«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау шаралары талқыланды

2025 жылғы 18 Ақпан
- Атырау облысы
1001 просмотров

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы Әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қорымен бірлесе отырып, әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау және олардың қызметі үшін жағдайды жақсарту шараларын талқылау мақсатында адами капиталды дамыту бойынша салалық кеңесінің отырысын ұйымдастырды.

Шара өңірге жұмыс сапарымен келген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Президиумы жанындағы Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қосымша комитет төрағасының орынбасары Александр Соболевтің қатысуымен өтті. Мұнда жергілікті атқарушы органдардың, даму институттарының, қаржы ұйымдарының, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері шақырылды.

Александр Соболев өз сөзінде әлеуметтік кәсіпкерлік Қазақстанда ерекше мәртебеге ие бизнес екенін атап өтті. Әлеуметтік кәсіпкерлердің бастамаларын жүзеге асыру үшін оның мемлекет үшін маңыздылығын атап көрсететін жеке заң әзірленді. Бизнестің бұл түрі азаматтардың әлеуметтік осал санатының мәселелерін шешуге көмектеседі және инклюзивті қоғамды қалыптастыруға ықпал етеді, сондықтан оны дамыту басым бағыттардың бірі болып табылады.

«Атырау облысына келу мақсатымыз – жергілікті әлеуметтік кәсіпкерлердің, яғни түзету орталықтарын басқаратындардың, инклюзивті мектепке дейінгі және қосымша білім берумен айналысатындардың, мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ашатындардың және азаматтардың басқа да әлеуметтік санаттарының бастамаларын қолдау. Бұл алаңда біз мемлекеттік қолдаудың негізгі шараларын талқылап, жергілікті атқарушы органдардың осы бағыттағы көзқарасын тыңдағымыз келеді. Мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлерге бірқатар преференцияларға кепілдік береді. Әлеуметтік кәсіпкерлер олар туралы біліп, қолдануы керек», - деп атап өтті әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қосымша комитет төрағасының орынбасары.

Александр Соболевтің айтуынша, бүгінде республикада 1000-ға жуық, соның ішінде, Атырауда 36 әлеуметтік кәсіпкер бар. Олардың барлығы үшін қолдау шаралары туралы ақпараттың жоқтығы, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың төмен деңгейі сияқты мәселелер өзекті болып отыр.

«2022 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданды. Осы үш жылдың ішінде біз әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жүйесін кезеңдеп құрып келеміз. Қазірдің өзінде мемлекеттік гранттар мен әлеуметтік кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсету сияқты бірқатар оң нәтижелер бар. Бірақ алда көп жұмыс күтіп тұр және оны мемлекеттік органдармен бірлесіп атқару керек. Сондықтан бұл кездесу кәсіпкерлікті қолдау органдарымен ашық диалог құру, басқа өңірлердің тәжірибесін талқылау, «Жарқыра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудағы Атырау облысының бірегей тәжірибесін бейімдеу, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты ұсыныстар алу үшін ұйымдастырылды», - деді Александр Соболев.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қосымша комитет төрағасының орынбасары әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялық қордың маңыздылығын, оның қызметінің арқасында өңірдегі әлеуметтік кәсіпкерлер «Жарқыра» бағдарламасы аясында даму мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті.

Жиын барысында қатысушылар қолданыстағы бағдарламалар аясында әлеуметтік кәсіпкерлерге жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу, әлеуметтік кәсіпорындардың әкімшілік рәсімдерін жеңілдету, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттік көмекті кеңейту мүмкіндіктері сияқты мәселелерді талқылады. Айтылған ұсыныстар «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қосымша комитеттің жұмысына еңгізілетін болады.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер