақ, осы жылдың ақпанында Атырау қаласының хижама-орталықтарының бірінде сәбиге қан шығару процедурасы жасалды. Осы жағдайдан кейін денсаулық сақтау министрлігінің шешімі бойынша орталық жабылды. 
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері жоғарыда аталған орталықты тексеру барысында көптеген бұзушылық анықталғанын айтты.

«Хижама» процедурасынан басқа орталықта хирудотерапия қызметтері көрсетілген, бұлшықет ішіне және көктамыр ішіне инъекциялар жүргізілген. Оларды тиісті медициналық білімі жоқ қызметкерлер жасаған. Сондай-ақ, тексеру дезинфекциялық және зарарсыздандыру режимінің бұзылғанын анықтады. Орталық, атауына сәйкес, эпидемиологиялық маңызы шамалы объектілерге жатса да, онда лицензиялауды талап ететін медициналық рәсімдер жүргізілді», – деді СЭҚД бөлімінің басшысы Нұржамал Исламова.

Кездесу барысында мемлекеттік органдардың өкілдері бизнес субъектілеріне эпидемиологиялық маңызы жоғары және елеусіз объектілерге қойылатын талаптар туралы айтты.

«Хижама» рәсіміне келетін болсақ, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті өкілдерінің айтуынша, бүгінгі күні бұл қызмет түрі лицензияланбаған. Сондықтан қолданыстағы заңнамада қандай да бір рұқсат құжаттарын беру көзделмеген. Талаптар тек хижама кезінде қолданылатын өнімдерге ғана қойылуы мүмкін, бірақ бұл еш жерде жазылмаған.

«Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, Денсаулық сақтау министрлігі жанынан 3 ай ішінде біз реттеу актілерін талдадық. Дәстүрлі және дәстүрлі емес медицина бойынша сұрақтар болды. Қазіргі кезде мұндай объектілерге бекітілген біліктілік талаптары жоқ. Олардың қызметін реттейтін нақты қағидалар болуы керек. Қазір реттеу шаралары тек мемлекеттік объектілерге ғана қолданылады, алайда олар жеке медициналық объектілерді де қамтуы тиіс. Өйткені, сайып келгенде, біз адамдардың денсаулығының қауіпсіздігі туралы айтып отырмыз», – деп атап өтті Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Адами капиатлды дамыту комитетінің төрағасы Құрал Тишбаев.

Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны белгілі. Сондықтан кәсіпкердің өзі оның объектісінің заң аясында жұмыс істеуіне мүдделі болуы керек. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер палатасының бірлескен жұмысы өзекті болып қала береді.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар келісім жобасын әзірлеу қажеттілігі туралы ұсыныс білдірді. Оның шеңберінде мүдделі тараптардың қатысуымен кәсіпкерлердің объектілерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өндірістік бақылау жүргізілетін болады.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер