«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Данияр Ақышев: «Отандық экономика айырбас бағамына бейімделді»

2016 жылғы 20 Желтоқсан
11558 просмотров

ҚР Үкіметі отырысында Ұлттық банк басшысы жылдық инфляция бір таңбалы мәнге дейін төмендегенін мәлімдеді

2016 жылғы қараша айының қорытындысы бойынша Қазақстанда инфляция деңгейі 1,2%-ға тең болған, ал жыл басынан бері оның деңгейі 7,5%-ке жеткен. Мұндай мәліметтерді Үкімет отырысындағы Қазақстан бюджетінің орындалуы мен әлеуметтік-экономикалық дамуының соңғы 11 айдағы қорытындысын талқылау барысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев келтірді.

«2016 жылдың 15 желтоқсанындағы мәлімет бойынша, теңгенің айырбастау бағамының өзгерісі былтырғы жылдың тамыз айынан бастап есептегенде 78%-ды құрап отыр. Ал жылдық инфляция бір таңбалы мәнге –8,7%-ға дейін төмендеді. Бағамды түзетудің нәтижесін ішкі бағаға ауыстыру процесі аяқталды десек те болады», – деп атап өтті Данияр Ақышев.

Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы «отандық экономика айырбас бағамындағы шарттардың өзгерісіне бейімделді» деп есептейді.

«Соңғы екі айда инфляция деңгейі бекітілген 6-8 пайыз аралығында тұрақтамақ. Бұл дәліз 2017 жылы да сақталады», – деген болжам жасады Данияр Ақышев.

Қазақстанның валюта нарығындағы жағдайды түсіндіре отырып, Данияр Ақышев соңғы үш айда Ұлттық банк валюталық нарыққа интервенция жасамайтынын жеткізді. Теңге бағамы «қазіргі уақытта тек қана жағымды өсу көрсеткішіне ие іргелі факторлардың әсерінде» қалыптасады.

«Ішкі валюталық нарықтағы жағдай тұрақты. Ұлттық банк ішкі және сыртқы факторлар әсерінен болатын іргелі трендтерге кедергі келтірмейді. Қараша айының соңында теңгенің биржалық бағамы АҚШ долларына шаққанда 341,44 теңгеге тең болып отыр, ол жыл басынан бері 0,4 пайызға құлдырады. Қазіргі уақытта нарықта теңге бағамының аздаған ауытқуы байқалады», – деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Оған қоса, желтоқсанда әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өсуі және мұнай өндіруші елдердің өндіріс көлемін азайту туралы келісімінен кейін теңгенің нығайғаны байқалады. «Теңге бағамын еркін айналымға жіберу саясаты резервтерді жайлап қалпына келтіру кезеңін бастауға мүмкіндік берді», – деп түйіндеді Ұлттық банк төрағасы.

Данияр Ақышевтің мәліметі бойынша, қараша айының соңында Ұлттық банктің алтын валюталық резервтері 29,8 млрд АҚШ долларына тең болған. Ал жыл басынан бері ол 2 млрд АҚШ долларына дейін өскен. Алтын валюталық резервтерінің көлемі алтынның әлемдік бағасының өсу себебінен артып отыр. Сонымен бірге, Ұлттық банктің ішкі нарықта шетелдік валютаны сатып алуы да бұл тұста үлкен рөл атқарған.

Ұлттық қордың валюталық активтері 61 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Данияр Ақышевтың мәліметі бойынша, мемлекеттік резервтің жалпы сомасы 91 млрд АҚШ долларына немесе ЖІӨ-нің 68 пайызына жеткен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер