«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ерлан Стамбеков: Табанды болыңыздар, талпыныңыздар, сонда табысқа жетесіздер!

2016 жылғы 14 Маусым
- Алматы қаласы
15406 просмотров

Алматы Кәсіпкерлер палатасына күн сайын тек бизнесті қорғау бойынша орташа есеппен бір жарым шағым келіп түседі. Толық емес үш жыл ішінде 919 шағым түскен

Ақшалай қорғалған құқық көлемінің де жылдан жылға өсу динамикасы байқалуда: егер 2014 жылы Алматы ӨКП кәсіпкерлердің 613 млн теңгесін үнемдесе, бір жылдан соң 3,8 млрд теңге, ал 2016 жылдың бірінші маусымында 4,4 млрд теңге үнемдеген. 2015 жылдың тамыз айынан бастап Алматы Кәсіпкерлер палатасы 112 әкімшілік кедергіні анықтаған. Олардың 35-і республикалық, ал 77-сі жергілікті деңгейдегі кедергілер. Бизнестің 3,3 млрд теңгеге тең қаржы шығыны сақталып қалған (мысалы, пайдалы қазбаларды шығару үшін салықтың алынып тасталуы), салықтық органдардың 2000-нан астам хабарламалары қайтарылған. Палата қол жеткізген әрбір жетістіктің артында кәсібилік пен қызметкерлердің заңды шешім шығаруды қажет ететін жағдайларға бей-жай қарамауы тұр. Палатаны бақылап отырған орган да бар, ол – Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес. Бүгін біз оның төрағасы Ерлан Стамбековпен әңгіме-дүкен құрмақпыз.

– Ерлан Дәулетұлы, сізбен барынша қарапайым әңгімелеспекпіз. Өңірлік кеңес деген не өзі, басын ашып алайықшы.

– Жақсы. Мен де қарапайымдылықты жақсы көремін. Өңірлік кеңес – бұл басқаша айтқанда, тәуелсіз директорлар кеңесі десек болады. Мұнда адамдар еш жалақы алмастан, Кәсіпкерлер палатасының қызметкері болмастан Палата жанынан бақылау органына бірігеді. Біздің кездесулеріміз айына бір рет өтеді. Егер қажет болса, одан да жиі бас қосамыз. Біз нені талқылаймыз? Ең алдымен, Алматы Кәсіпкерлер палатасының саясаты мен жұмыс стратегиясын. Палата мен кәсіпкерлер үшін маңызды әрі басты мәселелерді өз жиындарымыз барысында анықтаймыз. Біз Палатаның қаражатты қалай және не үшін жұмсап жатқанын біле аламыз және бұған құқылымыз. Біз Палатадағы кәсіпкерліктің барлық мәндегі өкілдеріміз және осы өкілеттікті пайдалана отырып, біз қандай да бір мәселеге вето қойып, қандай да бір ережелерді қайта қарауды талап етіп, Палатаның қандай да бір мамандарының қызметтік сәйкестік мәселесін «Атамекен» ҚР ҰКП Орталық аппараты алдына қоя аламыз. Біз тікелей ешкімді жұмыстан шығара алмаймыз, бірақ бұл мәселені Өңірлік кеңес отырыстарында көтеріп, Басқармаға біздің ұсынысымыз немесе шағымымызды қарау туралы өтініш айтамыз. Бұл техникалық жағына қатысты, ал іс жүзінде, менің ойымша, біздің қол жеткізген жетістіктеріміз Палата дирекциясымен сапалы түрде орнаған өзара әрекеттестіктің арқасы. Алғашқы жылы біз осында коммуникация мен өзара байланыс тәсілдерін қарастырсақ, қазір оларды іске асырудамыз. Бұл тұста Өңірлік кеңестің бұған дейінгі төрағасы, белгілі кәсіпкер, кезінде шенеунік болған Иван Михайлович Кравченконың еңбегін айта кету керек. Ол Өңірлік кеңестің өзіндік дәстүрлерін жолға қоюда үлкен үлес қосқан, ал біз оны жалғастырып келеміз.

– Сіз Алматы Кәсіпкерлер палатасының алғашқы директоры болдыңыз. Сіз басшы болған кезде оның алғашқы бағыттары өз жұмысын бастаған. Осы жыл үшінде Палата бизнес үшін маңызы зор құрылым ретінде қалыптаса алды ма, қалай ойлайсыз? Оның бүгінгі Қазақстандағы рөлі қандай?

 Кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты – бизнес мүддесін қорғау. Компания басшылары мен жеке кәсіпкерлер жылдап шеше алмаған ең көкейтесті проблемалар Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес талқылауына шығарылады. Өңірлік палатада 2014 жылдан бері Кеңестің 20 отырысы өтіп, онда 58 шағым қаралған, оның 39-ы оң шешімін тапқан. Міне, осы сандардың артында Палата сарапшыларының қаншама еңбегі жатыр. Әр жекелеген жағдай – бұл мемлекеттік органмен байланысты шешілуі қиын, шиеленіскен, кәсіпкер қызметіне тосқауыл болып отырған мәселе. Мысалы үшін, Түлендиева ЖК ісін алайық. Ол 15 жыл бойы Төле би көшесіның бойынан дүкен салу үшін СЖТ (сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы) ала алмай келген. Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының айтуынша, кәсіпкерге тиесілі жер телімі «қызыл сызық» деп аталатын белгінің ішінде орналасқан-мыс. Кәсіпкер сотта мұның жаңылыс екенін дәлелдесе де, екі жыл бұрын заңды күшіне енген шешімді мемлекеттік орган әлі күнге дейін елемей келген. Палата Бас прокуратураға, Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюроға және Әділет министрлігіне тиісті хат жолдаған. Мәселе Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес талқысына беріліп, оның шешілуін Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов мен Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов жеке бақылауына алды. Мұндай оң шешім тапқан мысалдар өте көп. Бұдан басқа, Палата қызметінің қорытындылары бойынша, үш жыл ішінде мемлекеттік органдардың, оның ішінде Алматы мемлекеттік кірістер департаменті мен қалалық Жер қатынастары басқармасының 11 лауазымды тұлғасы тәртіптік жазаға тартылған. Бұл Кәсіпкерлер палатасы мен Өңірлік кеңестің бизнес-құрылым ретіндегі жоғары дәрежесінен хабар береді, сондай-ақ біздің мүмкіндіктеріміз бен перспективаларымызды көрсетеді.

– Сіздің ойыңызша, Өңірлік кеңес қызметінің қандай осал тұстары бар? Жақын арада олардың қайсысын шешпексіз?

– Өңірлік кеңестің алғашқы құрамы үш жыл бұрын сол кездегі анағұрлым беделді деген кәсіпкерлер қағидасы бойынша іріктелген. Мен бұл кәсіпкерлердің беделіне күмән келтіріп отырған жоқпын, алайда, менің ойымша, бүгінде біз кәсіпкерлік қоғамдастықтың сеніміне ие болуымыз қажет. Біздің қаланы алайықшы. Біз экономика құрылымы жөнінен көпсекторлы мегаполиспіз. Бізде сауда, қызметтер, өнеркәсіп, қаржы секторы, қоғамдық тамақтану бар. Біз көтерген бастамалардың бірі Өңірлік кеңес мүшелерін таңдауда ашықтықты қамтамасыз ету болып отыр. Түрлі себептермен, биыл Өңірлік кеңес құрамынан 5 адам шығып қалды, кейбірі басқа қалаған қоныс аударса, екіншілері өз қызметін басқа арнаға бұрды. Осы тұста мен ӨК-тің жаңа мүшелерін «праймериз» процедурасы арқылы қайсыбір салалық қоғамдастықтан таңдап алу ұсынысын алға тартып отырмын. Осылайша, біз 4 таңдау жасадық. Мен ӨК-тің барлық мүшелеріне біз де осы процедурадан өтуіміз керек деген пікір білдірдім. Кәсіпкерлер палатасы енді ғана аяққа тұрып, ӨК-тің кей мүшелері директивті түрде бекітілген кезең артта қалды. Бүгін бизнес-қоғамдастықтың сеніміне ие болу үшін Палата мен ӨК шын мәнінде бизнес мүддесін қорғайтынын көрсету керек. Бұл үшін біз осындай мандаттармен қарулануымыз керек. Мысалы, Алматы рестораторлар альянсы бар. Біз оларға Палатаның Өңірлік кеңесінде түгелдей тамақтандыру саласының атынан сөйлейтін көшбасшыны таңдау туралы өтінішімізді жеткіздік. Олар кеңесе отырып, тіпті өз президенттері емес, оның орынбасары Константин Авершинді таңдады. Ол, айтпақшы, Мәслихат депутаты. 

– Сіз де таяуда Алматы Мәслихатының депутаты болдыңыз ғой. Бұл өзгерістер Сіздің өңірлік кеңестегі төрағалық қызметіңізге қандай да бір әсер етті ме?

– Негізінде, менің депутаттыққа сайлануыма дәл осы Алматы Кәсіпкерлер палатасы, нақтырақ айтсақ, оның директоры Юрий Тілеумұратов болған. Ол: «Ерлан Дәулетұлы, Сіз Өңірлік кеңестің төрағасысыз және міндетті түрде қалалық атқарушы орган құрамында болуыңыз қажет. Ең болмаса, сайлауға қатысып көруіңіз керек, біздің бизнес мүддесін қорғауымыз жеңілдер еді», – деп, мені көндірді. Осылайша, Өңірлік кеңестің үш мүшесі бір-ақ Мәслихат депутаттары атанды. Олар – мен, Константин Авершин мен Фарида Мерхамитқызы. Әлбетте, бұл қызметтің қолы қысқа, ең алдымен Мәслихатпен және қала билігімен сындарлы өзара әрекеттестік орнайды. Бизнес мүддесін қорғайтын Палатаның алға қойған мақсаттары мен міндеттерін іске асырудың тағы бір мүмкіндігі пайда болды.

– Ал бүгінгі күннің бизнесі қандай? Алматылық бизнесменнің белгілі бір портреті бар ма?

– Алматылық кәсіпкер – бұл тек өз біліміне, тәжірибесіне, командасына ғана сенетін адам. Ол ешкімге иек артпайды, себебі бізде кіріске кепілдік беретін мұнай да, газ да жоқ. Әрдайым өзгерістер болады. Алматы – өте дамыған қала, әрдайым жаңа технологияларды, жаңа жобаларды, қайсыбір салалардағы жаңа шешімдерді қажет етіп тұрады. Кей дүкендер немесе мейрамханалар үнемі өзгеріп отырады, олардың форматы ұдайы ауысып отырады. Мұның өзі Алматыдағы қоғамның аса талапшыл, ізденімпаз және талғамы зор екенін білдіреді. Ол үнемі жаңа нәрсені қалайды. Бұл тұста өзіндік шағын әлем, жеке мәдениет қалыптасқан. Сонымен бірге, алматылық кәсіпкерлер пионерлер секілді алғашқы болып тренд қалыптастырып, ол кейіннен басқа өңірлерге де тарайды.

– Пионерлер туралы. Мұндай құрылымдарда жастар өте сирек кездеседі деген пікір қалыптасқан. Өңірлік кеңестің ең жас мүшесі нешеде?

– Мүлде олай емес. Бұған қатысты біз анағұрлым озық көзқарас ұстанамыз. Бақытбек Катен – 27 жаста, тәжірибелі менеджер және кәсіпкер. Тұтастай алғанда, жастар кәсіпкерлігі – бұл Палатада басымдыққа ие бағыттардың бірі. Біз жастардың қатарымызға қосылғанын қалаймыз, біздің міндет – жастардың кәсіпкерлікке деген сенімін нығайту. Біздің жастар шенеунік болуға емес, бизнеске келіп, өз ісінің негізін қалағанын қалаймыз. Бұл үшін көп еңбек етудеміз, тек Өңірлік кеңес аясында ғана емес. Әлеуметтік желілерде «Біздің іс» атты топ құрып, әр сейсенбі сайын клуб отырысын ұйымдастырамыз. Оған белгілі кәсіпкерлерден бастап, енді ғана аяққа тұрып келе жатқан бастаушы стартаптарға дейін қамтып, түрлі спикерлерді шақырамыз. Тәжірибемен бөлісіп, ақпаратпен алмасамыз. Бұл біздің Алматыдағы кәсіпкерлікті дамытуға қосып отырған үлесіміздің азғантай ғана бөлігі.

Ал гендерлік теңдік туралы не айтар едіңіз? Алматы Өңірлік кеңесіндегі әйелдер мен ерлердің арақатынасы қандай?

– Осал тұсымызды таптыңыз-ау ақыры! Иә, бізде ерлер жағы басымдау. Өңірлік кеңес мүшелерінің қатарындағы нәзік жандар саны аз. 29-дың 6-ы ғана әйелдер. Бүгінде әйел кәсіпкерлер қоғамда нық орын алуда. Бізде «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі бар. Оның құрамында Алматы бизнес-ханымдары өте көп. Әлбетте, біз де өз қатарымыздан әйелдер жағының көп болғанын қалар едік және бұл мәселені назарға алатын боламыз.

– Ерлан Стамбековтің жастарға, бастаушы кәсіпкерлерге айтар кеңесі қандай?

– Еш нәрседен қорықпау. Қазақта «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген мақал бар. Табанды болыңыз, назар да аудармаңыз. Егер сізге нақты кеңес қажет болса, онда Кәсіпкерлер палатасына келіңіз, біздің Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарымызға келіңіз. Бұл бұрынғы КСРО аумағындағы теңдесі жоқ, сөз емес, іс жүзінде бизнес мүддесіне қарай жұмыс жасайтын және кез келген қалағанға тегін кеңес беретін құрылым десем, артық айтқандық емес. Тек бастап көру керек, іске сәт!


Ұқсас жаңалықтар:

Бизнес үшін оңтайлы орта құру қажет
14 Маусым
2016
Шығыс Қазақстан облысы
Бизнеске тың серпін қажет
14 Маусым
2016
Маңғыстау облысы
Бүгінгі студент – ертеңгі шебер
13 Маусым
2016
Ақмола облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер