Астанада 250-ден астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды
2025 жыл Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы үшін бизнестің мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың тиімділігін айқын көрсеткен кезең болды.
Өткен жылы Палатаға кәсіпкерлік субъектілерінен 300-ден астам өтініш келіп түсті. Нәтижесінде 252 кәсіпкердің құқықтары қорғалып, олардың заңды мүдделерінің жалпы көлемі 14,6 млрд теңгені құрады.
Бұл көрсеткіштердің артында жекелеген нақты істермен қатар, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында туындайтын бизнестің жүйелі мәселелерін шешуге бағытталған күрделі жұмыс тұр.
Талдау көрсеткендей, өтініштердің басым бөлігі әлі де мемлекеттік сатып алуларға, салықтық және жер дауларына қатысты. Бұл ретте проблемалық мәселелер жекелеген заң нормаларын дұрыс түсіндірмеу салдарынан да, сондай-ақ рәсімдік бұзушылықтардан, атап айтқанда белгіленген мерзімдерді және қарау тәртібін сақтамаудан туындауда. Сонымен қатар өтініштердің елеулі бөлігі сәулет және қала құрылысы саласындағы мәселелерге қатысты болып, бұл бағытта кәсіпкерлер шешім қабылдау процесінің созылуына және ведомстволар арасындағы әрекеттердің үйлеспеуіне тап болды.
Өтініштердің басым көпшілігі жағдайларды жан-жақты әрі нақты талдауды талап етті. Осыған байланысты өткен жылы Палата алаңында прокуратура органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің өкілдерімен 30-дан астам жұмыс кездесуі өткізілді. Мұндай формат бизнестің өзекті мәселелерін жедел әрі сапалы шешуге мүмкіндік беріп, кәсіпкерлердің миллиондаған қаржылық шығындарының алдын алуға ықпал етті.
Кәсіпкерлердің ұзақ уақыт бойы шешілмей келген бірқатар мәселелері Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырыстарында қаралды. Өткен жылы Кеңестің 12 отырысы өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша бизнес өтініштерінің бір бөлігі бойынша оң шешімдер қабылданды. Жекелеген фактілерді қарау нәтижесінде алты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы алғанда, жыл қорытындыларын талдау бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылда бірқатар жүйелі мәселелердің бар екенін көрсетті, атап айтқанда:
- Ведомстволар арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі.
- Уақтылы кері байланыстың болмауы.
- Әкімшілік рәсімдердің, оның ішінде оларды сақтау мерзімдерінің бұзылуы.
Осыған байланысты ағымдағы жылы кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылу фактілерін азайту мақсатында Палата мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік рәсімдердің сақталуына бақылауды күшейтуді, сондай-ақ заңсыз шешімдер мен әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағымданудың құқықтық тетіктерін, сот тәртібін қоса алғанда, барынша пайдалануды жоспарлап отыр.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: