«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталовтың Жаңа жылмен құттықтауы

2026 жылғы 01 Қаңтар
1773 просмотров

Құрметті кәсіпкерлер, әріптестер, достар!

Сіздерді Жаңа 2026 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Өткен жыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін ерекше кезең болды. Бұл – біздің ауқымды трансформациямыздың нәтижелері әрбір кәсіпкер үшін нақты оң өзгерістерге айналған уақыт. Осы жылдар ішінде біз тұрақты, адал әрі ашық жұмыс моделін қалыптастыра алдық, оның өзегінде сіздер – белсенді бизнес өкілдері тұрсыздар.

Біз институционалдық тұрақтылықты күшейтіп, мемлекеттік тапсырыстарға тәуелділікті азайттық және бизнес-қоғамдастықпен сенімге, ашықтыққа әрі ортақ жауапкершілікке негізделген жаңа қарым-қатынас үлгісін құрдық. Екі  миллионнан астам микро және шағын бизнес субъектісі мүшелік жарналардан босатылды, сонымен бірге іскер қауымның Палата жұмысына қосқан үлесі артты, бұл – біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айқын дәлелі.

Сіздердің мүддеңізді қорғау – біздің басты міндетіміз. Биыл «Атамекен» жаңа Салық кодексін әзірлеу барысында негізгі сараптамалық орталық ретінде танылды. Бұл бизнес мүддесі үшін жүргізілген ауқымды күрес болды: Үкімет және Парламентпен бірлесіп, мыңнан астам жүйелі ұсынысты пысықтадық және 128 мың реттеушілік талаптың орасан зор көлеміне талдау жасадық. Біздің ұстанымымыз әрдайым айқын әрі өзгерісіз: салық бизнеске ауыртпалық салмай, керісінше, дамуды ынталандырып, кәсіпкерге «қателесу құқығын» беруі және адал бизнеске әрдайым қолдау көрсетуі қажет.

Сонымен қатар біз бюрократиядан арылу жолында елеулі нәтижелерге қол жеткіздік: мыңдаған артық талаптар жойылып, құқықтық белгісіздік азайды, ал сот және құқық қолдану тәжірибесіне жаңа тәсілдер енгізілді. Бизнеске қысым жасаудың жүйелі түрде төмендегенін, кәсіпкерлер пайдасына шешілетін даулар үлесінің артқанын және заңдылық пен әділдік қағидаттарының расымен нығайғанын көріп отырмыз.

Бұл жұмыстың тиімділігі өңірлердің мықты кері байланысы арқылы қамтамасыз етілуде. Еліміздің барлық облыстарында ШОБ-тың 10 мыңнан астам көшбасшысын біріктірген салалық және аудандық кеңестер құрылды. Олардың тәжірибесі мен сараптамалық біліктілігі бизнес ұстанымын республикалық деңгейде жеткізуге мүмкіндік берді.

2025 жыл цифрлық серпіліс жылы болды. Біз бизнес үшін ыңғайлы, жасанды интеллект негізінде жаңартылған «Атамекен» порталын іске қосып жатырмыз, сондай-ақ eGovBusiness платформасымен интеграцияланған «Бизнестің цифрлық картасын» жасадық. Бұл құралдар мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіріп, ашықтықты арттырады және шығындарды азайтып, жаңа деңгейдегі талдау мен сервистерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Өткен жылдың айтулы оқиғаларының бірі – Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын табыстау рәсімі болды. Биыл конкурсқа алғаш рет «Үздік цифрлық даму жобасы» номинациясы енгізілді. Бұл істе де «Атамекен» шешуші рөл атқарып, кәсіпкерлерге танылу, беделін нығайту және табысты жобаларын ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – өңірлік сараптаманы, цифрлық шешімдерді және бизнесті қорғаудың тиімді тетіктерін біріктірген заманауи, клиентке бағдарланған платформа. Мұның бәрі ел экономикасының дамуына күн сайын үлес қосып жүрген Сіздердей белсенді, жауапты әрі жасампаз кәсіпкерлердің арқасында мүмкін болды.

Қымбатты достар!

Әрқайсыңызға сенім білдіргендеріңіз, серіктестіктеріңіз және табанды еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. 2026 жыл жаңа мүмкіндіктер, тұрақты өсім, батыл идеялар және ертеңге деген нық сенім әкелсін.

Сіздерге зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке және ісіңізе сәттілік тілеймін!

Жаңа жыл құтты болсын!

 

Ізгі тілекпен,
«Атамекен» ҰКП Төралқасының Төрағасы
Райымбек Баталов

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174