«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

7 кәсіпкерге 82,8 млн теңге: Қызылорда облысында салық органы саудадағы кәсіпкерлерге «жаппай» айыппұл салып жатыр

2023 жылғы 16 Мамыр
- Қызылорда облысы
6574 просмотров

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына 7 кәсіпкер жүгінді. Оларға 82,8 млн теңге айыппұл салынған. Бұдан бөлек өңірде тағы 77 кәсіпкерге айыппұл салынған, тек көлемі әзірге белгісіз.

Қызылордада сауда саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеуші ретінде уақытылы тіркелмегендіктен көлемді айыппұл төлеуге мәжбүр.

Мемлекеттік кірістер органынан ескертпе хабарламасын алғандардың бірі жеке кәсіпкер Рәзия Шаймағамбетова.

«Мен алтын бұйымдарын қарызға алып сатамын. Былтыр желтоқсанда 4,3 млн теңге айыппұл салды. Ол ақшаны жедел несие алып, жаптым. Енді биыл сәуірде 920 мың теңгеге және қосымша 27 млн теңгеге хабарлама келіп тұр. Оны төлеуге үш ай мерзім ғана беріп отыр. Оны қалай жабамын? Мұндай көлемде маған несие де бермейді ғой», – деді Рәзия Шаймағанбетова Кәсіпкерлер палатасына жазған өтінішінде.

Осындай проблеманы Қармақшы ауданының кәсіпкері Бағила Несіпбаева да айтты. Ол Кәсіпкерлер палатасының алаңында мемлекеттік кірістер органы мамандарының қатысуымен өткен ашық есік күніне онлайн қосылды.

«Жолдасым екеуміз саудамен айналысамыз. Шүкір, салық және өзге де міндеттемелерді уақытылы төлеп келеміз. 2021 жылы қарашада салықтың маманы шақырып алып, айналым қаражаты межеге жетіп қалғанын ескертіп, үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге (ТИС) өтуге кеңес берді. Өттік. Соңғы екі жылда осы жүйе бойынша барлық міндеттемені өтеп келеміз. Салықтың мамандары биыл қаңтарда қайта шақырып, қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелуімізді сұрады және соңғы екі жылға 25,7 млн теңге айыппұл салды. Біз маман емеспіз. Бухгалтер ұстап отыруға жағдайымыз келе бермейді. Сол үшін салықтың мамандарымен кеңесіп отырамыз. Ал нәтижесі мынадай? Ол ақшаны қайдан аламыз? Осы оқиғадан кейін жолдасым ауруханада жатыр», – деді шарада Бағила Несіпбаева.

Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Салтанат Ержанова бүгінге дейін 84 кәсіпкерге осындай мотивпен айыппұл салынғанын атап өтті.

Шарада Өңірлік кеңес мүшесі Бейбітәлі Тілеулиев айыппұл салынған кәсіпкерлердің басым бөлігі сауда саласындағы кіші бизнес өкілдері екенін айтып, олардың білікті маман ұстауға мүмкіндігі жоғын алға тартты.

«Халық арасында салық мәдениетін қалыптастыру үшін ескертпе-хабарлама беру тәсілін де оңайлату керек. Бухгалтері жоқ шағын кәсіпкерлер тоқсандық, жылдық есептерін бір реттік қызмет көрсететін мамандарға тапсыртады. Жеке кабинетін ашып отырмайды. Сол үшін салынған айыппұл немесе орын алуы мүмкін заңсыздықтар туралы хабарламалар SMS арқылы жіберілуі керек», – дедікәсіпкер Бейбітәлі Тілеулиев.

Статискаға сүйенсек, Қызылорда облысында 67 мыңнан астам кәсіпкерлік субъекті тұрақты жұмыс істеп тұр. Оның ішінде сауда саласында тіркелгендері – 21 814.

«Өңірде жұмыспен қамтылғандардың 17,5 пайызы сауда саласында жұмыс істейді. Бізге арыз жазған 7 кәсіпкер 23 адамды қамтып отыр. Айыппұл салынғандардың саны 84 екенін ескерсек, бұл проблеманың әлеуметтік жағы да көрінеді. Сол үшін мәселе Үкіметтік деңгейде шешілуі керек», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Айта кетейік, бұл мәселе осы жылдың ақпанында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен өткен жұмыс тобында да қаралды. Сол шарада Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов бұл проблема республика көлемінде 2 мың кәсіпкердің басында бар екенін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер