«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мәжіліс депутаты шымкенттік кәсіпкерлермен кездесті

2025 жылғы 10 Қаңтар
- Шымкент қаласы
569 просмотров

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжиметдинұлы жергілікті кәсіпкерлерімен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуге Палата басшылығы, қалалық прокуратура, мемлекеттік кірістер департаменті, Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшілері мен кәсіпкерлер қатысты.

«Бұл кездесу ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжиметдинұлының бастамасын ұйымдастырылып отыр. Жиынға құзырлы-бақылау органдарының, мемлекеттік кірістер департаментінің, кәсіпкерлік басқармасының басшылығы мен кәсіпкерлер қатысуда. Жиын еркін форматта өтеді», – деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Шымкент қалалық прокуратураның басқарма бастығы Бақытжан Байғозиев Кәсіпкерлер палатасымен бірге бизнестің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар кешенді жүйеге қойылғанын атап өтіп, алдағы жоспарларды бөлісті.

«Парламент Мәжілісі депутаттарының жұмыс кестесіне сәйкес Шымкент қаласына келіп отырмыз. Мұндағы мақсатымыз – мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуы, жергілікті инфрақұрылым жүйесінің дамуы, жалпы, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің өзара байланысын туралы ақылдасу. Осыған орай бұл жиында өзара пікір алмасып, сұрақтар болса, жауап беруге, назарға алуға дайынбыз», – деді Болатбек Нәжиметдинұлы.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өздеріне қатысты сұрақтарын қойып, сала мамандарының жауабын тыңдады.

Мысалы, құрылыс компаниясының өкілі ғимарат салуға бөлінген жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым желісін жеткізу мәселесін көтерсе, Сайрам елдімекеніндегі кондитерлік фабриканың өкілі қазіргі таңда нарықта шетелдік арзан өнімдердің көбейіп кеткенін, олардың сапасы күмән тудыратынын айтып, жергілікті өнімдерді қолдау шараларын күшейтуді сұрады, сонымен қатар, жылжымайтын мүлік салығын төлеу үшін өндірістік ғимараттарды бағалауда түрлі санаттарға бөлу туралы ұсынысын жеткізді. Жалпы, жиында онға жуық кәсіпкер сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізді.

Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов ғимараттар туралы тиісті құжаттарды, оның ішінде құрылыс жән баға сметаларын кәсіпкерлердің өздері ұсынатынын айтып, бірқатар кәсіпкердің хабарлама жеткізу бойынша ескертпелері назарға алынатынын жеткізді.

Болатбек Нәжиметдинұлы осы арада мемлекеттік кірістер саласының мамандары Шымкент қаласындағы ірі ғимараттардың құнын қайта есептеу нәтижесінде жергілікті бюджетке салық түсімінің артқанын еске алды. Мәжілісмен жиын қорытындысында барлық сұрақтар жауапсыз қалмайтынын айтып, қажет болған жағдайда депутаттардың блогына жазуға болатынын айтып, алдағы уақытта тиісті салалық министрлікте осы мәселелер бойынша жиын өткізілетінін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер