«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстаулық қолөнер шеберлері қолдауға мұқтаж

2019 жылғы 19 Тамыз
- Маңғыстау облысы
9492 просмотров

Маңғыстау облысында байырғы қазақ үйді жүн таңдаудан бастап, соңғы жібін байлағанға дейін бүге-шігесіне дейін біліп, жасай алатын 4 шебер ғана қалған

Бұл туралы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова мәлімдеді. Өңірде қолөнер дәстүрін сақтап қалу мақсатында «Аңыз Тұлға» бағдарламасы жасалды. Алайда оны толығымен жүзеге асыру үшін қолөнершілерге арнайы орталық қажет.

Бағдарлама «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен «ALTYN OIMAQ» киім дизайнерлерінің ұлттық байқауының ұйымдастырушыларының қатысуымен қолға алынды.

Жыл басында Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері облыстың бұрынғы әкімі Ералы Тоғжановпен кездесу өткізіп, Қолөнершілер орталығын ашу қажеттілігі туралы айтқан болатын. Мәселенің өзектілігіне байланысты қажетті ғимарат қарастыруға тапсырма берілді. Алайда табылған ғимарат жеке меншікте болып шықты. Иесі қала әкімдігімен бос жер учаскесіне ауыстыру туралы талқылауға дайын еді, алайда әкімдік бұл мәселені шешуге асықпады. Кейін кадрлық ауыс-түйістер болып, мәселе шешілместен, сол күйінде қалды. Маңғыстау – туризмді дамытуда зор мүмкіндіктері бар ерекше өңір. Қолөнершілік – туризмнің маңызды бөлігінің бірі. Мысалы, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолияда қолөнершілікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар жасалған. Осының арқасында жергілікті шеберлердің өндірісі кеңейді. Маңғыстау облысы қолөнершілер Ассоциациясының мәліметінше, қазір өңірде киіз үйді ежелгі технологияларға сай толық жасай алатын төрт (!) шебер қалған.

Жыл санап өңірге келуші шетелдік туристер саны артып келеді, олардың таңғала сұрайтындары:

«Сіздерде сатып алатын кәдесыйыңның қалай жасалғанын көзбен көруге болатын Қолөнершілер орталығы неге жоқ?». Біз өзіміздің ұлттық сәйкестігімізді сақтауымыз қажет, ал бұл тікелей біздің ежелгі қолөнерімізбен байланысты. 20 жылдан кейін мұның бәрі музейде ғана тұратын болса, өкінішті. Көптеген елде оқушыларға үйрету мақсатында қолөнершіліктің бірегей технологияларын меңгергендерді толығымен мемлекеттің, я болмаса, жалпыұлттық құрылымның қамқоршылығына алу тәжірибесі бар. Мұндай «тірі аңыздар» елімізде 10-15 адам болар, тіпті бұдан да аз болуы мүмкін деп ойлаймын. Қазір осы қолымыздағыны сақтап үлгеруіміз керек, меніңше, біздің 5-7 жыл ғана уақытымыз бар, өйткені бұл ерекше шеберлердің жастары 70-тен асқан», – дейді Өңірлік кәсіпкерлер Палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова.  

«Бүгінде Ақтауда зергерлік бұйымдар мен кәдесыйлар ретсіз сатылатын жәрмеңкелер бар. Алайда біз шығармашылықтан бөлек, мәдени мұрамызды жеткізетін бұйымдарға да көңіл аударуымыз қажет. Шеберлердің басын қосып, бір жерге – Қолөнершілер орталығына топтастыруымыз керек. Адамдар кәдесыйларды қай жерден сатып алуға болатынын, шеберлік сабақтарына қалай қатысу керектігін білетін болады. Бұл қажеттіліктер өңірдің бірде-бір даму бағдарламасына қосылмаған», – дейді Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Маңғыстау облысы дизайнерлер одағы» қауымдастығының тең құрылтайшысы Диана Ботаева.  

Әуес Сағынаева 2017 жылы құрылған Маңғыстау облысы қолөнершілер  ассоциациясына басшылық еткелі бері, Ақтауда қолөнершілер орталығына ғимарат іздеумен келеді. Облыс әкімдігіне хаттар да жазылды, Ақтау қаласы әкімдігінің өкілдерімен кездесулер де болды, бірақ баяғы жартас, сол жартас. Қазір Әуес апа ықылас танытқандарға заманауи және дәстүрлі тәсілмен киіз басуды үйретіп жүр. Шеберлік сабақтарына орта мектептердің мұғалімдері - технологтар да келеді. 

«Біз Маңғыстауда ежелгі өнерді жандандырғымыз келеді. Алаша, текемет жасаймын. Былтыр жеке тапсырыс бойынша өндірістік технология салдарынан ұмыт қалған түйе жүнінен шекпен жасадым, оны жүз жыл болған шығар ешкімнің қолға алмағанына. Бұл ұмытылған техниканың қажеті де жоқ секілді, ешкім айналыспайды. Өзім қолға алдым. Қазақтың дәстүрлі өнерін, ұмытылған, ескі, бүгінде қолданылмайтын техникаларды және заманауи өнерді – киіз басуды, таза жібекпен жұмыс жасауды, киізде кестелеуді, тоқуды үйретемін», – дейді Әуес апа.   

Жергілікті қолөнершілердің ортақ мәселесі – өз өнімін ұсына алатын, сата алатын бірыңғай алаңның жоқтығы, өйткені аймақтық нарық Қытай мен Қырғызстаннан әкелінген өнімдерге лық толы.

«Қазіргі уақытта Маңғыстау қолөнершілері өнімдерін шағын пәтерлерінде, ал аудандарда өз ауласындағы сарайда, тіпті қорасында жасайды. Дайын өнімін сату үшін қолөнерші қалаға баруы керек немесе кезекті жергілікті жәрмеңкені күтеді. Ал туристер бірегей туындыларды кімнің, қалай жасағанын көре алмайды. Қолөнершілер орталығын ұйымдастыру бойынша соңғы кездесуде шенеуніктер демеушілерді «өздерің іздеңдер» деп ұсынды. Қазір біз осы мәселеге назар аударған жеке тұлғаларға қолдау қажеттігін айтып, үндеу жасағымыз келеді. Біз жобаның барлық ұйымдастыру жұмыстарына қатысуға дайынбыз. Бізге көмек қажет», – дейді «Маңғыстау облысы дизайнерлер одағы» ассоциациясының тең құрылтайшысы.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі Қолөнершілер орталығына қажет барлық ақпаратты – шеберлер туралы, олардың ерекшеліктері туралы мағлұматтарды, суреттерді дайындап қойған. Ендігі іс – Маңғыстауда қазақтың ұлттық байлығы мен мәдени дәстүрлерін сақтап қалу үшін Орталыққа қажет ғимарат тауып, жұмысын ұйымдастыру.  

 

фото - Вадим Крючков


Еншілес ұйымдар

Серіктестер