«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бастау» жобасы бойынша қала тұрғындары да оқып жатыр

2018 жылғы 29 Қазан
- Ақтөбе облысы

 Облыс орталығының 100-ден аса тұрғыны «Бастау» бағдарламасы бойынша білім алуда. Жоба Ақтөбе облысында тұңғыш рет жүзеге асырылуда. Оқыту сабақтары 29 қазанда басталып, 23 қарашаға дейін жүргізіледі.  

Ақтөбе қаласының 109 тұрғыны өз қызығушылықтарын табысты бизнеске айналдыру мақсатында кәсіпкерлік негіздерін үйренуде. Жоба жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтығандарды қолдауға арналған. Аталған бағдарлама түлектердің өз кәсібін ашуына ықпал ету үшін ұйымдастырылған. Оқу аяқталған соң банктен 6 пайызбен жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік бар.

Бүгінгі күні облыстың 12 ауданы бойынша барлығы 1 902 тұрғын кәсіпкерлік білім алған. Олардың 508-і өздерінің бизнес-жобаларын сәтті қорғап шықты. 300-ден аса ауыл тұрғыны жоба бойынша 803 млн теңге көлемінде қаржылық қолдау алды.

Жыл соңына дейін бизнес іліміне 2 231 адамды оқыту жоспарланған. Жеңілдетілген несиенің 80% ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған. Ауылдарда жылыжайлар мен құс фермалары, наубайханалар, монша мен тігін ательелері ашылуда.

«Жоба бойынша Ырғыз, Қобда, Мәртөк және Хромтау аудандарының тұрғындары белсенділік танытуда. Ырғыз, Қода және Хромтау аудандары оқыту жоспарын мерзімінен бұрын орындағанын атап өткен жөн. Бүгін жоба алғаш рет облыс орталығында өткізіліп отыр. «Бастау» жобасына қатысуға ниет білдірген қала тұрғындары бізге бұрыннан хабарласып, қоңырау шалатын», – дейді жобаның үйлестірушісі Диана Жұмабаева.

Семинарды жүргізетін бизнес-тренерлер кәсіпкерлік қызмет бағытын анықтап, экономикалық жағын түсіндіріп, бизнес-жоспар жасауға көмектесетін болады. Жобаға қатысушылар бүгіннің өзінде үлкен қызығушылық танытып, сенім артуда.

«Бастау» жобасы бойынша оқыту – тегін, тыңдаушыларға степендия мен курсты аяқтағаны туралы сертификат беру қарастырылған.

Еске салсақ, жоба «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының» бірінші және екінші бағыттары бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер