«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ІІМ «Еңбек» РМК құқықтық жауапкершілігінің болмауына байланысты кәсіпкерлерге шамамен 1 млрд. теңгедей қаржы төлемеген

2025 жылғы 20 Ақпан
1746 просмотров

2025 жылғы 20 ақпанда Қайырбек Сүлейменовтың төрағалығымен өткен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің кезекті отырысында ІІМ ҚАЖК «Еңбек» РМК азаматтық-құқықтық қатынастарда кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау мәселесі қаралды.  

Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнес субъектілерінің «Еңбек» РМК шарттық міндеттемелерін орындамағаны туралы өтініштер келіп түсті. «Еңбек» РМК жеткізілген тауарларға, көрсетілген жұмыстар мен қызметтерге ақы төлеу жөніндегі міндеттемелерінің көптеген бұзушылықтары тұтынушылардың сатып алуларын өткізу кезінде жеткізушілерді қорғаудың құқықтық тетіктерінің болмауына байланысты, қабылданған мүліктік және ақшалай міндеттемелерді орындай алмауда.

 Сандар сөйлесін

 2025 жылғы ақпанда сот орындаушыларында кәсіпкерлік субъектілерінің пайдасына «Еңбек» РМК 961,4 млн.теңгеге берешекті өндіріп алу туралы 71 атқарушылық іс жүргізілді. Тек 2025 жылдың қаңтар айында 61,1 млн. теңгеге 3 жаңа атқарушылық іс қозғалды.   

Бұл құжаттар орындалмауда, себебі «Еңбек» РМК-ға қатысты сот шешімін белгіленген тәртіппен орындауды болдырмайтын оңалту жүргізіледі.        

«Еңбек» РМК басшылығы компанияның қаржылық жағынан дәрменсіз екенін және оңалту рәсімін жүргізу кезеңінде іс жүзінде азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босатылғанын біле отырып, жекелеген шарттар жасасты және жеткізушілерден тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді төлемсіз алды, сол арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтірді», - деді спикер Талғат Доскенов.           

Атқарушылық құжаттар оңалту рәсімі басталғаннан кейін шығарылған соттардың шешімдері бойынша ұсынылғанына қарамастан, олар мемлекеттік сот орындаушыларының орындауынсыз қалдырылады, бұл Қаржы министрлігінің пікірінше қабылдауға келмейді.       

Мемлекеттік кәсіпорынның шарттық тәртіпті бұзуы биліктің беделіне нұқсан келтіреді, мемлекет пен бизнестің серіктестік қатынастарының дамуын шектеп, кәсіпкерлерге шығын әкеледі, өндірістік және бизнес процестерді бұзады.  

Қалыптасқан жағдай Мемлекеттік сатып алу туралы заңда белгіленген тапсырыс берушілердің құқықтарының протекционизміне байланысты, ал кәсіпкерлік қоғамдастықтың тапсырыс берушілер мен жеткізушілердің құқықтарының тепе-теңдігін сақтау туралы ұсыныстарын заң әзірлеушілер де, заң шығарушы органда талқылау кезеңінде де еленбеді.     

Мәселен, мемлекеттік сатып алуға қатысуды шектеу негіздерін көздейтін «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 7-бабы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді жеткізушілерге ғана қатысты. Заңның 8-бабына сәйкес, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімін жүргізу тек жеткізушілерге ғана қатысты. Жосықсыз тапсырыс берушілердің тізілімін қалыптастыру туралы ұсыныстар заң жобасын дайындау және оны қабылдау кезеңдерінде қабылданбады.

Мемлекеттік сатып алу порталына сәйкес, 2024 жылы «Еңбек» РМК 3,5 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу тендерін өткізді және 2025 жылы да қысқару үрдісі болған жоқ.

«Еңбек» РМК-да шарттық міндеттемелерді бұзудың қалыптасқан тәжірибесі орын алуда, бұл бизнес алдында миллиондаған берешекке алып келді.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңда көзделген Тапсырыс берушінің бюджетіне негізделген мемлекеттік сатып алуды жоспарлау тәртібі сақталмайды. Қаржы министрлігі жоспарланған сатып алулардың кәсіпорынның қаржылық мүмкіндіктеріне сәйкестігін бақыламайды және түзетпейді. Бұл қызмет Тапсырыс берушінің өзіне өтеуге беріледі, оның адалдығы жеткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар және көрсетілген қызметтер үшін кәсіпкерлерге ақы төлеу жүргізілуіне байланысты болады.       

«Кәсіпорындардың бизнес субъектілері алдындағы берешегінің артуы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жағдай жасайды», - деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов. 

2024 жылғы желтоқсан – 2025 жылғы қаңтар айларында «Еңбек» РМК Бас директордың орынбасары және оның қарамағындағы – құрылыс басқармасының бастығы мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқаны, орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны және олар бойынша ақы төлегені үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алды деген күдікпен тергеу жұмыстары басталды.     

Егер мемлекет «Еңбек» РМК қызметіне мүдделі болса, өндірістік қызметті жүзеге асырудан бөлек, кәсіпорын «жазаны түзету әсерімен байланыстыру» және «сотталғандардың құқықтық және белсенді қоғамдық пайдалы мінез-құлқын ынталандыру» бойынша қылмыстық-түзеу саясатының қағидаттарын іске асыру мақсатында құрылған болса, онда РМК-ның қаржылық-шаруашылық тәуекелдерін бөлуге тиіс. Оны оңалту кезеңінде жеке кәсіпкерлік субъектілері алдында алған міндеттемелерінің орындалуына кепілдік беру қажет.

 Кеңес ұсынысы

Жиын қорытындысы бойынша Қаржы министрлігіне Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың резервінен «Еңбек» РМК міндеттемелерін өтеу мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларда жосықсыз тапсырыс берушілердің үкіметтік емес тізілімін қалыптастыру мәселесін пысықтау ұсынылды.

Ішкі істер министрлігіне жеке кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастардың сақталуын қамтамасыз ететін қызметті жетілдіру бойынша ұйымдастырушылық және заңнамалық шараларды жүзеге асыру ұсынылды.

Әділет министрлігі борышкердің мәртебесіне қарамастан соттардың шешімдерін орындау кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға тиіс.  

Кеңес отырыстың ұсынымдары мен материалдарын Президент Әкімшілігіне, Үкімет аппаратына және ҚР Бас прокуратурасына мәлімет ретінде жолдайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер