«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қытай туристеріне қонақжайлық танытамыз

2016 жылғы 21 Желтоқсан
10976 просмотров

Астанада қытайлық туристермен жұмыс жасайтын гидтер мен саяхат нұсқаушылары дайындалатын болады

«Думан» қонақүй кешенінде Инвестиция және даму министрлігінің тапсырмасымен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының ұйымдастыруымен, елордалық  гидтер мен саяхат жетекшілерін оқытуға арналған семинар-тренинг өтті.

Семинарда гидтер мен саяхат жетекшілеріне қытайлық туристермен жұмыс жасаудың қыр-сыры үйретіліп, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі  қарсаңында және 2017 жыл Қытайдың Қазақстандағы Туризим жылы деп жариялануына орай, Қытайдың туристік нарығына қатысты тың мәліметтер ұсынылды.

Айта кетерлігі, биыл Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Туризм жөніндегі мемлекеттік басқармасы арасында қытайлық азаматтардың Қазақстан Республикасына келуін жеңілдету мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған еді.

Оқу үш күн бойы 6 сағатқа созылды. Дәрісті Үрімші қаласындағы Қытай туризм академиясының оқытушысы Ли Ли мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универститетінің оқытушысы Адай Секенұлы  жүргізді.

Оқу бағдарламасында теориялық сабақтардан бөлек тәжірибелік пәндер де қарастырылған. Онда гидтер мен саяхат жетекшілеріне қытайлық туристермен жұмыс жасау барысында орын алатын мәселелерді шешудің амал-әдістері көрсетілуде. 

Семинар-тренингке туризм саласындағы 90-нан астам маман қатысты. Олардың арасында 11 туристік компанияның менеджерлері, гидтері мен саяхат жетекшілері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универститетінің оқытушылары мен магистранттары және жекеменшік гидтер де бар.

Қатысушылардың басым көпшілігі қытай тілін жетік меңгерген екен. Ал, тілді игермеген қатысушыларға ұйымдастырушылар арнайы синхронды аударма қызметін қамтамасыз етті.

Семинар-тренинг аяқталған соң, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, аталған семинар қытай туристеріне Қазақстанда жан-жақты әрі сапалы қызмет көрсетуге жол ашпақ.

Дәл осындай семинар-тренинг алдағы уақытта Алматы қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер