Қазақстан мен БАӘ кәсіпкерлері Ақтауда смарт-қала құру туралы меморандумға қол қойды
7 ақпанда Sarte Project Management Services және "Каспий даму орталығы" ЖШС Ақтаудағы көпфункционалды EcoCity смарт-қаласын дамыту бойынша серіктестік туралы меморандумға қол қойды.
Жоба тұрғын үй, коммерциялық және рекреациялық аймақтарды қамтиды. Сондай-ақ, онда ойын-сауық паркі, планетарий, амфитеатр, әлемдік деңгейдегі спорт кешені және Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Қазақстандағы алғашқы 7 жұлдызды қонақүй салынады. Бұдан бөлек, заманауи ауруханалар, клиникалар, халықаралық медициналық және инженерлік университеттер жобаланған.
Меморандумға Дубайда Қазақстан-БАӘ іскерлік кеңесінің Қазақстан тарапының, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының және "Атамекен" ҰКП-ның қолдауымен "Каспий даму орталығы" ЖШС операциялық директоры Артем Шатаев және Sarte Project Management Services басқарма төрағасы Dr. Hasan Rasheed қол қойды.
Жалпы инвестиция көлемі 4,5 миллиард АҚШ долларын құрайды. Жоба құрылыс және пайдалану кезеңдерінде мыңдаған жұмыс орындарын ашып, қомақты салық түсімдерін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл жоба әлемдік туристерді тарту арқылы жергілікті экономиканың дамуына серпін береді. Жоба экологиялық тұрақтылық қағидаларына негізделген, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері мен су үнемдеу технологияларына ерекше көңіл бөлінген.
Sarte Project Management Services – Дубай, БАӘ-де орналасқан жетекші құрылыс компаниясы. Компания экологиялық тұрақты және жоғары сапалы жобаларды әзірлеуде әлемдік тәжірибеге ие.
“Каспий даму орталығы" ЖШС – Ақтауда орналасқан жетекші девелоперлік компания. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы "Жаңа Ақтау" жобасын іске асырып келеді және жергілікті нарықты терең білетін, тұрақты дамуға берік бейілді компания.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: