«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда «BASTA» форумына 450 жас қатысты

2019 жылғы 19 Тамыз
- Атырау облысы
6388 просмотров

«BASTA» алаңында жастар белгілі кәсіпкерлердің нақты табыс жолымен танысып, сұрақтарға жауаптар алды

Демалыс күндері өткен алғашқы  «BASTA» жастар форумына бүкіл облыстан 450 жас қатысты. Оның ішінде «Жас кәсіпкер» жобасының алғашқы түлектері, жұмыс істеп жатқан жас кәсіпкерлер және кәсіп бастауды армандайтын жастар болды. Форум қатысушыларын қарсы алған Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов биыл бастау алған «Жас кәсіпкер» жобасы жастар үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

 «Қазіргі таңда «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша тыңдаушылардың екінші легін оқыту жүруде. Жалпы 600 жасты оқумен қамту көзделген. Облыс бойынша 8 оқу сыныбы жұмыс істеп жатыр. Оқу аяқталған соң қыз-жігіттер жеке кәсіп ашуға қажетті грант немесе жеңілдікпен несие алуға мүмкіндікке ие бола алады. Бүгінгі форум «Жас кәсіпкер» жобасының түлектері табысты кәсіпкерлермен кездесіп, табыс тағылымдардан мотивация алып, қызықтырған сұрақтар қойып,  тілдесуі үшін ұйымдастырдық», – деді Абдолла Идресов.

Спикерлер қатарында – Нұр-Сұлтан қаласынан кәсіби спортшы, Alem fighters спортклубтар желісінің иесі, «Ардақ Назаров» қорының құрылтайшысы – Ардақ Назаров, сонымен қатар «Rocket Study» және «Atameken Academy білім беру платформаларының негізін қалаушы Арслан Дәрімов келді. Олар өз кәсіптерін қалай бастағандары, қандай қателіктерге орын беріп, оларды қалай реттегендері туралы әңгімеледі. Сонымен қатар жеке табыс тағылыммен облыс кәсіпкерлері де бөлісті.

 «Бизнесте табандылық пен төзімділік керек. Тәуекелдер әрдайым болады, оған дайын болу керек. Қателіктер мен олқылықтарды сынақ ретінде қабылдау керек, оларға шыдас беру абзал. Осы арлықта ауыртпалықты өткен соң, табысқа жеткенде сіз жеңістің шынайы дәмін татасыздар. Мен «Жас кәсіпкер» атты ауқымды жобаның бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын. Жастарымыздың көзінен ұмтылыс пен табысты болуға деген құлшынысты көріп отырмын. Бұл жарқын келешектің кепілі. «Жас кәсіпкер» көптеген болашақ кәсіпкерлерге жақсы бастама болатынына сенімдімін», – деді Ардақ Назаров.

Спикерлерге сұрақ қоям дейшілер көп болды. Жастар бастапқы капиталсыз бизнесті қалай бастау керек, қазір қандай салада кәсіпкерлікті бастау тиімді, мемлекет жас кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіп жатқаны туралы сұрақтар қойды.

Спикерлер сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беріп қана қоймай, ең қызықты сұрақ иелерін сыйлықтармен марапаттады. Мәселен, өзінің қызықты сұрағы үшін Исатай ауданының тұрғыны Перизат Темірова «Rocket Study»  және «Atameken Academy»оқу орталықтарының иесі Арслан Дәрімовтан елордаға барып, оқу объектілерімен танысу жолдамасын ұтып алды.

 «Форумға Махамбет ауданынан келдім, 4 баланы тәрбиелеп отырмын. Жолдасым екеуміз «Ержүректілер» қоғамдық қорын құрдық, ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарға спорт клубын аштық. Болашақта мен көп балалы және аз қамтылған отбасылардың ауылдарындағы балаларды спортқа баулып, біріктіруді қалаймын. Форум барысында құнды ақпарат алдым, әсіресе Ардақ Назаровтың сөзінен мотивация алдым. Ол білікті спортшы ғана емес, табысты кәсіпкер де. Тәрбиеленушілеріміз осы ағаларынан үлгі алса деп тілеймін», – деді форум қатысушысы Гүлден Өтепәлиева.

Форум соңында қатысушылар Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына аталған іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Тура осындай жастар форумы облыстың бес ауданында өтеді.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер