Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қарағанды облысының бизнес-қоғамдастығымен кездесті
Қарағандыда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Қанат Нұровтың Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Ұлытау облыстарының бизнес-қоғамдастығы мен мемлекеттік органдарының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы кәсіпкерлердің өзекті мәселелері мен өңірде іскерлік ортаны жақсарту жолдары болды.
Кездесуде көмір мен болат өнімдерін экспорттауға қойылған шектеулер мәселесі көтерілді, бұл кәсіпорындардың дамуын тежеп, өндіріс көлемін азайтады. Сонымен қатар, құрылыс саласындағы әкімшілік кедергілер мен рұқсат беру рәсімдерінің күрделілігі кәсіпкерлердің алаңдаушылығын тудырды.
Алкоголь өнімдерін сатудағы заңнамалық мәселелерге де ерекше назар аударылды.
«Әкімшілік істер мен айыппұлдардың негізсіздігі заңнамалық олқылықтарға байланысты жиі туындайды. Бұл шағын бизнесті, әсіресе алкоголь өнімдерін сату саласын, ынталандырудың орнына керісінше демотиваторға айналып отыр. Біз бұл бағыттағы реттеу шараларының теңгерімді болуын күтеміз», — деді өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Владимир Быков.
Тағы бір маңызды тақырып — тау-кен өнеркәсібінде қылмыстық жауапкершілікті қолданудағы теңсіздік.
«Қылмыстық кодекс баптарындағы айырмашылықтар кәсіпорындар үшін тең емес жағдайлар туғызады. 156 және 277-баптарды қайта қарау осы мәселелерді шешуге көмектеседі», — деп мәлімдеді «Магнитка Казамета» ЖШС директоры Андрей Витик.
Сонымен қатар, жекеменшік мектепке дейінгі білім беру саласындағы қайталанатын тексерулер мәселесі талқыланды. Қарағанды филиалының үздіксіз білім беру қауымдастығы директорының орынбасары Гүлжазира Қасенованың айтуынша, жеке балабақшалар артық тексерулерге тап болып, бұл олардың тұрақты жұмысына кедергі келтіріп, қаржылық және әкімшілік жүктемені арттырады.
Кездесуге Қарағанды облысымен қатар, Ақмола, Павлодар және Ұлытау облыстарының бизнес өкілдері де қатысты. Олар өңірлік «Атамекен» палаталарының алаңдары арқылы zoom-конференция форматында өз сұрақтарын қойып, пікір білдірді. Мұндай формат өзекті мәселелерді кең ауқымда талқылауға және әртүрлі өңірлердің кәсіпкерлерінен кері байланыс алуға мүмкіндік берді.
Қанат Нұров кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және жүйелік кедергілерді жоюға бағытталған бизнес-омбудсменнің тұжырымдамасын таныстырды.
«Біздің міндетіміз – кәсіпкерлердің бизнес-омбудсменге жүгіну қажеттілігін жүйелік проблемаларды жергілікті деңгейде шешу арқылы барынша азайту. Маңыздысы – мәселелердің жергілікті мемлекеттік органдар деңгейінде шешілуі», — деп атап өтті ол.
щ
Кездесу қорытындысы бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар әзірлеу туралы шешім қабылданды. Барлық ұсыныстар профильді ведомстволарға қарау үшін жіберілетін болады.
Кездесуден кейін Уәкіл журналистердің сұрақтарына жауап беріп, бастамаларды жүзеге асыру жоспары туралы бөлісті.
Жұмыс сапары аясында Уәкіл Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесу өткізді. Кездесуде кәсіпкерлерді қолдау шаралары, бірлескен жобаларды іске асыру және бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою мәселелері талқыланды.
Қанат Нұров өңірдің жоғары әлеуетін атап өтіп, кәсіпкерлер кездесетін жүйелік проблемаларды шешуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: