«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атыраудағы алтын тариф

2015 жылғы 01 Қыркүйек
- Атырау облысы
13065 просмотров

Су тарифі неге өсіп кетті? Атырауда бизнес пен жұртшылық өкілдері осы сауалдың жауабын әлі күнге дейін таба алмай отыр

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен кездесу өтті. Бұл жолы да үстіміздегі жылдың 1 тамызынан бастап суға жаңа тариф енгізілуінің бизнесті дамытуға тигізетін кері әсері талқыланды.

Қатысушылар Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің жергілікті департаменті өкілдерінен сұрақтарының жауабын алады деп болжанған еді, алайда… олар кездесуге келмеді.

«Тарифтердің көтерілу себебін түсінуге тырысып жүргенімізге бір жарым ай болды. Неліктен олар бірден осынша өсіп кетті? Алайда табиғи Монополияларды реттеу жөніндегі департамент те, «Атырау Су Арнасы» кәсіпорны да тұщымды жауап қайтара алмай келеді. Олар біз үшін қол жетпейтін инвестициялық бағдарламаны желеуретеді. Облыс прокуратурасымен бірге бағдарламаны зерттеуге тырыстық, алайда бұдан да түк шықпады. Алдымен прокуратура белсенді әрекетке кіріскенмен, кейін белгісіз себептермен ештеңе түсіндірместен бас тартты», - деп атады Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Қайранбаев.

Палата өкілі су тарифінің өсуі тізбектік әсерін тигізіп, жалпы, тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкелетініне назар аударды. Ол бір апта бұрын Табиғи монополияларды реттеу департаментіне бүгінгі кездесуге қатысуға шақырып, ресми хат жолданғанын хабарлады.

Сонымен қатар, жақында департамент өкілдерімен кездесу өтіп, онда қатысу қажеттігі тағы еске салынған, алайда шақырту еленбеді. Ал бүгін тарифтерді көтеруге басқа да монополистер өтінім беріп отыр.

«Атырау Су Арнасының» бізге ұсынған инвестициялық бағдарлама бойынша – электр станциясын 2020 жылы салуға келіспейміз! Дағдарыс қазірдің өзінде сезілуде. Кейін не болатынын білмейміз, сондықтан да бұл шығындарды негізсіз деп есептейміз. Екіншіден, бағдарламада құны 1 млрд теңгеден асатын химия кешенін тұрғызу көзделген. Бірақ Атырау облысының Индер ауданында мұндай өндіріс бар. Тұтынушылар есебінен тағы біреуін салудың керегі қанша? Кәсіпкер бизнесін жабуға мәжбүр болады, ал онда адамдар жұмыс жасап жатыр ғой. Тиімділік жайлы айтар болсақ: кез-келген салымның табысты меңзейтінін бәріміз де білеміз. Барлық монополистер бойынша жағдайды зерттеп шықтық – олардың әрқайсысындағы инвестициялық бағдарлама тиімділігі 5 пайыздан аспайды. Бұл дұрыс па?», - дейді Ербол Қайранбаев.

Палата өкілі атап өткендей, «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР Заңының 15-3 бабы 4 тармағында инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тартуға негіз деп ең бірінші оның экономикалық тиімділігінің болмауы көрсетілген.

Бизнестің жаңа тарифтерді енгізуден қандай шығын шегетінін есептеу үшін, Палата сарапшылар қызметтері суды көп тұтынуды болжайтын кәсіпкерлер арасында сауалнама және кездесулер өткізді.

 

«Бүгінгі күнге дейін наубайхана иелері суға бір ай үшін орташа алғанда 50-100 мың теңге шамасында төлеп келсе, енді олардың шығыны 160 мың теңгеге өспекші. Нәтижесінде, олар пісірген нандарын 40-50 теңгеге көтеруге мәжбүр болады. Дүкендер нан бағасын одан әрі қымбаттатады. Бөтелкедегі тазартылған су жеткізумен айналысатын цехтар өздерінің ай сайынғы су шығынын 300-400 мың теңгеден 520-550 мың теңгеге лейін көтеруге мәжбүр болады. Қоғамдық монша иелері енді айына 100 мың теңгенің орнына, шамамен 160 мың теңге төлеуге тура келетінін есептеп шықты. Сондықтан да олар қызмет құнын жоғарылатуға мәжбүр», - дейді өңірлік Палата бөлімінің басшысы Ақан Қайырғалиев.

«Атырау Су Арнасы» басшылығы өз есептеулерін ұсынды. Бірақ олар бір нан пісіруге кететін су шығынын ғана есептеп отыр. Сонда өндірістік шығындар қайда қалады? Су барлық жерге де керек қой. Нан пісіретін ыдысты жууға кететін, бөлмені тазартуға кететін су қайда?», - деп қосты Палата директорының орынбасары Ербол Қайранбаев. 

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы облыс прокуратурасымен бірге «Атырау Су Арнасы» кәсіпорны инвестициялық бағдарламасын тексеруді бастамалағанын атап өту керек. Палата сарапшысы Бақытгүл Есениязова «Атырау Су Арнасы» кәсіпорны инвестициялық бағдарламасындағы шарт бөлімінде анықталған бұзуларды сөз етті.

«Монополистердің реттелетін қызметтері тарифтерін бекіту кезінде қолданылатын шығындардың қалыптасуында ерекше тәртіп бар. Оған сәйкес тарифті белгілеу кезінде ескерілмейтін шығындар тізбесі орнатылған. Алайда тексеріс кезінде бұзулар анықталды: шығындар сомасына ескерілмеуге тиіс қызметтерге кететін шығындар кіргізілген. Мұндай бұзулар баршылық. Сонымен қатар, инвестициялық бағдарламаға сәйкес негізінде «Нұрсая», «Алмагүл» сияқты жаңа шағын аудандардағы су құбырларын айырбастау көзделген. Жақында ғана салынған шағын аудандардағы құбырларды ауыстырудың қажеті қанша? Прокуратура бұл жағынан қарсылық шығарды, бірақ қадағалау органы кейін оның күшін жойды. Себебі – түсініксіз», - дейді сарапшы.

«Тексеріске екі апта ғана уақыт берілді. Осы уақыт ішінде мамандар тарифтерге байланысты том-том құжаттарды тексеріп үлгерген жоқ. Прокуратура қарсылық енгізіп, осыған орай тарифтер бір-екі айға ұсталады деп жоспарлаған. Осы уақыт ішінде бәрін тексеріп үлгеретін едік. Палата біреуді жазалайын деп отырған жоқ. Әрине, кәсіпорынның жұмыс жасау керектігін, өз жұмыскерлеріне еңбекақы төлеуге тиіс екенін түсінеміз, бұл ақталған шығыстар. Біздің мақсат – тарифтердің бірден осынша өсіп кетуінің себебін түсіну, оны сәл де болса төмендетудің мүмкіндігін табу», - деп баса көрсетті Палата директорының орынбасары Ербол Қайранбаев.

Палата өкілдері тағы бір қызықты дерек келтірді. Ербол Қайранбаевтың айтуынша, мономполистің инвестициялық бағдарламасындағы шығыстардың негізгі бөлігі химиялық реагенттерді сатып алуға кетеді. Облыста жергілікті тауар өндірушілер бар болуына қарамастан, қазір монополист өнімді жергілікті химреагенттердің құнынан бірнеше есе асып кететін сомаға сырттан сатып алуда. Өңірде кепілдік мерзімі 50 жылды құрайтын полиэтилен құбырлар өндіретін зауыт та бар. Онымен ынтымақтастық монополистің шығындарын төмендетуіне ғана мүмкіндік бермей, осындай қиын уақытта отандық өндірушіні қолдар еді, деп есептейді Палата өкілдері.

Бизнес өкілдері де өз ойларын жеткізді. Облысқа танымал кәсіпкер Зураб Бобохидзе бірнеше жыл бұрын монополистердің шеттетуі салдарынан өзінің облыстағы жалғыз, қуаттылығы тәулігіне 15-20 тоннаны құрайтын етті қайта өңдеу цехын жабуға мәжбүр болғанын айтып берді. Өңірде әлі күнге дейін мұндай кәсіпорын жоқтың қасы. Атырау облысындағы бірегей бизнес субъектісі «Экспресс-мойка» әлеуметтік авто жуу өкілдері де әзірше шоттардың келмегенін, бірақ алдын-ала есептеулер жасап қойғандарын, болашақтарына алаңдап отырғандарын жеткізді.

Қоғам белсенділері жергілікті әкімдікке «Атырау Су Арнасы» кәсіпорнына аудиторлық тексеріс жүргізуге ұсыныс жолдап қойыпты және бизнес өкілдерімен бірге тағы біреуін жібермекші.

Кездесу соңында тараптар ұстанымдарын алға тартуды жалғастыратындарын айтысты. Тіпті болмаса, сот органдарына жүгінуге тура келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер